astana-view

Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа не итермелейді?

2020 жылғы 13 Наурыз
5826 просмотров

2020 жылғы 13 наурызында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов «Сыбайлас жемқорлыққа арнайы шолу 2019» жобасы аясында кәсіпкерлердің пікірлерін зерттеу қорытындылары» тақырыбында онлайн-конференция өткізді

Журналистермен кездесу алдын ала жоспарланған болатын, бірақ 13 наурыздан бастап бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде конференцияларды өткізуге шектеу енгізілгендіктен, бизнес-омбудсмен оны тікелей эфирде өткізуге шешім қабылдады.

Іс-шараға тіркелген барлық журналистерге презентация алдын ала жіберілді.

Кездесуге «Стратегия «Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүлмира Илеуова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция департаментінің директоры Анар Жарова, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының басшысы Ербол Өстеміров қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмысына тартылуының себептері болды.

Экономикалық қызметтің әр түрлі салаларында сыбайлас жемқорлық көрінісі біркелкі емес. Мысалы, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары салалар - кеден, құрылыс және жер қатынастары.

«Шешілетін мәселенің» күрделілігіне қарай басшылық және төменгі деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын сыбайлас жемқорлық қызметінің тұрақты нарығы қалыптасып үлгерген.

Мынадай қызықты жағдай анықталды: сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлерде пара көлемі жоғары және керісінше, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары өңірлерде пара көлемі төмен. Мысалы, Қарағанды облысында пара мөлшерінің көрсеткіші барынша жоғары. Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында пара мөлшері төмен.

«Осы әлеуметтік зерттеу аясында біз 5891 респондентке сауалнама жүргізіп, барлық өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда 70 сұхбат жүргіздік. Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа тартылу деңгейі соңғы жылы 16%-ға, яғни 62%-дан 46%-ға дейін төмендегенін атап өткім келеді. Бұл өзгерістерге ықпал еткен, ең алдымен, контрагенттер арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттейтін және ашық ететін салықтық есеп жүйесін цифрландыру деп айтуға әбден болады», - деп, өз ойымен бөлісті Гүлмира Илеуова.

Тағы бір мынадай жағдайға тоқталсақ, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне адамдардың жас шамасы да ықпалын тигізеді екен: кәсіпкерлердің жас буынының қаржылық, технологиялық және құқықтық сауаты жоғары болғандықтан, ресми емес қарым-қатынастарға бармайтыны болжанып отыр, осылайша бизнеске келіп жатқан жас буын өкілдері бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының дәстүрлі ұстанымдары мен моделін өзгертуге атсалысып жатыр.

Сауалнаманың қорытындысы бойынша, оған қатысқан кәсіпкерлердің 51%-ы бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі сыбайлас жемқорлықты төмендету шаралары тиімді деген пікірде. Жемқор шенеуніктерді жазалауды қатаңдатуды талап ететін кәсіпкерлердің үлесі еш өзгеріссіз қалды. Әр түрлі салалар бойынша 10% бен 20% аралығында өзгереді. Жергілікті деңгейде бейінді мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауды арттыру талаптары маңызды болып тұр.

«Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейтуге ниет білдіріп отыр. Агенттік тарапынан шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта біз мемлекеттік органдармен қылмыстық заңнамаға енгізілетін бірқатар өзгерістерді әзірлеп жатырмыз, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту, бұл - қоныс колонияларында бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді жою, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануды шектеу, сондай-ақ еселік айыппұлдарды қолдануды шектеу. Бұл шаралар қазір пысықталып жатыр», - деді Анар Жарова.

Сыбайлас жемқорлықтың ең резонанстық себептері шенеуніктердің артық құжаттарды талап етіп, кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салу арқылы қорқытып алу болып табылады. Мемлекеттік органның өкілі орта есеппен 49% жағдайда, кәсіпкер 36% жағдайда сыбайлас жемқорлықтың бастамашысы болады.

Бұл ретте, салалар бойынша сыбайлас жемқорлық жағдайына тап болғандар:

- салық және мемлекеттік сатып алулар саласында әрбір бесінші;

- көлік, құрылыс, кеден және АӨК саласында - әрбір үшінші;

- жер қатынастары мен экология саласында - әрбір екінші респондент.

«Менің басты міндетім – кәсіпкерлерді қорғау. Біз кәсіпкер лауазымды тұлға тарапынан сапалы жұмысқа қол жеткізу үшін және мәселелерді шешу рәсімін заңды жолмен жеделдету үшін пара ұсынатынын анықтадық. Өйткені мемлекеттік мекеме қызметкері мәселенің шешімін көбіне қасақана кешеуілдетеді», - деп, атап өтті Рустам Жүрсінов.

Белгілі болғандай, пара беру мәселені бейресми түрде шешудің негізгі формасы. Пара мөлшеріне келер болсақ... Өкінішке орай, пара беру мәселелерді бейресми шешудің негізгі нысаны болып қалып отыр. Параның орташа мөлшері артуын жалғастырып, 205 мың теңгеге жетті. Параның ең төмен мөлшері (медиана) – экологияда (5-50 мың теңге), ең жоғары – құрылыс және жер қатынастарында (50-200 мың теңге).

«Зерттеу нәтижелері бойынша жасалған сыбайлас жемқорлықтың республикалық картасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ең жоғары көрсеткіштері Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында байқалады. Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар, Ақмола, СҚО, Алматы және Шымкент қалалары сыбайлас жемқорлықтың орташа көрсеткіші бар топқа жатқызылды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында және Нұр-сұлтан қалаларында сыбайлас жемқорлық көрсеткішінің деңгейі төмен», - деді Ербол Өстеміров.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа арнайы шолу» Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің басшылық етуімен жүргізіледі. Шолуды дайындаудың негізгі тәсілдерін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қарап, қолдады.

Зерттеудің міндеттері 8 қызмет саласы бойынша, сондай-ақ орталық және жергілікті деңгейдегі 15 мемлекеттік органдар арасында бизнестің сыбайлас жемқорлыққа тартылуының деңгейі мен ерекшелігін анықтау.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер