astana-view

Президент Жолдауы: 5% міндетті зейнетақылық төлемдер шегерілді және шағын бизнес салық төлеуден босатылды

2019 жылғы 02 Қыркүйек
15791 просмотров

Қосымша 5-пайыздық міндетті зейнетақылық жарнаның енгізілуі 2023 жылға дейін шегерілді, сонымен қатар шағын және микробизнесті салық төлеуден үш жылға босатты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды akorda.kz сайты

 «Микро- және шағын бизнес компанияларын негізгі қызметтен салық төлеуден үш жылдық мерзімге босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырамын. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап микро- және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үші жылдық тыйым туралы менің шешімім шығады», – деді Президент.

 Шағын және орта бизнес тақырыбын жалғастыра отырып, шағын және орта бизнеске жасалатын рейдтік мәселе көтерілді.

 «Осыған байланысты заңнамалық сипаттағы қосымша шаралар қажет. Парламент және Үкімет осы мәселенің шешімін ұсыну керек. Осы ретте көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды арттыру, капиталдарды шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті күшейту қажет. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қаржылай қолдау жүйесін жаңа жобаларға басымдық беріп қайта ретке келтіру керек», – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлерді алаңдататын негізгі мәселе – қосымша 5-пайыздық міндетті зейнетақылық төлемдердің енгізілуіне қатысты жауап берді.

 «Салық жүйесін ұлттық кірісті анағұрлым әділетті бөлуге назар аударып, жаңарту керек  деп санаймын», – деді Президент.

 Тәуекелдер туралы айта отырып, Мемлекет басшысы жұмыс берушілер жұмыс орындарын құруға және еңбекақыны төлеуге ынталы болмайды, ал бизнес көлеңкеге қарай ығысатынын атап өтті.

 «Сондықтан Үкіметке 5 пайыз көлемінде қосымша зейнетақылық төлемдерді енгізуді  2023 жылға дейін шегеруді тапсырамын. Содан кейін осы мәселеге ораламыз. Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкілдері және сарапшылар нұсқаларды қарап, болашақ зейнеткерлер, сондай-ақ жұмыс берушілердің мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі керек. Үкімет Салық кодексінде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы тиіс. Бұл, негізінде қосымша салықтар», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Мемлекет басшысының толық сөйлеген сөзін  akorda.kz сайтынан көруге болады.

 Фото akorda.kz 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер