«АТАМЕКЕН» ҰКП КОРОНАВИРУСҚА БАЙЛАНЫСТЫ БИЗНЕС МӘСЕЛЕЛЕРІН АНЫҚТАУДА
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коронавирустың таралуына байланысты зардап шеккен кез-келген қазақстандық кәсіпкер жедел штабқа (call-орталық 1432) жүгіне алады. Бұл туралы Ұлттық палатаның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында мәлімдеді.
«Біз жедел штабты құрдық. Ең басты міндет – кері байланыс орнату және біздің кәсіпкерлермен үнемі байланыста болу, олардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін, қандай ұсыныстары бар екенін, қандай көмекке мұқтаж екендіктерін, қандай кедергілерге тап болатынын, қандай сын-қатерлер бар екенін білу. Бір тәулік ішінде мыңнан астам ұсыныстар мен өтініштер түрлі арналар арқылы біздің бизнесмендерден келіп түсті», - деп атап өтті Абылай Мырзахметов.
1432 call-орталық арқылы жүргізілген, сондай-ақ Ұлттық палата сауалнамасының деректері бойынша, респонденттердің 56% - ы (1 мыңнан астам адамнан сауалнама алынған) коронавирустың таралуына байланысты клиенттер ағынының және түсімнің төмендеу қаупін айтса, 33% -ы шикізат пен қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі төмендейді деп көрсеткен.
«Кәсіпкерлердің басым көпшілігі карантиндік шаралар олардың бизнесіне әсер ететініне алаңдаулы. Бұл түсінікті, пайда, тұтынушылық сұраныс төмендейді. Кәсіпкерлердің басым бөлігі коронавируспен ғана емес, доллар бағамымен және біздің негізгі экспорттық позиция - мұнай бағасының құлдырауымен байланысты мәселелерді көтереді», - деп атап өтті Басқарма Төрағасы.
«Атамекен» коронавирус жағдайында бизнесті қолдаудың әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша жұмыс жүргізуде. АҚШ, Италия және Қытайда қабылданған шешімдер егжей-тегжейлі зерттеледі. Алайда, Үкіметке «Атамекен» ұсынатын негізгі бағыттар белгілі.
Біріншіден, шарттық міндеттемелерді сақтау мүмкін емес, сондықтан форс-мажорлық жағдайды тану. Екіншіден, бизнес үшін салықтық жүктемені жеңілдету мәселесі. Сонымен қатар, кіріс құлдырауына байланысты бизнесті толғандыратын кредиттер бойынша міндеттемелер бар.
Ұлттық палата жүргізген бизнес сауалнамасының деректеріне сәйкес, егер экономикалық жағдай нашарласа, кәсіпкерлер штатты қысқартады (респонденттің 30%), ал сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 16% - ы өз қызметкерлерін мерзімсіз демалысқа жіберетіні анықталған. Осыған байланысты ҰКП Үкіметке ұсынатын төртінші бағыт жеке секторда жұмыс істейтін еңбек ресурстарын қолдау болады.
Өндірістік-өткізу тізбегінің үзілуіне байланысты бірінші болып сыртқы экономикалық қызметте жұмыс істейтін компаниялар, соның ішінде экспорттаушылар тап болды. Қазақстанның сыртқы сауда палатасының деректері бойынша, компаниялар шекарада (нормативтен тыс бос тұрып қалғаны үшін, УСҚ үшін) шығынға ұшырайды. Сонымен қатар, көптеген өтініш білдірген компанияларда мемлекеттік тапсырыстар мен тендерлер бар.
Туристік саладағы бизнестен көптеген өтініштер келіп түскен. Қазақстандықтар сатып алынған турпакеттерді қайтаруда, ал туроператорлар ақшаны қайтаруға әрдайым дайын емес. Ішкі туризм саласындағы сұраныс 0-ге дейін төмендеді, қонақ үйлерге келушілердің қатары күрт төмендеді, мейрамханалардың, сауда-ойын-сауық орталықтарының қызметіне қауіп төнді.
Тіпті аса ауқымды және тұрақты нарықтарда 2020 жылғы жазғы маусымның соңына қарай шағын және орта тур компанияларының 30% - ын жоғалту қаупі бар.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: