astana-view

Еңбек кодексіне енген өзгерістер бізге не береді?

2019 жылғы 27 Наурыз
3335 просмотров

Жұмыс уақытындағы қауіпсіздік жағдайларының жасалмауына жұмыс беруші кінәлі болса, сақталмауына жұмысшының да кінәсі бар. Бұның шешімі ретінде қандай жүйе құрылу керек? Бұл мәселе бүге-шігесіне дейін  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің отырысында талқыланды.

Комитет басшысы Талғат Доскеновтың айтуынша бүгінгі таңда Еңбек кодексін жетілдіру мақсатында көп шаруалар атқарылуда. 2018 жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, мемлекеттік инспекторлар 8,7 мың тексеріс жүргізіп, 12 мыңға жетер-жетпес заң бұзушылықты анықтаған.

«Еңбек қарым-қатынасы саласының өзінде 9 мыңға жуық заң бұзушылық орын алған, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша - 2 486. Жұмыс берушілерге  5 мың ескерту жасап, жалпы соммасы 402 млндық 2 мың айыппұл салынған. Сондықтан да, жұмыс барысындағы зардап шегу жөніндегі ақпараттарды алу кезінде жасырынбақ ойнаудың қажеті жоқ. Мәліметтер жайлы анализдер жасалып, еңбекті қорғауға жауап беретін тұлғаларды оқытуымыз қажет»,- дейді Талғат Доскенов.

Сондай-ақ, Талғат мырза Заң жобасын халықаралық әдістерге сүйене отырып анализдеу және жетілдіру керектігін де баса айтты. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобасын енгізген болатын.

 «Аталмыш жұмыстар 2018 жылы басталған болатын. Жұмыс тобына «Атамекеннің» өкілдері,аккредиттелген жеке кәсіпкерлер және ірі кәсіпорындардың өкілдері кірген болатын.  Жұмыс тобы 60-қа жуық отырыс жасап, Еңбек Кодексіне 200ден аса түзетулер енгізуді қарастырдық», - дейді Еӊбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетініӊ төрағасы, Бас мемлекеттік еӊбек инспекторы Ахмади Сарбасов

Нәтижесінде заңнамаға 100-ден астам түзетулер енгізілген. Басты өзгерістер мен толықтырулар мына сұрақтар төңірегінде:

- еңбек қатынасына байланысты;

- әлеуметтік серіктестіке байланысты;

- қауіпсіздік және еңбекпен қорғау.

Атап айтсақ, еңбек қарым-қатынасындағы іссапардағы қызметкерлер нормасы, электронды еңбек келісімшарты, әлеуметтік кепілдіктер секілді сұрақтар өз  шешімін тапқандай.

Дегенмен, барлық толықтырулар мен түзетулер бірауыздан мақұлданды дей алмаймыз. Бұл толықтырулар мен өзгертулер жұмыс тобының ескертулерінің барлығы бір жерге шоғырланған соң енетін болады.  

Талғат Доскеновтың айтуынша бұл өзгерістердің көпшілігі кәсіпкерлер тарапынан алаңдатушылық тудыруда. Кәсіпкерлер сатылап болса да еңбек қауіпсіздігінің сақталуына көшіп жатыр. Дегенмен, заманауи технологияларды бизнеске енгізу қосымша қаржы шығындарына тірейтіні де рас.

Сондай-ақ, отырысқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің азаматтық және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, доцент Мүслім Хасенов те қатысқан болатын.  Ол бұл мәселеге өзінің ғылыми көзқарасын білдірді. Мүслім мырзаның айтуынша стратегиялық түрлі бағдарламалар жасалғанымен, олардың іске асуының механизмі қалыптаспаған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер