astana-view

Қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер үшін: айыппұл мөлшерлері өсіп кетті

2019 жылғы 22 Сәуір
- Қызылорда облысы
2171 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен отырыс өтті.

Отырысқа түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін Қызылорда облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Динара Жаңабергенова мен департаменттің құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Жанат Мамбеталиева қатысты.

Палатаның мұндай салаға қатысты шара өткізуіне заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер себеп болды.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем  бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгертулер енгізілді. Аталмыш өзгертулер ағымдағы жылдың 11 сәуіріне күшіне енді. Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 425-бабының жаңа редакциясына сәйкес қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлердің санитарлық-гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін жауапкершілігі айыппұл мөлшерін ұлғайту есебінен көтеріледі.

«Тамақтандыру бизнесі өте күрделі екенін ескерсек, бұл өзгерістер шаруашылық нысандарына қосымша ауыртпалықтардың ұлғаюына алып келуі және кәсіпкерлердің дер кезінде ақпаратмен қамтылмауы ертеңгі күні олар үшін проблемаға айналуы мүмкін. Осы орайда, Заңға енгізілген өзгерістер жөнінде кәсіпкерлер арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында бүгін осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз», - деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 425-бап, 1-бөлігіне сәйкес, яғни халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді, техникалық регламенттерді абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына немесе улануына әкеп соқпаған бұзушылық бойынша айыппұл мөлшері төмендегідей болып өзгертілді:

- жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен(25 250тг.)  30 АЕК (75 750тг.) – 3 есеге;

- шағын кәсіпкерлік субъектілерге 20 АЕК-тен (50 500тг.) 230 АЕК (580 750тг.) - 11 есеге;

- орта кәсіпкерлік субъектілерге 40 АЕК-тен (101 000тг.) 310 АЕК (782 750тг.) - 8 есеге;

- ірі кәсіпкерлік субъектілерге 120 АЕК-тен (303 000тг.) 1600 АЕК (4 040 000тг.) - 13 есеге;

425-баптың 2-бөлігіне сәйкес, яғни осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан әрекет (әрекетсіздік), егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса төмендегідей өзгерістер енгізілді:

-  жеке тұлғаларға 200 АЕК (505 000тг.) - өзгеріссіз;

- шағын кәсіпкерлік субъектілерге 300 АЕК-тен (757 500тг.) 460 АЕК (1 161 500тг.) - 1,5 есеге;

- орта кәсіпкерлік субъектілерге 400 АЕК-тен (1 101 000тг.) 620 АЕК (1 565 500тг.)- 1,5 есеге;

- ірі кәсіпкерлік субъектілерге 2000 АЕК (5 050 000тг.) – өзгеріссіз.

Қоғамдық тамақтандыру және жеке қызмет көрсететін  кәсіпкерлерге бұл мәселеге қатысты сауалдары болған жағдайда Кәсіпкерлер палатасының заңгерлерінен тегін кеңес алуға болатынығын хабарлаймыз (мекен-жайы Қызылорда қ-сы, Желтоқсан к-сі 12, «Бастау» бизнес-орталығының 11-қабаты, тел.: 40-09-81).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер