astana-view

HR-қызметкерлердің басқосуы өтті

2020 жылғы 26 Ақпан
2238 просмотров

Халықаралық нарықтағы әрбір заманауи компания өзінің ең басты активі адам ресурстары екенін жақсы біледі. Өйткені, қызметкерлерді уақытылы дамыту және оқыту, тиімді үрдістерді және қызметкерлерді бағалаудың ашық жүйесін құрастыру компанияның өнімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев HR-қызметкерлерінің басқосуында мәлімдеді. Палатаның бастамасымен өткен семинарда кадрлық аутсорсинг, мамандарды сертификаттау (біліктілігін растау) сияқты өзекті мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысқандар кадрлық жұмыстармен айналысатын мамандардың қоғамға қажеттілігін бірауыздан мақұлдап, саланың дамуы үшін өз ұсыныстарын білдірді.

– Қазіргі кезде жұмысқа орналасу мәселесі өзекті. Көптеген адамдар мамандығын жоғары ақы төленетін салаға ауыстырғысы келеді, ал жұмыс берушілер білікті қызметкерлерді іріктеуге аса мұқият қарауға көшті. Осы ретте, HR-менеджер немесе адам ресурстарын басқару менеджері деп аталатын мамандықтың танымалдығы да өсіп келеді. Себебі, HR-менеджердің міндеті мен атқаратын қызметі компания үшін өте қажет. Айталық, кадрларды іздеу және іріктеу, қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру әрдайым маңызды. Бұл жұмыссыздық мәселесін реттеп, қызметкерлердің тұрақты жұмыспен қамтылуына жәрдемдеседі, - деді ол.

Жиында «Медикер» ЖШС-ның адам ресурстарын басқару жөніндегі директоры Шолпан Баймульдинова сөз алып, кадрлық аутсорсинг тақырыбында өз ойын ортаға салды. SPHRi адам ресурстарын басқару жөніндегі сертификатталған маман компанияның ішкі процестеріне сыртқы ортадағы өзгерістердің тікелей әсер ететінін айта келе, VUCA-әлем жағдайында күтпеген, хаотикалық мәселелермен бетпе-бет келу, сын-қатерлердің алдын-алуда автоматтандыру үшін технологияларды пайдаланудың тәсілдерін көрсетті. Сондай-ақ, компанияның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі HR-мамандарының рөлі, олардың қызмет барысында қандай құралдар мен әдістерді пайдалана алатындығын да тілге тиек етті.

Отырыста көтерілген екінші мәселе мамандарды сертификаттауға қатысты болды.  Бұл туралы HR - менеджерлер Қауымдастығының Үйлестіру кеңесінің президенті Гүлмира Райымсова мәлімдеді. Ол аталған қауымдастықтың қызметі туралы айтып, елімізде білікті HR мамандарын даярлаудың маңыздылығына тоқталды. Осы бағытта былтыр жүргізлген зерттеу нәтижелерімен де бөлісті. Сараптама қорытындысы бойынша, HR мамандардың тек 23% ғана сертификатталған және көпшілігінің бейінді білімі жоқ екені анықталған. Ассоциация болашақта білім беру стандарттарының негізіне жататын HR бойынша 24 кәсіби стандарттарды әзірлемек. Қауымдастық басшысы қолданыстағы халықаралық сертификаттау және олардың айырмашылықтары туралы да атап өтті. Халықаралық сертификаттаудың барлығы қолжетімсіз болғандықтан, елімізде HR мамандарын сертификаттау бағдарламасын құру және енгізу қажет. Осыған байланысты, қауымдастық биылғы жылдың күзінде HR мамандарының алғашқы пилоттық бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер