astana-view

«Кәсіпкерлерге арналған Үкімет»: Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Атамекеннің» жаңа жобасы таныстырылды

2019 жылғы 12 Сәуір
7351 просмотров

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасында ашылған алғашқы «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» жобасының  жұмысымен танысты

Жобаны таныстырған «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесті қолдау мен дамытудың барлық шараларын «бір терезе» қағидаты арқылы ұсыну жобаның мақсаты екенін атап өтті. 

«Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» жобасы арқылы  жеке бизнесті дамыту, біліктілікті жоғарылату, қаржыландыруға қатысты консультациялар мен кең ауқымды қызмет түрлерін алуға болады.

 «Кәсіпкерлердің барлық қызметтерді  «бір терезе» қағидаты бойынша алуына жағдай жасалған. Ең бастысы кез келген мәселенің күрделілігіне қарамастан, бизнес қайда барып көмек сұрау керектігін нақты білетін болады. «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» арқылы бизнестің   бірыңғай хабын құрамыз. Бұл жұмыс, жалпы, ел экономикасына оң әсер ететін болады. «Атамекен» келешекте аталған жобаны барлық өңірлерінде іске қосуды жоспарлап отыр», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

«Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» – қаржыландыру, өнімді сату мен өткізу, цифрлық қызмет көрсету, құқықтық сүйемелдеу және бизнеске оқыту сынды бес негізгі бағыттан тұрады.  

«Қаржыландыру» аймағында – «Атамекен» микроқаржы ұйымы, Аграрлық несиелендіру корпорациясы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Каспий» ӘКК және екінші деңгейлі банктер қызметтері ұсынылған.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы атап өткендей, қолданыстағы қаржылық құралдардың тиімділігі туралы өзекті ақпаратты бизнеске ұсынып отыру үшін барлық қаржылық шараларға үнемі мониторинг жасалынады. Сонымен қатар бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайды қалыптастыруға бағытталған  заңнамалық актілерге ұсыныстар пакетін жинақтау жоспарланған.

 «Өнімді сату мен өткізу» аймағында – бизнеске арналған маркетинг, бухгалтер қызметі, экспорттық сүйемелдеу, тауар өткізу тізбектері, мемлекеттік сатып алу, CT KZ сертификатын беру, бизнес және сауда саласы бойынша  қызметтер көрсетіледі. «Құқықтық сүйемелдеу» аймағында – кәсіпкерлердің құқығы және заңды мүдделерін қорғау қызметі ұсынылады.  Ал «Оқыту» аймағында – бизнеске оқыту бағдарламалары және жобалары туралы ақпарат қамтылған.

Әрине, жаппай цифрландыру дәуірінде бизнес өкілдері электронды форматты  белсенді қолдануда. Бұл жағдайда  «Atameken services» порталы қажетті құрал болып табылады.  Сонымен қоса     «Цифрлық қызметі» аймағы да ашылған. Онда кәсіпкерлер онлайн режимінде оқуға қатысып, 8 бағыт бойынша сервистік қызметтерді алып, қажетті қаржыландыруға өтінім бере алады.

Абылай Мырзахметов бизнесті ашу және кәсіпті жүргізуге қолайлы жағдай жасауда жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін  анықтайтын бағалау рейтингі жобасына  тоқталып өтті.  

 Президентке өңірде өткізілген рейтинг нәтижесі таныстырылды. Әкімдіктердің жұмысы жер ресурстары (бекітілген бас жоспарлар және жер телімдері туралы ақпараттың ашық қолданыста болуы), рұқсат беру процедуралары (келісімделген жобалар үлгісінің  үлесі, техникалық  шарттар мен кері қайтарылған сәулет-жоспарлау тапсырмаларының үлесі, жобаларды мақұлдаудың орташа мерзімі және т.б.) қаржыға қолжетімділік (бюджет және қаржы институттарынан қаржыландырылатын жобалардың сомасы және т.б.), инвестициялар (тартылған инвестициялар көлемі және т.б.) және адами капиталды дамыту (еңбекпен қамту, дуальді оқыту, кәсіби бағдар) сынды көрсеткіштер бойынша бағаланады.  

«Бұл қызметтің толық тізбегі емес. Бірақ, мемлекеттік органдар және әкімдіктер басшыларының жауапкершілігін арттыру қажет деп санаймыз», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Басқарма Төрағасының  айтуынша, мұндай көрсеткіштер Өңірлік кәсіпкерлер палаталарының аудандық филиалдары директорларының жұмысын бағалауда да қолданылатын болады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде «Бастау» жобасы арқылы жеке бизнесін ашқан кәсіпкерлермен де кездесті. Солардың бірі – Алтынгүл Қауқарова. Ол кәсіпкерлік негіздерінен білім алып, Шетпе ауылында балабақша ашқан. Бұл кәсіпті ашуға бөлінген 10 млн теңге несие «Атамекен» өңірлік микро қаржылық ұйымынан бөлінді. Түпқараған ауданынан Айтөре Бұхаева тіс емдеу кабинетін ашқан. Бұл тұрғындарға да тиімді, осылайша аудан аумағынан ұзамай-ақ кешенді ем қабылдай алады. Құрық ауылынан жобаға қатысқан жас кәсіпкер Көмекбай Қойбағар түйе шаруашылығын қолға алған. Қазір ауыл халқын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

«БАСТАУ» ТҮЛЕКТЕРІНІҢ БИЗНЕС-ЖОБАЛАРЫ

2018 жылы өңірдің 1056 тұрғыны  «Бастау» жобасына  қатысып, оның ішінде 305 қатысушы жеке кәсібін бастап, 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

Маңғыстау облысындағы бизнестің даму қарқыны жайлы қосымша ақпаратты  Маңғыстауда бастау алған бірегей жобалар материалынан оқи аласыздар.

Фото: Бауыржан Жуасбаев 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер