astana-view

Шымкентте тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау механизмі жұмыс істемейді

2019 жылғы 15 Тамыз
- Шымкент қаласы
9691 просмотров

Бұл мәселе – автобуспен жолаушылар тасымалы саласында қызмет етушілер Өңірлік кәсіпкерлер палатасында көтерген мәселелерінің бірі

«Южавтотранс» автотасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюповтың айтуынша, шымкенттік ішкі қалалық маршруттар бойынша тасымалдарды жүзеге асыратын көлік компаниялары қалалық әкімдіктен шығындарды өтеуін бірде бір рет (!) алмаған, ал қалалық билік мұны істеуге міндеттелген. Жергілікті биліктің қолдауынсыз Шымкентте жолаушы тасымалдарында  даму келешегі жоқ, деп санайды тасымалдаушылар.

 Бұл мәселені «Атамекен» бірнеше рет Үкімет деңгейінде көтерген. 2018 жылдың басында ҚР Премьер-Министрі орынбасары Асқар Маминнің тапысырмасымен Автобус жолаушылар тасымалдарын дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленіп, ҚР Үкіметімен бекітілді. Онда барлық өңірлерді субсидиялау қарастырылған. Бірнеше өңірде бұл мәселе шешімін тапқан. Шымкент қаласында олай емес.

 Шымкент қаласында тасымалдаушыларға жеңілдікпен жол жүретін жолаушыларды тасымалдау шығындарын да өтемейді. Тасымалдаушылар студенттерге жеңілдетілген тарифпен қызмет көрсетеді және жергілікті органдармен ауызша келісім жасаумен көп балалы аналарды тегін тасымалдайды...

Осы ретте Шымкент қаласындағы тасымалдау бойынша тариф – ел бойынша ең төмен. Соңғы рет қоғамдық көлікте жол жүру құны 2015 жылы 50 теңгеден 70 теңгеге көтерілген. Осы уақыт ішінде дизель отыны жүз теңгеге қымбаттап, 190 теңгені құрады, дөңгелек құны 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін өсті, аккумулятор 24 мыңнан 50 мыңға дейін өсті. Жанармай бағасының тұрақсыздығы, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы, билік тарапынан субсидиялаудың болмауы – бұл саланы шығынды етеді.

Осыған байланысты көп тасымалдаушылар автобустарды жаңарта алмай отыр. Соның салдарынан олар маршруттарынан айырылуы мүмкін. Кәсіпкерлердің көбі автобустарды несиеге алған.

 «Тиімсіз маршруттар бар, онда жолаушы ағыны төмен, бірақ бұл маршрут қызмет көрсетуді қажет етеді, өйткені оны пайдаланатын адамдар бар. Қалалық шалғай және қала маңындағы аудандарға баратын маршруттар тиімсіз. Мында кірістен шығыс көп. Билік өкілдері әлеуметтік маңызды, бірақ тиімсіз маршруттарды электронды билет беруді енгізген соң субсидиялай бастаймыз дейді. Сол уақытта жолаушы ағыны дұрыс есептеліп, қажеттілік расталса, субсидия төленеді. Біз электронды билет беруге қарсы емеспіз. Онда неге енгізбей жатыр?» – деп шағымданды тасымалдаушылар.

   Көлік саласына жауапты шенеуніктер тасымалдаушылармен өткен кездесуге тағы келмеді. Келген қызметкерлер бұл салада біліксіз болып шықты. Сондықтан келесі жолы кездесуді қала әкімдігі деңгейінде өткізу керек деп шешілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер