astana-view

«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін жүргізу әдістемесі түбегейлі өзгерді

2019 жылғы 17 Қыркүйек
5829 просмотров

17 қыркүйек күні «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің және облыстық кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің қатысуымен «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі және «Сыбайлас жемқорлық жөнінде арнайы шолудың» жаңартылған әдістемелерін талқылау бойынша селекторлық жиналыс өтті.

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР Заңына сәйкес «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін жыл сайын өткізеді.  

«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі – Ресей Федерациясының «Опора России», Deloitte компаниясының «Бизнес-барометрі», KPMG «Отбасылық кәсіпкерліктің еуропалық барометрі», Эрнст энд Янг компаниясының «Бизнес -барометр для G20», «Глобальный бизнес барометр» (The Economist) және басқа да шетелде  танымал бизнес бастамаларының  ұлттық баламасы.

«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингінің  құрамдық бөлігі «Сыбайлас жемқорлық бойынша арнайы шолу» болып табылады. Аталған зерттеудің мақсаты – нақты салаларда сыбайлас жемқорлықтың таралуына талдау және зерттеу барысында анықталған проблемалар бойынша нақты практикалық шараларды әзірлеу.

Сөзсіз, Ұлттық палатаның елдегі бизнесті қолдау және дамыту бойынша институт ретіндегі қалыптасу кезеңінде  әзірленген әдістеме бойынша Тәуелсіз рейтингті жүргізу ақталған шара болды және өзінің оң нәтижесін берді.

 Бизнесті жүргізу жағдайы бойынша өңірлерді саралау арқылы «Іскерлік ахуал» рейтингі отандық, сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер үшін бизнес-бағдардың өзіндік нұсқауына айналды, рейтинг бизнесмендердің назарын неғұрлым қолайлы бизнес-ортасы бар бәсекеге қабілетті өңірлерге аударды.

Алайда, қазіргі таңда Қазақстанда «Іскерлік ахуал» рейтингімен қатар  бірнеше басқа да зерттеулер жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» субұлттық рейтингі, Бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер және қалалар рейтингі, БҰҰДБ бәсекеге қабілеттілік рейтингі.

 Бизнес-қоғамдастық, инвесторлар және мемлекеттік органдардың қажеттілігін талқылау және талдау нәтижелерін есепке ала отырып, «Стратегия» қоғамдық қорымен бірлесіп, биыл «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін жүргізу әдістемесі түбегейлі өзгерді.

 Жаңартылған әдістемеге сәйкес Қазақстан өңірлерінде бизнесті жүргізу жағдайларын талдау және салыстыруды келесі факторлар кескінінде өткізу жоспарланған:

  • «Нарық және ресурстардың жағдайы»;
  • «Нарықтық инфрақұрылым»;
  • «Даму келешегі және сатылымдар»;
  • «Ішкі ресурстар»;
  • «Технология және өндіріс»;
  • «Мемлекеттік қолдау»;
  • «Әкімшілік реттеу».

Осы ретте биылдан бастап «Сыбайлас жемқорлықты арнайы шолу» жекелеген зерттеуде бөлінді. Шолу Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің жетекшілігімен өтеді.

Ағымдағы жылдың тамыз айында сыбайлас жемқорлық бойынша арнайы шолу дайындаудағы негізгі тәсілдерді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік қарап, қолдау білдірді.

Екі зерттеу бойынша респондеттерге сауалнама жүргізу биыл қыркүйек-қазан айларына жоспарланған.

 Сауалнама Қазақстанның барлық өңірлерінде  жүргізіледі.

Қараша-желтоқсан айларында нәтижелерді шығару және зерттеу қорытындысы бойынша талдамалық материалды дайындау жұмыстары жүргізіледі. «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдарға арнап Қазақстанда іскерлік ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер