astana-view

Тауарларды таңбалау мәселелерін талқылауға арналған жобалық кеңсе құрылды

2018 жылғы 12 Желтоқсан
5821 просмотров

Контрафактілік және контрабандалық өніммен күресу мақсатында Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одақ территориясында тауарларды таңбалау жүйесін енгізудің өзекті мәселелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында талқыланды.

Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева және ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың төрағалығымен, бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың қатысуымен өтті.

 «Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақта сәйкестендіру арқылы тауарларды таңбалау туралы келісім ЕАЭО-ға мүше үш мемлекетпен ратификацияланды. Қазақстанда ратификациялау үдерісі аяқталуға жақын. Пилоттық жобалар жүргізіліп жатыр, сонымен қатар жаңа пилоттық жобаларды жүргізу туралы, оның ішінде қазақстандық бизнестен ұсыныстар түсуде», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Ресей Федерациясы Келешекті технологияларды дамыту орталығының өкілі Дмитрий Скорчелетти хабарлауынша, Ресей Федерациясында криптографиялық қорғанышты пайдаланумен тауарларды таңбалауды енгізу бойынша жұмыс белсенді жүріп жатыр. Қазіргі таңда аяқ киім өнімі, темекі өнімдері және дәрі-дәрмектер бойынша пилоттық жобалар іске қосылған. Сонымен қатар сүт өнімдері мен парфюмдік заттар, шиналар, минералды, шөлмекке құйылған су, соынмен қатар сыра бойынша пилоттарды енгізу дайындық үстінде. Бұдан бөлек мотор майлары, балалар тамағы, кабельді өнім, құбырлар, микроэлектроника, шай, бакалея, уылдырық және басқа өнім топтары пилоттық жобаларға енгізу мақсатында қарастырылып жатыр.

Ресей Федерациясында дәрі-дәрмектерді таңбалау пилоттық жобасына қатысушы – «Такеда» компаниясының өкілі: «пилоттар барысында криптографияны пайдалану кезінде ақауы бар өнім саны көбейіп кетті. Ауқауы бар өнімді 0%-ға дейін азайту үшін компанияға еңбек өнімділігін бірнеше есе (!!!) төмендетуге тура келді», деп атап өтті.

Юлия Якупбаева халықаралық стандарттардан ерекшелігі бар тауарларды таңбалау жүйесін енгізу импорт пен экспортқа айтарлықтай кедергі болуы мүмкіндігіне назар аударды. Осы реттте Қазақстан дәрі-дәрмек бойынша импортқа тәуелді болғандықтан бұл жайт науқастарға ауыр тию мүмкін. ҚР-ға сапалы препараттарды жеткізетін ірі компаниялар өз өнімдерін қайта таңбалауына кепілдік жоқ.

«Таңбалау кезінде криптографияны қолданудың қаншалықты орынды екені туралы шешім  пилоттық жобаларды жүргізгеннен кейн қабылданатын болады. Ұлттық заңнамада нормалар енгізілуде, оларға сәйкес міндетті таңбалау тек қана пилоттық жобалардың нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын болады», – деді Руслан Еңсебаев.

Жиын шеңберінде аяқ киімды таңбалау бойынша қазақстандық тарап ұсынған  пилоттық жобаны енгізу талқыланды.  

 «Жеңіл өнеркәсіп секторында контрафактілі және контрабандалы өнімнің үлесі өте жоғары. Адал жұмыс істейтін бизнес таңбалау бойынша пилоттық жобаға қатысуға дайын, бірақ өкілетті орган адал бизнес қосымша ауыртпалықты өзіне жүктеп, ал заңсыз нарық ары қарай жұмысын жалғастыра беретін ситуацияны болдыртпау үшін бақылауды күшейтуі керек», – деп атап өтті «ҚР жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова.

 Бұдан бөлек, бөлшек желілерді онлайн деректерді сақтай алатын кассалық аппараттармен қамту және аппараттармен келесі жылы жабдықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс мәселелері талқыланды.

 «Тауарды таңбалау мен бақылаудың кез келген жүйесі бөлшек сауда мен тұтынушылар барынша көп тартылған жағдайда ғана тиімді болады. Бөлшек сауданы цифрландыру керек, сонымен қатар тұтынушылар тексеруге  арналған кодтарды тануға қызығушылық танытулары үшін оларды ынталандыру қажет», – деді Қазақстан кәсіпкерлері форумының өкілі Рүстем Сыздықов.

 Таңбалау жүйесін енгізу тым қымбат процедура екенін ескерсек, бизнес өкілдерін қаржы моделі жағы алаңдатты.

 «Таңбалау жүйесінің қаржы бөлігі маңызды болып отыр, өйткені негізгі ауыртпалық отандық бизнеске түскелі тұр, ал таңбалаудан пайданы өкілетті органдар бақылау механизмі есебінен көреді, сондықтан бизнесті қолдау шараларын қайта қарау қажет», – деді «Атамекен» Басқарма Төрағасының орынбасары.

 «Тауар топтары бойынша кәсіпкерлерді қолдаудың мақсатты бағдарламаларын әзірлеу  бойынша жұмыс жүргізілуде, оның нәтижесінде таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданады», – деді Рустан Еңсебаев.

Тауарларды таңбалау жүйесін енгізу мәселелерін талқылау қорытындысы бойынша  Юлия Якупбаева қазіргі таңда таңбалауды енгізу негізінен өндірушілер және өкілетті органдармен талқыланып жатқанын айтты. Алайда талқылаулар тиімді болуы үшін бизнес-процеске қатысы бар барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде бөлшек сауда кәсіпорындары, логистер, дистрибьютерлер мен импорттаушыларды жұмылдырған жөн болады деп атап өтті.

   Бұл мақсатты орындау үшін «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында жобалық кеңсе құрылды, оған қатысуға барлық мүдделі компаниялар шақырылуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер