astana-view

Абылай Мырзахметов: «Түркістанның әр отбасында бір бизнесменнен болу керек»

2018 жылғы 14 Қараша
3586 просмотров

Түркістанда Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңсесінің салтанатты ашылуы өтті

Ашылу салтанатына «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нүкенов, Өңірлік кеңестің төрағасы Қайнар Абасов пен өңірдің бизнес-қоғамдастығы қатысты.

«Басты мақсатымыз – кәсіпкерлерді біріктіру мен жұмылдыру арқылы облыс экономикасын дамыту. Мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы Түркістан дамуына, атап айтқанда шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлуде. Осы бағытта Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру мақсатында Астана мен Алматыда жүзеге асқан үздік жобаларды осында пайдаланатын боламыз», – деді Абылай Мырзахметов.

 ҰКП Басқарма Төрағасы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысты. Өңірлік кеңес мүшелерімен жиын өткізіп, онда өзекті мәселелер мен бизнес субъектілерімен тиімді қарым-қатынас орнату жолдары талқыланды.

 «Мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасын басқаруға орынбасарымды (Олжас Қаржауов – ред) жер учаскілерін суландыру, шағын және орта бизнеске жер бөлу, техникалық шарттарды беру мәселелерін шешу мақсатында жіберіп отырмын. Директордың алдына барлық мемлекеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіп, олардың тиімділігін сараптау міндеті қойылған. Осыған байланысты бизнес өкілдерін шетте қалмай, жаңа құрылыған дирекциямен тығыз байланыс орнатып, оның ішінде «Жеке кабинет» сервистері арқылы кері байланыс орнатуды сұраймын», – деді Абылай Мырзахметов.

Өз кезегінде Өңірлік кеңестің мүшелері жергілікті бизнесті алаңдатқан тариф құру мәселесі ескеріліп, тиісті талдау жасалып, Үкімет деңгейіне дейін көтерілгені үшін «Атамекенге» алғыстарын білдірді. Күні кеше Мемлекет басшысы монополияларға қарсы органдарға тарифтерді төмендету бойынша шара қолдануды тапсырды. Бұл мәселе Ұлттық палатаның қатаң бақылауында болады деп мәлімдеді  «Атамекен» Басқарма Төрағасы.

  Абылай Мырзахметов бизнесті жүргізу жағдайын жақсарту мен қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатында  Кәсіпкерлер палаталарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары іске қосылғанын атап өтті. Әр бизнесмен қажетті қызметті тегін әрі қысқа мерзімде ала алады. Басқа қолдау шаралармен бірге бұл мүмкіндік өңірдегі кәсіпкерлік бастамаларды күшейтуге жол ашады.

 «Кәсіпкерлер палатасы тарапынан сенімді көмекшіні табасыздар. Түркістанның әр отбасында бір бизнесменнен болу керек», – деді Абылай Мырзахметов.

Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі. Палатаның Өңірлік кеңесіне төраға болып  Кайнар Абасов сайланды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры болып Олжас Қаржауов тағайындалды. Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы туралы толық ақпарат turkestan.atameken.kz сайтында жарияланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер