astana-view

Бизнес құрылыс саласындағы қазынашылық сүйемелдеуге қатысты пікірін білдірді

2019 жылғы 04 Мамыр
4709 просмотров

Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу қатысты жаңа талаптар бизнес үшін ауыр кедергіге айналды

Аталған мәселені  ҚР Қаржы министрлігінің бейінді комитеттері және барлық өңірлердегі құрылыс компанияларының өкілдері «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында қарастырды.

Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың басынан құрылыс объектілері бойынша құны 2 млрд теңгеден асатын мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу бойынша талаптар күшіне енді.

Механизмнің мәні кәсіпкерлер (мердігерлер) қазынашылық органдарында арнайы шоттарды ашып, солар арқылы өз төлемдерін жасауға міндеттеледі. Бұл шара мемлекетке бюджеттік қаражат есебінен қаржыландырылатын құрылыс жобаларын жүзеге асыру шеңберінде барлық ақшалай төлемдерді бақылауға мүмкіндік береді.

 Бастапқыда мұндай механизм пилоттық режимде 2017 жылы Қазақстанның үш облысында іске асқан болатын. Алайда жобаның «пилоттық» кезеңінде жобаға қатысушылар бірқатар проблемаларға тап болған. Негізінен мәселелер аванс төлемдерді қамтамасыз ету, электронды шот-фактуралар негізінде төлемдерді аудару,  қазынашылық және мемлекеттік кірістер органдардың жеткізушілердің адалдықты бағалау бойынша жүргізетін даулы критерийлері, инженерлік компаниялардың жобаларды басқару үшін өзара іс-қимыл тәртібі және т.б. түйіткілдерге қатысты.

 «Пилот» кезінде барлық мәселелер шешілмегеніне қарамастан, жоба бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың мәлімдеуінше, олар қатысушылардың санын арттырып, құны 500 млн теңге объектілерге қазынашылық сүйемелдеу жүйесін таратпақ.

 Осы ретте егер бұған дейін өкілетті орган адалдыққа тексеру процедурасы қосалқы мердігерлерге ғана жүргізіледі деп мәлімдеген болса, ал іс жүзінде бақылау органдары контрагенттердің бәрін, тіпті шағын жұмыс көлемін атқаратындарды да тексереді. Ал осындай контрагенттердің  бір құрылыс объектісі бойынша саны бірнеше жүздікті құрауы мүмкін.  

 Жиын қатысушылары бір ауыздан аталған талаптарды негізсіз деп санайды.  

 «Мәселен, бізге Мемлекеттік кірістер комитеті не үшін өндіруші зауыттарды тексеретіні түсініксіз. Бүгінде тауарды сату электронды шот-фактуралар арқылы жүргізіледі, бұл шара компания айналымын көруге, ол қандай салықты төлеп жатыр және басқа да төлемдерін бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай көп сатылы тексеруді жүргізудің не қажеті бар? Мердігерлерді тексеру түсінікті, басқа – барлық контрагенттерді тексеру дұрыс емес. Өйткені осылайша тендерге қатыса алатын компаниялар саны айтарлықтай қысқарады», – деді  «Базис-А» корпорациясының вице-президенті Наталья Скорикова.

 Осылайша қазынашықылық сүйемелдеу шеңберінде жұмыс істейтін бас мердігерлер жеткізушілердің шектелген ортасында қалмақ, деп қолдады әріптесін «АSTI» ЖШС Болат Әшімов. Оның айтуынша, жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін бұзудың тәуелдігі жоғары.

  «Бұрын біз бір жыл ішінде салып бітіріп жүрген жобаларды бүгінде екі жыл бойы аяқтай алмай келеміз, өйткені қазынашылық сүйемелдеу жүріп жатыр. Төлемдерді ұзақ өту салдарынан бізге қаржыландыруды «созып» тастады», –деді кәсіпкер.

 Бүгінде инвестициялық жобаларды қарқынды жүзеге асыру науқаны болып жатқан Түркістан облысының кәсіпкерлері өз алаңдаушылығын білдіріп жатыр, онда жобалардың 40%-ы қазынашылық сүйемелдеуге түсіп тұр. Бизнесмендердің дабыл қағуын жергілікті әкімдік өкілдері қолдап отыр, олардың пікірінше, айтылған мәселелер құрылыс нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін бұзып отыр.

Түркістан облысындағы құрылысқа басымдық берілгенін ескеріп, «Атамекен» өкілетті органға өңірдегі құрылыс нысандарын қазынашылық сүйемелдеуден шығаруды қарастыру бойынша ұсыныс жасады.

 «Бұл мәселе Үкімет деңгейінде талқыланып жатыр. Стратегиялық маңызы бар жекелеген объектілер қазынашылық сүйемелдеуден босатылуы мүмкін», – деді Қазынашылық комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айгүл Байғожина.

 Бастаманы ұсынуда «Базис-А» корпорациясының вице-президенті Раушан Бижкенова қазынашылық сүйемелдеуді барлық даулы мәселелерді шешкенге дейін тоқтатуды ұсынды.

 «Мұның бәрі құрылыс жүргізу жылдамдығына, міндеттерді тиісті орындауға әсер етеді. Осы ретте ісін адал атқаратын, шын жұмыс істеп, салық төлеп, жүздеген қызметкерді жұмыспен қамтып отырған құрылыс компаниялары зардап шегеді», – деп хабарлады Раушан Бижкенова.

 «Бизнес бақылау қажеттігімен келіседі. Бірақ жүзеге асыру процесінде әлі де көптеген мәселе туындап жатқанын көріп отырмыз, сондықтан жобаны ел ауқымында таратуға әлі ерте деп санаймыз», – деді мемлекеттік органдарға назар аударып, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Лаззат Рамазанова.

 Өкілетті органдардың өкілдері қазынашылық сүйемелдеу механимзі іске қосылған және оны тоқтатылмайтыны туралы мәлімдеді. Осы ретте мемлекеттік органдар бизнеспен бірге орын алған кедергілерді жойып жатыр.

 «Процесті қалай жақсартуға болатыны бойынша ұсыныстарға қашан да ашықпыз. Көп жұмысты атқардық, мәселелердің бір бөлігі шешілді. Ары қарай да бірге жұмыс істейік, шығындардың ашықтығы мен құрылыс сапасын қамтамасыз етуге тырысайық. Осындай бақылаудың қажеттілігі жайдан жай туған жоқ, құрылыстың сапасы төмендеген соң қабылданған шара бұл. Ақша бөлінеді, бірақ үш жылдан соң не  объекті жоқ, не қаражат жоқ болып шығады. Осы мәселелердің бәрі қазынашылық сүйемелдеуді енгізуге түрткі болды», – деп мәлімдеді Қазынашылық комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айгүл Байғожина.

 Көтерілген мәселелер төңірегінде Лаззат Рамазанова қатысушылардың назарын нарықта аталған салада лицензиясы бар 60 мыңнан астам компания барына аударды. Жиын қатысушылары атап өткендей, қазынашылық сүйемелдеу нарықта ісін адал атқармайтын компаниялар пайда болуы салдарынан қолға алынған, өйткені құрылыс саласында лицензиялау ашық жүрмейді әрі өкілетті орган – Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитеті тарапынан лицензиялаудан кейінгі бақылау жүргізілмейді.

 «Бүгінде Тізілімдеріңізге енген компаниялардың бәрі кімдер? Тізілім құрылған күннен бастап оны ешкім тазартқан жоқ. Бүгінде шын мәнінде құрылыспен айналысып жүрген компаниялардың саны шамамен 10 мыңнан артық емесін білеміз. Бұл ортақ, мемлекеттік мәселе, сондықтан оны Қазынашылық комитеті ғана шешпеуі тиіс. Мәселелерді бірлесіп шешу керек. Сіздерде лицензиялаудан кейінгі бақылау арқылы осы компаниялар қатарын тазарту мүмкіндігі бар», – деп мәлімдеді Лаззат Рамазанова.  

 Құрылыс жөніндегі комитеттің өкілдері «Атамекеннің» ұсыныстарымен келісіп, бұл мәселе шешілу алдында тұрғанын хабарлады.

 «Лицензияланған компаниялардың жалпы санынан «бос» компаниялардың алып тастау бойынша механизмді қарастырудамыз. Лицензияланатын ұйымдар бойынша, олар салып жатқан объектілерді есепке ала отырып, тізілім құруды жоспарлап отырмыз. Сол уақытта әр компанияның жұмыс дерегі: «қандай объект салды, қайда салды, сапасы қандай» көрінетін болады», – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитеті Мемлекеттік сіулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Арнольд Ли.

Талқылау қорытындысы бойынша өкілетті органдар айтылған әр мәселені егжей-тегжейлі қарастыру және қажеттілік болса, заңнамаға тиісті өзгертулерді енгізуді қарастыруға дайындықтарын мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер