astana-view

Аяқ киім таңбалау:Ресей тәжірибесінің Қазақстан бизнесіндегі мүмкіндіктері

2019 жылғы 18 Сәуір
3827 просмотров

Тауар таңбалау саласы үшін 2019 жылдың басы Қазақстан Республикасында бұл үдерістің құқықтық негізін нығайтумен есте қалды.Атап айтқанда 2019 жылдың 2 сәуірінде ҚР Президенті Қазақстанда тауарларды ұлттық таңбалау мәселелеріндегі бірқатар құқықтық кемшіліктерді түзейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Бұл ретте таңбалау бастамасы Еуразия экономикалық кеңесі аясында жүзеге асырылып отырғанын және Ресей Федерациясында таңбалау рәсімінің құқықтық негізін қалау және тікелей енгізу бойынша жұмыстар ұлттық деңгейде 3 жылдан аса жалғасып келе жатқанын, ал қазақстандық бизнес осы кезге дейін тек 2017-2018 жылдары тері бұйымдарын таңбалау жөніндегі сынамалы жобамен танысқандығын айта кету қажет.

Анықтама: ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, сынамалы жоба жүргізілген уақыт ішінде тауарға декларация рәсімдеген тері бұйымдарын импорттаушылар саны 23%-ға өскен (63%-дан 78%-ға), импорт бойынша кеден бажы мен салығының түсу өсімі 70%-ға артқан (170 млн. теңгеден 283 млн. теңгеге), бұл қызмет бойынша ішкі салықтың түсу өсімі 182,9 млн. теңгеге дейін бір жарым есе артқан.

Оның үстіне тері бұйымдарын таңбалау жеңілдікпен салық салуды қолдану мақсатында кірісін азайтып көрсетіп жүрген салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік берді. Мысалы, патент негізінде жұмыс істеп жүрген субъектілер саны 6,2 есе қысқарды (248-ден 28-ге).

Қазір Қазақстан Республикасында аяқ киім өнімдерін таңбалау жөніндегі сынамалы жобаны іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай Ресей тәжірибесін таныстыру, Ресейде тауар таңбалау бойынша жұмыс құрылымын егжей-тегжейлі қарастыру мақсатында, Қазақстан Үкіметі тауар таңбалау бойынша уәкілетті орган деп белгілеген ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қазақтелеком" акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ресей Федерациясының тауар таңбалау жөніндегі бірыңғай операторы ретінде заңнамалы уәкілеттігі бар "Келешекті технологияларды  дамыту орталығы" жауапкершілігі шектеулі операторын шақырды.

Осы жылдың 12 сәуірінде болған кездесу барысында  ҚР ИИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Төрағасы Арман Шаққалиев Министрліктің республикадағы тауарларды таңбалау және бақылау мәселелері жөніндегі реттеуші орган болып белгіленгені туралы айтты. Бағыт бойынша жұмыс жоспары, оның ішінде Таңбалау және бақылау бойынша сынамалы жобалар жүргізудің жол картасын жасау, Еуразия экономикалық кеңесі құрамындағы елдердің аяқ-киім таңбалау жөніндегі сынамалы жоба жүргізу жоспары туралы айтылды.

Қазақстан кәсіпкерлігі бұдан бірқатар тәуекел көріп, тауар таңбалауды енгізуге деген дайындық деңгейінің төмендігіне, енгізудің ойға қонымдылығы мен жоспарланып отырған таңбалауды жүзеге асыру механизмдерін  егжей-тегжейлі талдау қажеттілігіне, алдағы таңбалауға байланысты қазақстандық бизнеске кететін қосымша шығындарды мейлінше азайту мүмкіндіктеріне қатысты қорқыныштарын білдіріп жатқанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ кездесу барысында бизнес аяқ киім өнімдерін таңбалауды енгізуге қатысты, оның ішінде импортқа, трансшекаралық тасымалдауға, бөлшек саудаға, инфрақұрылымға, жобаның қаржылық моделіне, Еуразиялық экономикалық Одақ елдерінің таңбаларын өзара мойындауға және т.б. байланысты басты мәселелерін белгіледі.

Аталмыш кездесуде ресейлік "Келешекті технологияларды  дамыту орталығы" жауапкершілігі шектеулі операторының бас конструкторы А.С. Гавердовский Ресей Федерациясында қабылданған әкімшілік және IT-шешімдер үдерістерінің құрылымы және т.б. туралы баяндама жасап, Ресейде тауар таңбалау жұмыстары өнімін таңбалау жоспарланып отырған саланың ерекшелігін зерттеу кезеңінен басталғанын, өйткені "әмбебап амалдар мен әмбебап шешімдердің" болуы мүмкін еместігін бірнеше рет айтып өтті.

"Саланы егжей-тегжейлі талдап, оның ерекшелігін зерттемей, таңбалаудың негізгі мақсатына жету мүмкін емес. Тауар таңбалауды енгізудегі негізгі басымдықтар ретінде мемлекет айналымға контрафактіні енгізу мүмкіндігін тыю есебінен заңды бизнестің жағдайын жақсартуды қойып отыр және бұл заңды бизнеске қолдан келерлік көмек көрсетуге мейлінше ниеттеніп отыр" - деп баса айтты Анатолий Гавердовский.

Қазір отандық жеңіл өнеркәсіп секторында контрафактілік және контрабандалық өнімдер үлесінің едәуір жоғары екендігін айтып кетпеске болмайды және сала өкілдері тауар таңбалауды "сұр импортпен" нақты күрес құралы ретінде көріп, сәйкесінше бұл практиканың тиімділігіне үміт артып отыр.

Ресейден шақырылған қатысушылардың баяндамалары аяқталған соң қатысып отырған бизнес және мемлекеттік органдар кәсіпкерлікті қызықтырып отырған көптеген сұрақтарын қойды. Оның ішінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс бойынша шығарылатын аяқ киім өнімдерін таңбалау қажеттілігі туралы, Ресей Федерациясында тауар (аяқ киім) бірлігін таңбалау құнына қатысты және тағы басқа сұрақтар болды.

"Қазір Ресей Федерациясында мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс бойынша шығарылатын аяқ киім өнімдері міндетті таңбалануға жатпайды. Бұл туралы шешім мемлекеттің сәйкес құзіретті органдарымен  қабылданды. Ал тауар (аяқ киім) бірлігін таңбалау құнына келетін болсақ, Ресей Федерациясында барлық тауар топтарына 50 тиындық бірыңғай тариф енгізілді, бұл тариф цифрлық код тудыруға және оның бақылануын қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар  тауарлардың белгілі бір  топтарына тауарға таңба салудың түрлі технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Мысалы, автомобиль шиналарына RFID қолдану жоспарлануда, ал ондағы тасымалдаушы 120 Ресей рубліне тең." - деді "Келешекті технологияларды  дамыту орталығы" ЖШО өкілі Анатолий Гавердовский.

«Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті аяқ киім өнімдерін таңбалау бойынша оқиғалардың қарқынды дамуын назарға ала отырып, отандық сала бизнесін белсенді атсалысуға және жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар болып отыруға шақырады. "Атамекен" ҚР ҰКП, өз кезегінде, қазақстандық бизнестің таңбалау рәсімінен кәсіпкерліктің мүмкін болатын мейлінше аз шығынымен мейлінше көп пайда көруіне бар күшін салады.

Баяндама: Ресейдегі цифрлық таңбалау және бақылану

Барлық сұрақтар бойынша байланысуға болады:

e-mail: a.abilmagzhanov@atameken.kz, тел. 8 (7172) 919-359;

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер