astana-view

Тимур Құлыбаев: «Экология мәселелері – қазақстандықтардың өмір сүру сапасының көрсеткіші, оны біртіңдеп жоғарылататын боламыз

2019 жылғы 24 Сәуір
3004 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы комитеттерінің ҰКП басшысына  жыл сайынғы есеп беруі аясында экологиялық және тарифтік саясатты жүргізу мәселелері талқыланды

Геология, тау-кен қазу, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовецтің айтуынша, Экологиялық кодекстің жаңа жобасы кәсіпорындарға талаптарды қатаңдатуға бағытталған. Аталған жаңашылдықтар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру бойынша мәселені шешпейді. Бұған дейін технологияларды енгізу шаралары жаңа Экологиялық кодекстің тұжырымдамасында белгіленген болатын.

«Бүгінгі қолымыздағы кодекстің жобасы кәсіпорындар үшін экономикалық ынталандыруды көздеп отырған жоқ. Бұған дейін ынталандыру тетіктері тұжырымдамада көрсетілген болатын. Энергетика министрлігі тексерулерді тіркеуді болдыртпау және кәсіпорындарға тексеру туралы хабарландыруды жібермеуді ойластыруда. Экологиялық төлемдер бойынша да мәселе шешілмеген. Жергілікті билік экология үшін бюджетке миллиардтаған төлемдерді ала отырып, бұл қаражаттың 3%-ын ғана мақсатты жұмсайды», – деді Николай Радостовец.

 Кездесуде экологиялық заңнаманы реформалауда мемлекеттік органдардың да экологиялық ортаның сапасын қамтамаыз етуде жауапкершілігін арттыру, табиғатты қорғау шаралары тізбесін нақтылай келе, оларды қаржыландыруды ұлғайту мәселелері де айтылды.

Өз кезегінде Энергетика комитенің төрағасы Алмасадам Сатқалиев жүргізіліп отырған реформа айтарлықтай қаражатты талап ететінін, ал ондай мүмкіндіктер энергия өндіретін кәсіпорындардың барлығында бірдей бола бермейтінін айтты.

«Бүгінде орталық жылумен қамтудағы жылутораптардың үлесі 40%-ды құрап отыр, негізінен бұл жылуға кететін шығындарды электр энергиясы есебінен белгілеуге мәжбүр залалды кәсіпорындар. Осы ретте заңнама табиғатты қорғау тарифтерінде шығындарды қарастырмайды, бұл жайт жылу және энергияны генерациялау үдерісіне үздік қолжемді технологияларды енгізудегі өзекті мәселе. Яғни заңнамаға сәйкес тарифтерде экотөлемдерге шығындар енгізілген, бірақ экожобаларды жүзеге асыру бойынша графа жоқ», – деп түсіндірді Алмасадам Сатқалиев.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының түсінігінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының  экология бойынша стандарттарына өту үдерісі қаржылық және уақыт елегі арқылы талдануы тиіс, яғни бизнес өкілдері қоршаған орта сапасы бойынша еуропалық стандартарға бірден ауыса алмайды. Оған уақыт, қаражат және технологиялар қажет. Есептеулер мен Қазақстанға арналған мақсатты көрсеткішті анықтау қажет. Энергетика саласында тарифтік саясат қайта қаралуы қажет. Табиғатты қорғау шаралары тарифке енгізілуі керек, өйткені бұл осындай компаниялар үшін жалғыз табыс көзі. Бірақ тариф белгілеу әдісі кез келген қазақстандық үшін ашық әрі түсінікті болуы тиіс.

  «Тарифтің қалыптасуы және жиналған қаражат қалай жұмсалатыны адамдарға түсінікті болуы тиіс. Энергия ресурстарына тарифтер мен бағалардың негізсіз өсуіне жол берілмеуі керек. Әсіресе бұл жылу беру маусымы кезінде  көмір бойынша жағдайға қатысты», – деп мәлімдеді ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы. – Экология мәселелері – Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасының көрсеткіші екенін есте сақтау маңызды. Бұл көрсеткішті біртіңдеп, кезең-кезеңмен жоғарылататын боламыз. Осы ретте «Атамекен» бюджетке түсетін экологиялық төлемдердің барлығы мақсатты сипатқа ие болып, қоршаған ортаны қалпына келтіруге ғана жұмсалуы қажет деген позицияны ұстанады».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер