astana-view

Үш күн ішінде «Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға 10 мыңнан астам өтінім түсті

2019 жылғы 23 Шілде
9577 просмотров

Осы күндері бүкіл Қазақстаннан 10 мыңнан астам адам «Жас кәсіпкер» жобасының бірінші легіне қатысуға тестілеуден өтуде

Ертеңнен бастап болашақ бизнесмендер кәсіпкерлік негіздерін оқуға кіріседі.

 «Атамекен» жастарға арналған бизнес-білім экожүйесін құру бойынша өз алдына міндет қойды, осы бағыттағы бастамалардың бірі – ел ауқымында тиімділігін көрсеткен, танымал «Бастау» жобасының шеңберінде жүзеге асып жатқан «Жәс кәсіпкер» жобасы болды.

 Жоба 18-29 жас аралығындағы қыз-жігіттерге арналған. Сондықтан мұнда іш пыстыратын дәрістер және ескірген деректерге орын жоқ. Шынайы кейстер және үздік бизнес-тренерлер ұсынған шеберлік сабақтар, сондай-ақ кәсіпкерлік ортаға терең бойлау қарастырылған.

 Аталған жобаның мақсаты – жастар бойында жеке кәсіп ашу дағдыларын қалыптастыру арқылы олардың арасында кәсіпкерлік әлеуетті дамыту, ауылдық жерлер, шағын қалалар, қалалар және моноқалаларда микро несиелеу мен кепілдіктерді беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау.

 Жобаның барлық тыңдаушыларына жеке кәсіп ашу, нарықта бос нишаны табу, негізгі бизнес-дағдыларды үйрену, мемлекеттік қолдау бағдарламалары және жастарға арналған стартаптар туралы ауқымды ақпарат алу, сонымен қатар 19 273 теңге көлемінде шәкіртақы алуға мүмкіндік беріледі. Ең бастысы – жеке бизнес-идеяны жүзеге асыруға қажетті жеңілдікпен несие немесе грант алу мүмкіндігі қарастырылған.

 «Жас кәсіпкер» жобасы жүзеге асыру мақсатында «Атамекен» бизнес-тренерлер пулын оқытты. Келіп түскен үш мыңнан астам өтінім ішінен 200 үміткер іріктелді. Олар тәжірибемен бөлісіп, жастарға бизнес жүргізудің қыр-сыры, заңгерлік және экономикалық сауаттылық туралы құнды ақпарат беруге дайын. Тренинг бизнес-тренерлердің қорын қалыптастырып, олардың біліктілігін арттыруға көмектеседі.

Осы күндері Қазақстан бойынша 200 оқу сыныбында 10 мыңнан астам жас және көп балалы отбасылардың мүшелерін оқыту басталды. Бір қызығы, 60 сынып елорда және ірі Алматы, Шымкент қалаларында орналасқан. Дәл осы қалаларда тұрақты табысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастардың басым бөлігі шоғырланған.

Осыған дейін танымал кәсіби спортшы Ардақ Назаров жастарды «Жәс кәсіпкер» жобасына қатысуға шақырған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер