astana-view

Жетістікке жету жолы

2019 жылғы 11 Наурыз
2349 просмотров

«Қазақ тілі қашан бизнес тілі болады?» деп жүргенімізге біраз жылдың жүзі болды. Жауабы тым қарапайым сұрақ. Қазақша ойлап, қазақша түс көретін жігіттер бизнесте белгілі бір дәрежеге жеткен кезде бұл сұрақ өздігінен күн тәртібінен түсіп қалмақ.

"Қазақша іскерлік әдебиеттерді шығаруды мақсат ететін "Muqaba" баспасы «JETISTIK» форумын өткізгелі жатыр" дегенді естіген соң, жексенбі екеніне қарамай, жетістікке жеткен жігіттердің әңгімесін өз аузынан тыңдамақ ниетпен біз де Астана қаласындағы Оқушылар сарайын бетке алдық.

Ұйымдастырушылар спикерлерді сәтті таңдаған екен. Аттарынан ат үркетін жігіттер. Міне, өзіңіз оқыңызшы:

Ерлан Әшім – сүт саласындағы "Nәtige" брендінің (сүт өнімдерін шығаратын екі зауыт) және  "220 VOLT" тоқ өнімдерін шығаратын шағын зауыттың және осы саладағы дүкендер желісінің иегері.

Амангелді Мұқашев - ауыл шаруашылығында шаруасын дөңгелетіп жүрген кәсіпкер. «Астра Агро LTD» компаниясының негізін салушы. Асыл сұрыпты картоп егумен айналысады. Бұдан бөлек бидай, жоңышқа, арпа секілді түрлі дәнді дақылдарды егеді, асыл тұқымды аналық және аталық малдар өсіреді.

Ерлан Андасбаев - дестрибуция, қойма логистикасы саласының белді маманы. «Coco Cola» сусынын еліміз бойынша тасымалдау құқығын алған ең алғашқы кәсіпкер.

Осындай адамдармен көзбе-көз кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарын қойғысы келетін көпшілік бұл форумнан қалыс қалмады. Кәсіпті неден бастау керектігіне, қандай тәуекелдерге бару керектігіне және кәсіпкер болам деген адамға қандай қасиеттер керектігінің жауабын спикерлер ел алдында отырып, ашық әңгімеледі.

«Мейлі кәсіпкерлікте, мейлі басқа жолда жетістікке жетем деген адамға  табандылық, адалдық, шыдамдылық, адаммен тіл табыса білу қабілеті және тез шешім қабылдай білу қабілеті керек».

Бұл  осы форумға келген үш спикердің қорыта айтқан ойы. Жетістікке жеткің келсе – тәуекел ет, өз ісіңді баста!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер