astana-view

Туроператорлар дауы. Ұтатын кім, ұтылатын кім?

2019 жылғы 02 Сәуір
838 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП туристік сала Комитеті бірнеше туроператорлардың басын қосып, осы салада шу тудырған даулы мәселені талқылады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, дау 2016 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 608 Қаулысымен құрылған «Туристік Қамқор» Корпоративтік Қоры айналасында.

Бұл қордың негізгі мақсаты шетелдерге сапарлап барған отандастарымыздың түрлі жағдайларға тап болып, елге қайта алмай қалғанында көмек қолын созу. Қор қаржысы осындай мақсаттарға жұмсалуы тиіс. Сыртқы туризммен айналысатын туроператорлар бұл қорға аз ақша салып отырған жоқ. Әділін айта кету керек, еліміздегі барлық туроператорлары бұл қорға ақша аударып отырған жоқ. Ал Қорды құрудың маңыздылығы неде? Мәліметке көз салайық:

2012 жылы «OnTravel» туроператоры арқылы ұшқан 450 турист Грециядан; 2013 жылы   «Qualitumtur» туроператоры арқылы ұшқан 620 турист Түркиядан; 2014 жылы «ГульнарТур» арқылы ұшқан 4250 турист Түркиядан; 2015 жылы «TravelSystem»арқылы ұшқан 7400 турист тағы да сол Түркиядан елге қайта алмай қалған. Барлық жағдайларда отандастарымыз мемлекеттің тікелей кірісуімен, мемлекет қаражатының күшімен елге қайтарылған.

«Атамекен» ҚР ҰКП Туристік сала комитеті төрағасы Павел Казанцевтің айтуынша «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заң бойынша сыртқы туризммен айналысатын туроператорлар бұл қорға кіруі міндетті. Дәл қазір Парламент қабырғасында жатқан бұл заң бойынша туроператорларға «Туристік Қамқор» қорына жарна төлеу міндеттелмек.

«Туроператорларға берілетін лицензияны екі түрге бөлу керек.  Мәселен, менде бұл лицензия бар. Бірақ, сыртқы туризммен айналыспаймын. Елге келген туристтерді күтіп алумен айналысамын. Неліктен мен жылына пәленбай млн қаражатымды желге шашуым керек?»,- деп налыды «Байтақ Болашақ» Экологиялық альянсының Астана филиалының директоры Қанат Елеусізов

Қор қаражатының ашық болуы жайлы да көп әңгіме айтылды. Қорға мүше болмаған, жарна төлемейтін туроператорлар «Қордың ақшасы қайда кетіп жатқаны бізге беймәлім, ондай қорға ақша салудың пайдасы не?» деп мәселені көлденеңінен қойды.

«Қордың қаражаты оңға-солға бейберекет шашылмайды. Біздің де басымыз екеу емес. Қор құрылғаннан бері екі тексерістен өттік. Барлығы заң аясында. Тексеріс қорытындысы қолымызда. Қордың негізгі мақсаты қиын жағдайға душар болған отандастарымызды тығырықтан шығару. Ақша тек осы бағытқа жұмсалады», - деп ант-су ішті «Қазақстан туроператорлары Қауымдастығы»  директоры Инна Рей.

 

Отырысқа ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов та қатысқан болатын.

«Қордың мақсаты айқын. Қор өз жұмыстарын тамаша атқаруда, әлі де атқара бермек. Ал, заң қабылданып кетпей тұрғанда өздеріңізді алаңдататын сұрақтарға, қандай түзетулер енгізуіміз керектігіне назар аударып, бізге тезірек жібергендеріңіз дұрыс», - деді вице-министр.

Қордың айналасында қордаланған мәселелерге байланысты бірнеше туроператорлар «Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевқа хат жазған екен.

«Бүгінгі отырысқа байланысты қорытынды ой айтар болсам. Бизнес өкілдері өздері енгізгісі келетін түзетулерін бізге ұсынсын. Осының бәріне екі апта уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Сол өзгертулерді ескере отырып, біз қажетті  органдарға тапсырамыз.»,- деп Олжас Ордабаев отырысты қорытындылады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер