astana-view

Ақтөбеде бухгалтерлерге арналған жиын өтті

2018 жылғы 20 Қараша
- Ақтөбе облысы
5946 просмотров

Ақтөбеде есепшілер мен қаржы саласының мамандарына арналған ауқымды шара өтті. Тәжірибелі мамандар әріптестеріне бухгалтерлік есеп және салық мәселелері жөнінде түсінік берді.

Кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға 100-ге жуық сала мамандары қатысты. Жиында республикаға белгілі аудит және салық кеңесшілері баяндама жасады. Мәжілісті «Ақтөбедегі есепшілер мен аудиторлар үйі» ЖШС және Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Есепшілер клубы ұйымдастырды. Құрамына 250 есепші маман кіретін бухгалтерлер клубының жұмыс жасағанына 2 жыл болды.

«Бұл шара әріптестер арасында тәжірибе алмасу ғана емес, Ақтөбенің қаржы және есепші мамандарының біліктіліктерін көтеруге және өзара іскерлік қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді деп есептеймін. Клуб мүшелері палатада өткізілетін барлық семинарлар мен талқылауларға белсенді қатысады. Жаңа Салық кодексі бизнестің пікірін есепке ала отырып жасалғандықтан, қандай да бір өзгертулерге өз ұсынысымызды білдіріп отырумыз – өте маңызды. Салық кодексіндегі салық органдарының тексерісіне негіз болатын жағдайларды 30 пайызға дейін қысқарту Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған болатын», – деп атап өтті «Атамекен» ӨКП директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Ақтөбе облысының есепшілеріне арналған жиын «ҚР аудиторлық қызмет туралы» заңының 20 жылдығына орай өткізілді. Мәжілістің тақырыбы: «21 ғасырдағы аудиттің даму үдерісі, бухгалтерлік есеп және салық салу саласындағы заңнамалардағы өзгерістер» деп аталды. Жиынның басты мақсаты салық салудағы өзекті мәселелер жөнінде түсінік беру болды.   

«Біз есепшілер мен қаржы директорларына, бизнес басшыларына арналған осындай ауқымды шараларды тегін өткіземіз. Жоғары білікті мамандар әріптестеріне жаңа жылда заңнамалардағы өзгерістерге сай жұмыс істеуді үйретуде» – дейді  «Ақтөбедегі есепшілер мен аудиторлар үйі» ЖШС директоры Әлібек Шамаров.

Сондай-ақ, шараға қатысушылар қазіргі кезде кез-келген ұжымда қолданылуы тиіс қаржылық есептің жаңа халықаралық стандарттары, электронды шот-фактуралар, виртуалды қойма, ҚҚС бақылауда онлайн кассалық аппараттарды қолдану секілді жаңашылдықтардан хабардар болды.

«Бұл кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Бұрын фискальды органдар камералық бақылауды жүргізу үшін кассалық аппараттарды алып келуді сұрататын немесе өздері келуге мәжбүр болса,  онлайн кассалық құрылғыларды қолдану арқылы сауда түсімі біздің серверге тікелей жолданады. Салық төлеушілер еш қиналмайды. Олқылықтар орын алған жағдайда біздер оны көріп отырамыз да салық төлеушіге хабар береміз. Ол оны орнында отырып-ақ түзете алады. Бүгінгі күні кәсіпкерлік қызметтің 60-70% онлайн кассалық аппараттармен жабдықталған. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, онлайн бақылау кассалық аппараттары барлық қала базарларының сауда қатарларына қойылатын болады. Бұрын олар қолданбайтын. 2020 жылдан бастап, кассалық аппараттар барлық патентшілерге міндеттеледі»,-деп мәлімдеді Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Арыспаева.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушыларға бизнес өкілдеріне тегін қызмет көрсететін «Кәсіпкерлердің жеке кабинеті» электронды порталы таныстырылды.

«Кәсіпкердің жеке кабинетін қолдану оңай әрі қолжетімді.  Сabinet.atameken.kz сайтына кіріп, тіркеуден өткен әрбір кәсіпкердің күнделікті қажетті ақпараттар мен қызметтерді үздіксіз алуына толық мүмкіндік бар. Соның ішінде, жұмыс барысында жиі қолданылатын құжаттар үлгісі де ұсынылады. Қазіргі уақытта бірнеше сервис жұмыс істеп тұр», – дейді «Атамекен» ӨКП қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ержан Нұрғалиев.


Жиын барысында тыңдаушыларға ақпараттық материалдар таратылып, есепшілердің қызметінде кездесетін мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап берілді. Сонымен қатар, қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы сертификаттар берілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер