astana-view

Абылай Мырзахметов: Сапалы сараптамалық база – дұрыс шешім шығару кепілі «Атамекен»

2019 жылғы 19 Қыркүйек
5849 просмотров

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы жаңа «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесі жайлы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне арналған жаңа ақпараттық-сараптамалық жүйе құрылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абылай Мырзахметов inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында осындай жүйенің қажеттілігі мен оны дамыту жоспары жайында ойымен бөлісті.

– Абылай Исабекұлы, «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесі не үшін қажет екенін айтсаңыз.

– Үкіметтің әрбір экономикалық шешімі сәйкес мәліметтерді талдау негізінде жасалады. Ол статистикалық мәліметтер, халық немесе бизнес өкілдерінен алынған сауалнама, озық халықаралық тәжірибе, ғылыми  дәлелдемелер болуы мүмкін. Сондықтан қабылданған шешімдердің дұрыстығы мен тиімділігі осы мәліметтер сапасына тікелей байланысты.

Өнеркәсіптік саясат – назардан тыс қалмайды. Мемлекет алдында экономиканы әртараптандыру міндеті тұр. Өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ құрылымындағы үлесі өсіп келеді, алайда қарқыны бәсең, бүгінгі күні ол 11,9%-ды құрайды. Цифрландыру дәуірінде нақты және өзекті деректерге қажеттілігіміздің арта түсетінін мойындауымыз керек. Оған бірнеше мысал келтірейін. 

Бүгінгі таңда шикізаттық емес салалардың дамуына кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді шешу үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық өкілдерімен және аккредиттелген салалық қауымдастықтармен тұрақты түрде жұмыс істейді. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша жүргізілген талдау негізінде нақты шаралар әзірленеді.

Алайда мұндай форматтың бірнеше кемшілігі бар.

Біріншіден, талдау дайындық жұмыстарын жүргізуде барлық кәсіпорындардың пікірлері мен мәліметтері ескеріле бермейді, өйткені тіркелген қауымдастықтар саладағы кәсіпорындарды 100% қамтымайды.

Екіншіден, көбінесе енгізілген мәліметтер сапалы талдау жасау үшін маңызды болмай шығады немесе толық болмайды. Мәселен, бүгінгі таңда салалар мен кәсіпорындар бойынша өндіріс қуаттылығы, нақты жүктеме, жерсіндіру деңгейі, шикізат және құрамдаушы импорт сияқты көрсеткіштерге қатысты мәліметтер жоқ немесе қолжетімсіз.

Үшіншіден, жоғарыда аталған жұмыс форматы мемлекет тарапынан, сондай-ақ бизнес тарапынан да көп уақытты қажет етеді. Мысалы, жиналысты өткізу, телефон арқылы кеңес беру, іссапар және тағы басқалар сияқты.

Басқа мысал келтірсек. Қазіргі таңда елдің шикізатты емес секторын дамыту үшін бизнесті мемлекеттік қолдаудың жеңілдікпен несие беру, өнімділікті арттыруға кеткен шығынның орнын толтыру, экспорттық сақтандыру және тағы басқа да әртүрлі шаралар қарастырылған. Жалпы өңдеу өнеркәсіп кәсіпорындары үшін қолжетімді  қолдаудың 50-ден астам құралы бар. Бағалау нәтижесі бойынша, 2015-2018 жылдары 13 мыңнан астам компанияға жалпы сомасы 2 трлн теңгеден артық қаржылық қолдау көрсетілген. Біздегі экономикалық белсенді кәсіпорындар санының 8 мыңнан сәл ғана асатынын ескерсек, бұл дегеніңіз үлкен сома. Жекелеген секторлар бойынша нәтижелер бар, бірақ, ешкім мемлекеттік қолдаудың осы шараларының тиімділігін кешенді талдамайды. Ал бұл қолдаудың белгілі бір құралын немесе қандай да бір түрін капиталдандыруға қатысты қабылданатын шешімдердің сапасына кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан тағы қайталап айтамын: сапалы сараптамалық база – дұрыс шешім шығару кепілі.

Тап осы мақсат үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ҰКП-пен бірлесіп, «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады. 

– Бұл жүйенің басты ерекшелігі неде?

Жүйе мәліметтердің жетіспеушілігін қалай шешеді?

– Жүйенің басты ерекшелігі – big data кәсіпорындары өздерінің мәліметтерінен тікелей жасалатын болады. «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесі – Қазақстанның  өнеркәсіптік жағдайын ел, өңір және салалық деңгейде, тіпті әр кәсіпорынның деңгейінде  егжей-тегжейлі талдайды. 

Ақпараттық жүйе кімнің, қайда, не өндіретіні, неге шамамыз келеді, қай салада импортқа тәуелдіміз, неге ішкі салалардың жүктемесі аз, қандай компаниялар мемлекеттен қолдау көрді, оның нәтижесі қандай екені жайлы толық мәлімет береді.

Ал өнеркәсіп кәсіпорындары үшін кезең-кезеңмен кеңейтіліп, жетілдірілетін ақпараттық-талдамалық қызмет көрсету аясын ұсынамыз.

Мәселен, сондай қызмет көрсетудің бірі – «Мемлекеттік қолдау шараларының навигаторы». Компания жеке кабинетте өзі туралы мәліметтер енгізгенде, Жүйе оның көрсеткіштеріне қарап отырып, компанияны қолдаудың тиімді шарасын барлық қажетті ақпаратпен, түсінікті тілде ұсынады.

Тағы бір құрал - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекеттік сатып алуларын тұтынушылар, әдістер, тауарлық заттар, жұмыстар мен қызметтер тұрғысынан визуализациялау және талдау. Біздің компаниялар өз өнімдерін өткізуді ұлғайта алады. Сонымен қатар кәсіпкерлер заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сатып алу фактілерін жеке тексере алатын кезде, қоғамдық бақылау мәдениеті артады.

Келесі жылы Жүйе базасында  контрагенттерді тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ЕАЭО-ның Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения елдерінен табуға мүмкіндік беретін  кооперация мен қосалқы келісімшарт жасаудың электронды алаңын іске қосамыз.

– Жүйе қашан дайын болады? Жүйеге қатысу үшін өңдеуші өнеркәсіп компаниялары не істеу керек?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, біз жүйені құру мен одан әрі дамытуды кезеңдерге бөлдік. Жүйені әзірлеу туралы ереже Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасында және жобасында бекітілген.

Сәуір-мамыр айларында министрлікпен Жүйенің I кезеңіне арналған техникалық тапсырманы әзірледік және мақұлдадық. Бүгінгі таңда жұмыс жоспарына сәйкес жүйе 70%-ға дайын. Жүйенің аналитикалық модулін жасауды аяқтап қалдық, кәсіпорындар үшін жеке кабинеттер құрып, есеп беру формасын толтыруға арналған егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен анықтамаларды дайындадық. Енді Жүйені толық іске қосу үшін біздің кәсіпорындар есеп беру формаларын толтыруды бастады. Бұл жұмысты қараша айының соңына қарай аяқтаймыз деп отырмыз.

Бұл ретте Жүйедегі кәсіпордардың мәліметтері үшінші тұлғаға қолжетімсіз болатынын атап айтқым келеді. Бұған қоса, әр кәсіпорынмен мәліметтердің  құпиялылығы туралы жария ұсыныстар жасалады. Сонымен қатар есеп беру формалары арқылы компаниялардың қазыналық мәліметтерін жинау қарастырылмағанын айту керек.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін ҰКП-да бірыңғай байланыс-орталығы құрылып, Жүйедегі формаларды толтыру мақсатында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарға кеңес беруге өңірлік кәсіпкерлік палатасының жауапты қызметкерлері оқытылды. Сондай-ақ жүйе жұмысы бойынша үйрететін вебинарлар ұйымдастыру жоспарланған. «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйесіне  қатысты барлық қажетті ақпарат «Атамекен» сайтында да қолжетімді.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің өнеркәсіптік кәсіпорындарды, «Өнеркәсіп» ақпараттық жүйені құруға белсенді қатысуға шақырамын!Осы жұмысқа әр кәсіпорынның атсалысуы – Қазақстанның өнеркәсіптік саясатын жетілдіруге айтарлықтай үлес қосатынына сенімдімін.

Дереккөз: https://inbusiness.kz
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер