astana-view

Сатып алуларға тек шынайы тауар өндірушілер қатысуы тиіс – Тимур Құлыбаев

2019 жылғы 15 Наурыз
4257 просмотров

Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ІІІ Республикалық форумында «Атамекен» сатып алудағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірнеше жаңа құралын ұсынды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың басты факторлары тауар бағасының немесе қызмет ақысының жоғары болуы, бір көзден сатып алудың кеңінен таралуы және баға демпингінде.

«Атамекен» квазимемлекеттік секторды қоса алғанда сатып алудың 5 алаңын бірден біріктіретін «Біріңғай сатып алу терезесін» құруды ұсынған болатын. Осылайша, әлеуетті тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілер сатып алуда  өздерін қызықтырған тауар түрлерін, аймақтарды, баға және көлем жайлы ақпараттарға қол жеткізе алады.

«Былтырғы мемлекеттік сатып алуларды жүйе арқылы қарар болсақ, жалпы көлемі 4,4 трлн теңгені құрайды. Оның 75% конкурстан тыс, яғни бір көзден сатып алу арқылы жүзеге асқан. Бағамдап қарасақ, конкурс арқылы сатып алу мен бір көзден сатып алу бағасының айырмашылығы 30% дейін жетеді», - деді Тимур Құлыбаев.

Онымен қоса, қаржылай не болмаса басқада ресурстары болмаса да сатып алу тендеріне қатысатын бір күндік фирмаларға тосқауыл қою керектігін де баса айтты.

«Бизнесін адал жүргізіп отырған жеткізушілер тізілімін құруды ұсынамыз. Бұл саладағы жемқорлықты мейілінше төмендету мақсатында, сатып алуларға тек  шынайы тауар өндірушілер қатысуын талап етеміз. Сондай-ақ, бұл жүйе  тауарды «бағаның орта дәлізінен» жоғары бағада алып жүргеніндерді де анықтап береді», - деді «Атамекен» басшысы.

Қорыта айтқанда, сатып алуға қатысу – импортты алмастырудың бірден-бір мүмкіндігі.

«Қажетті тауарлар мен қызметтердің көлемін анықтауды  әлдеқашан ұсынған болатынбыз. Ұзақ мерзімді келісімшарттарға апаратын мемлекеттік сатып алулар, квазимемсекторлар сатып алулар арқылы Қазақстан аумағында өндірістерді дамыта аламыз. Осы мәселелер жіті  бақылауымызда. Отандық өндірушілерге сатып алу жүйесінің барынша түсінікті және ашық болуы бағытында жұмыстар жүргізе бермекпіз», - деді  Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа осы жылдар ішінде бірлесіп атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, алда үлкен істер күтіп тұрғанын баса айтты. Жаңартылған Жол картасы бойынша бірлескен жоспарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы және оны болдырмау жолдарының нақты іс-шаралары, сондай-ақ, атқарылған істердің индикаторы мен үнемі бақылауда болуы  бекітілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер