astana-view

Шаруаларға далалық және егін жинау жұмыстарына жылдық 5%-бен 24 млрд теңге бөлінді

2020 жылғы 19 Наурыз
8115 просмотров

 Агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне «Кең Дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстары және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жеңілдікпен несие рәсімдеу мүмкіндігі берілді. Диқандарға жалпы сомасы 24 млрд теңге көлемінде несие бөлінді

«Кең Дала» бағдарламасы бойынша несие алуға елдің бес өңірінен өтінімдер түсіп үлгерді. Жақын арада қалған облыстар да белсенді қатысатыны күтілуде. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өсірген уақытта шаруалар егін егу және астық жинау жұмыстарын уақытында бастауға небәрі жылдық 5%-бен несиені пайдалана алады.

 «Валюта курсының құбылуы, мөлшерлемелердің өсуі және коронавирустық инфекцясының пандемиясына байланысты экономикада орын алған күрделі кезеңге қарамастан Halyk Bank және Аграрлық несие корпорациясы осы маңызды процесті бастады. Бірінші кезекте отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне және аграрлық саланың дамуына қамқорлық таныту көзделген. Біз Аграрлық несие корпорациясы басшылығына тиімді серіктестік және қаржыландыру туралы мәселені жедел қарағаны үшін алғыс білдіреміз», – деді Halyk Bank  Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев.

 Halyk Bank өткен жылдан бастап Аграрлық несие корпорациясымен белсенді ынтымақтастықты қолға алды, нәтижесінде қаржы институты ауыл шаруашылығы саласына қарай әлеуетті бағдарлай алды. Айта кетелік, «Кең Дала» бағдарламасы шеңберінде кепілзаттық қамтамасыз ету бойынша қатаң талаптар жоқ. Шаруаларға жылдық маусымдылықты есепке ала отырып, қарызды төлеу бойынша ыңғайлы шарттар қарастырылған. Бұдан бөлек, банктің тұрақты және сенімді клиенттеріне кепілзатты қамтамасыз ету құрылымында жеңілдіктер жасалды.

Осы ретте 12 айдан аз мерзімді құрайтын несиелеудің қысқа мерзімі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне аталған арзан займды қолдануға мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі таңда шаруалардан несиелеу мерзімін бір жылға дейін ұзарту бойынша ұсыныстар келіп жатыр. Ауыл шаруашылығы өніміне маусымдық баға конъюктурасын есепке ала отырып, несиені 2020 жылдың көктемінен 2021 жылдың көктеміне дейінгі аралығында беру – диқандарға қарыз ақшаны анағұрлым тиімдірек пайдалануға мүмкіндік берер еді.

 «Банк өзінің барлық өңірлердегі бөлімшелері арқылы өз клиенттеріне, соның ішінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге сервистік қолдаумен қамтамасыз етуді жалғастырады. Клиенттердің ыңғайына қарай несиелік мәмілелерді қашықтықтан онлайн-рәсімдеуді іске қостық. Енді клиенттерімізге кеңселерімізге келіп, өтінім жасып, құжаттарға қол қоюдың қажеті жоқ», – деді Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары.

Қазіргі таңда әлемдік нарықтардың құбылмалылығы, жарияланған төтенше жағдай және коронавирустық инфекцияның карантині жағдайында аграрлық сектордың – ел экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін ерекше маңыздылығын ескере отырып, ауыл шаруашылығын белсенді несиелеу өте маңызды. Halyk Bank басшылығы мемлекет шаруаларды субсидиялау және қолдаудың қолданыстағы ережесін өзгертпейді деп сенеді, бұл шара олардың нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қаматамасыз етумен байланысты бизнес-міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер