astana-view

Тауардың жөнелтпе құжаттарын рәсімдеу мәселесі талқыланды

2019 жылғы 17 Мамыр
- Астана қаласы
3159 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасында тауардың жөнелтпе құжаттарын рәсімдеу мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өтті

Палата алаңында Макинка құс фабрикасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау мен қадағалау комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық  инспекциясы және елордалық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері тез бұзылатын тауарларға берілетін жөнелтпе құжаттарды рәсімдеуді тездету әдістерін талқылады.

 «Aitas KZ» АҚ сыртқы байланыстар қызметінің директоры Рабиға Тоқсейітова бүгінде құс етін ірі отандық өндірушілердің бірі өз өнімін Ресей Федерациясына экспорттай бастағанын айтты. Осы ретте компания тауардың жөнелтпе құжаттары – ветеринарлық сертификат, СТ-1 сертификаты және Мемлекеттік кірістер департаментінде мақұлданған электронды шот-фактураны рәсімдеу мерзімдерімен байланысты бірқатар кедергіге тап болған. Орташа алғанда бұл процесс 3 күнді алады, бұл мерзім тез бұзылатын тауарлар категориясына жататын өнімдердің жарамдылығының жарты мерзімін алып отыр.

«Бұл процедураны тездеткіміз келеді, тауарды түсіру кедергісіз жүрсе дейміз. Мәселен, ветеринарлық сертификат және СТ-1 сертификаты бір мезгілде рәсімделсе жақсы болар еді. Бұгінде екі құжат бір мезгілде емес, бірінен кейін бірі рәсімделуде», – деп атап өтті Рабиға Тоқсейітова.

 Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы тауарлардың шығу тегі сертификаты жөніндегі маман Әлия Нағызбаеваның айтуынша, Палата егер компания тарапынан мұндай қажеттілік болмаған кезде электронды шот-фактура нөмерін көрсетпестен СТ-1 сертификатын беруге дайын.

 «Біз сынақ хаттамасы негізінде сертификатты беруге дайынбыз. Тауардың жөнелтпе құжаттарын тез рәсімдеу үшін сіздер Сынақ хаттамасын алдын ала аласыздар. Осылайша ветеринариялық сертификат және СТ-1 сертификатын рәсімдеу бір мезгілде жүргізіледі», – деп атап өтті маман.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетiнiң Нұр-Сұлтан қалалық аумақтық инспекциясы шекара және көлікте ветеринарлық-санитариялық бақылау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ләйля Қыстаубаева және Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жанама салықтарды әкімшіліктендіру бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Гүлмира Қаратаева өз тараптарынан құжаттардың тез рәсімделуіне атсалысатындарын айтты.  

ҰКП Агроөнеркәіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Алмат Әубәкіровтың мәлімдеуінше, Ұлттық палата және Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы бірігіп, ЕАЭО жағдайында экспорттық жеткізілімдер үшін электронды шот-фактураның көшірмесін ұсыну туралы талапты түсіндіру мақсатында кеден органдарына хат жолдайтың болады.

 «ЕАЭО аумағында ережелердің бірыңғай жүйесі жұмыс істейді, сондықтан Қазақстан Одаққа мүше екенін ескерсек, жөнелтпе құжаттардың бұл тізімі көп күмән тудырады. Сондықтан осы жағдайды анықтап алған жөн, қажет болса, отандық бизнестің мүддесін ескере отырып, шоғырланған шешімге келу мақсатында кеден органдары өкілдерінің қатысуымен кездесу ұйымдастыру керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бейсенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер