astana-view

Нұрсұлтан Назарбаев: «Ауылдың әлеуеті бар»

2019 жылғы 27 Ақпан
5478 просмотров

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде  Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын жаңа мамандықтарға оқытуды және ауыл тұрғындарына қолжетімді шағын несиелерді беруді тапсырды

«Ауылдарды өмір сүруге қолайлы мекенге айналдыруымыз керек. Кезінде Қытай қалай индустриялауды қандай жолмен бастады?  Олар ауылдық жерлерде өнеркәсіпті, тіпті электроникаға дейін дамыта бастады, әр салаға жауапты адамдарды бекітті. Әрбір ауылда міндетті түрде жұмыс орны ашылуы керек. Қазіргі таңда «Атамекен» бұл бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр. Қарапайым тұрғындарға көп дүние қажет емес. Оларға лайықты жұмыс беріп, жұмысына сай жағдай жасасақ ауылдарынан ешкім үдере көшпес еді.  Сондықтан да ауылдық жердің өмір сүру салтын жақсартуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қажеттілік болса ауыл тұрғындары үшін мемлекеттік бағдарламалар құрып,  жеңілдетілген микронесиелеу бойынша тегін мамандықтарға оқыту керектігін айтты.

«Осыған байланысты Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін ұсыныстар әзірлеуді және ұсыныстармен қатар осы бағытта қаржыландыру бойынша 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Бұл шаралар жастардың ауылда қалуына себеп бола алады. Баспана мен жол салып, әлеуметтік нысандарды тұрғызып, шағын және орта бизнесті дамыту керек. Ауылдың да өзінің әлеуеті бар. Ол үшін өңдеу өнеркәсібін дамыту керек. Елімізде үлгілі ауылдар жетерлік», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке, әкімдіктер, «Нұр Отан» партиясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауылды жерлерді көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар жеке кәсіп бастауы үшін оларды несиелеуді тапсырды.

«Атамекен» ҚР ҰКП жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың кәсіпкерлік қызметпен айналысуын қамтамасыз ету мақсатында «Бастау» жобасын жүзеге асыруда. Былтыр Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 160 аудан және 40 қалада 28345 адамды бизнес негіздеріне оқытты. Оның ішінде 7,6 мыңнан астам адам жеке кәсіп ашып, немесе бизнестерін кеңейтті. Осы ретте бағдарламаның 2017 жылғы тыңдаушыларының 95%-ы кәсіп жүргізіп, салық төлеп отыр, бұл көрсеткіш жүзеге асқан  бизнес-жобаларлың нәтижелілігін дәлелдейді.

 Осы ретте «Атамекен» бизнес негіздеріне оқытып қана қоймай, «Бастау» түлектерінің іске қосылған жобаларына сүйемелдеу көрсетеді. Ал қолдау барынша қолжетімді әрі ыңғайлы болуы мақсатында ҰКП Atameken.Servicec платформасын іске қосты. Платформа арқылы кәсіпкер кеңсе немесе үйден шықпай-ақ өзіне қажетті салық есептілікті дайындау мен тапсыру, маркетингтік зерттеулер, несие алуға онлайн өтінім беру, заңгерлік қолдау және басқа да пайдалы қызметтерді ала алады.

 Несие халыққа қолжетімді болуы үшін «Атамекен» өңірлерге жеңілдікпен (жылдың 6%), кепілзат бойынша талаптары төмен несие берілетін шағын несиелеу ұйымдарын құру туралы бастаманы көтерді. Қазіргі таңда осындай 4 шағын несиелеу ұйымы жұмыс істеп жатыр, тағы 10 ұйым  2019 жылы ашылады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер