astana-view

«Атамекен» тауарлардың кедендік құнын бақылаудың жаңа жүйесін енгізуді ұсынды

2019 жылғы 21 Тамыз
3972 просмотров

«Қосынды әдісі негізінде» жүргізілетін кедендік құнды бақылау контрафактілерді жоюға, көлеңкелі экономика үлесін азайтуға мүмкіндік беріп, жергілікті өндірістің дамуына қолайлы жағдай жасайды

2019 жылдың 20 тамызында «Атамекен» ҚР ҰКП Кедендік әкімшіліктендіру департаментінің директоры Дина Мамашеваның жетекшілігімен қосынды әдісіне негізделген кедендік құнды бақылаудың жаңа әдісін енгізу мәселелеріне қатысты сарапшылардың жиыны өтті.

 Жиын жұмысына Мемлекеттік кірістер комитеті, ҚР Қаржы министрлігі және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары қатысты.

 Қатысушылар негізінен Қытайдан импортталатын тауарлардың жекелеген категориялары бойынша кедендік құнды анықтаудың қолданыстағы механизмдері кірмелі туарлардың әділетті бағасын белгілеуде тиімсіз екенін талқылады.

  Соның салдарынан мемлекетке кедендік төлемдер толық көлемде түспейді, өйткені сыртқы экономика қызметінің кейбір қатысушылары кедендік құнды қолдан төмендетеді. Бұл жайттан ісін адал жүргізетін кәсіпкерлер де зардап шегеді, олар тауарды төмен бағамен кіргізетін тұлғалармен бәсекеге түсе алмайды.

 Кедендік әкімшіліктендіру департаменті кедендік құнды бақылаудың қосынды әдісіне негізделген немесе басқа сөзбен айтқанда тауардың өзіндік құнына негізделген жаңа механизмді ұсынды.

 «Аталған әдіс құрамдас бөліктер мен шикізат құны және оны өндіруге және импорт еліне жеткізуге кеткен басқа шығындар негізінде қалыптасатын тауарлар туралы бағалық ақпарат қалыптастыру механизмі болып табылады. Шикізатқа бағалар қазақстандық өндірушілер, сондай-ақ шетелдік өндірушілердің әртүрлі дерек көздерін барынша қамту негізінде құрылады, мәселен, қытай өндірушілері және басқа да нарық көздерін (тауар биржалары және т.б.), сонымен қатар ашық көздер: интернет-нарықтар, салалық зерттеулер және тағы басқа деректер негізінде құралады», – деді Дина Мамашева.

Әділ баға диапазонын ҚР саудасының статистикалық деректері, ЕАЭО бағалық базасы, Электронды шот-фактура бағалық базасы, айналық статистика деректері, В2В, В2С нәтижелері сынды әдістер мен ақпарат көздерін салыстыру арқылы анықтау жоспарлануда.

 Ұсынылған тұжырымдама бойынша нақты декларанттармен берілген есеп айырысу әдісімен алынған тауарлардың бағаларын салыстыруға мүмкіндік беретін жүйені әзірлеу қарастырылған. Егер декларант мәміле бағасы бойынша өзінің белгілеген бағасын дәлелдей алмаған жағдайда кедендік бағаға жоғарыда аталған әдіс негізінде қолданыстағы бағалық ақпарат қолданылатын болады.

Кедендік құнды дұрыс бағалау әдістемесін енгізудің әлеуетті артықшылықтары мына бағыттарға оң ықпал етеді:

  • бюджет кірісінің артуы;
  • көлеңкелі экономика үлесін төмендеуі;
  • саудадағы бейресми жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуі;
  • дұрыс емес статистикалық деректердің азаюы;
  • жергілікті өндірістің дамуына қолайлы жағдай жасалуы;
  • импортты бейресми қаржыландыру үлесін төмендеуі;
  • импортты сақтандыруының өсуі;
  • нарыққа анағұрлым сапалы тауарлардың келуі;
  • контрафактілі тауарлар деңгейінің төмендеуі.

 Тұтастай алғанда, жиынға қатысушылар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысын қолдады. Аталған әдісті енгізу мүмкіндігін талқылау жалғасады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер