astana-view

Қоғамдық көлік саласына пандемия жағдайында қалай көмектесуге болады?

2020 жылғы 26 Мамыр
7003 просмотров

Тасымалдаушылар карантиннен кейінгі кезеңде болатын қиындықтар жайында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен кездесу барысында айтты

 Қазақстанда төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты ҚХР, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияға, соның ішінде 117 тұрақты маршрут, сондай-ақ транзитті жолаушылар тасымалы бойынша жолаушылар мен багажды автомобиль көліктерімен халықаралық тасымалы уақытша тоқтатылған.

 Сонымен қатар төтенше жағдай кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында жолаушылардың қалалық және қала маңындағы тасымалы тоқтатылған, Алматы қаласы және басқа өңірлерде жолаушылар тасымалы шектелді (уақытша шектеулер, қозғалыс жиілігін төмендету, сондай-ақ жолаушыларды орындық саны бойынша ғана тасымалдау).

«Карантин кезеңінде халықаралық, қала аралық, қалалық, облыс іішіндегі маршруттарға тыйымды есепке ала отырып, жолаушылар тасымалының қоғамдық маршруттарының жабылуы салдарынан қоғамдық жолаушылар тасымалының кәсіпорындары кірістен айырылды. Кіріс 40%-ға төмендеді. Қоғамдық жолаушылар көлігі кәсіпорындары басқа тыйым салынған қызмет түрлерімен (қоғамдық тамақтану, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, базарлар) ұқсас жағдайға тап болды», – деді кездесу барысында «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС директоры Марат Абдрахманов.

Кәсіпкерлер дағдарысқа қарсы енгізілген салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ әкімдіктердің қалалық және қала маңындағы маршруттарда әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компанияларға субсидия төлемдерін қаматамасыз етуін – орын алған экономикалық жағдайдан шығу жолындағы шаралар ретінде атады.

 2020 жылға өңірлердің жергілікті атқарушы органдары 36 млрд теңге көлемінде субсидиялау көлемін бекітті, жоспар бойынша сома 71 млрд теңгені құрады. Осы ретте субсидиялау Алматы облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысы және Маңғыстау облысында қарастырылмаған, көлік компаниялары жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қалған өңірлерде жолаушылар тасымалы ағынының төмендеуіне қарамастан автобус компаниялары белгіленген маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын жүргізген, субсидиялау көлемі бұрынғы деңгейде сақталған.    

«Бізге субсидия қажет. Бүгінде компанияның көлік жүктелуі 50 пайызды немесе 38 автобусты құрайды, күнделікті түсім көлік құралдарына қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету, жанармай сатып алу және еңбекақы  төлеу бойынша шығындарды әрең өтейді. Компаниямыз нарықта 22 жылдан астам уақыт жұмыс істейді, штатта 180 көлік жүргізушісі, 21 кондуктор жұмыс істейді, олар қоғамдық көліктің тоқтауына байланысты мерзімсіз демалысқа кетуге мәжбүр болды. Шығындардың бір бөлігін кірісті жоғалту бойынша 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем арқылы жаптық», – деді «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бас директоры Әсия Шәрімова.

 ТЖ жарияланған соң қалаларда жолаушылар ағыны айтарлықтай төмендеді. Мәселен, Алматыда жолаушылар ағыны 10 есе (күніне 1,4 млн-нан 140 мың адамға дейін) төмендеген. Қалалық және қала маңындағы маршруттарда 12,5 мың автобус жұмылдырылған, 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

 Биыл «Атамекен» бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, автомобильді көлікте қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөнінде шаралар кешенін әзірледі.

 «Кешенді шараларды әзірлеу Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысынан кейінгі тапсырмасынан кейін басталды. Кешенді жоспар жолаушылар тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, оны бекіту 2020 жылдың мамыр-маусымына белгіленген», – деді ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Әмрин.

 Кешенді жоспар 5 бағытты қарастырады:

  • қалалық маршруттарда жолаушылардың жол ақысын қайта қарау;
  • әлеуметтік маңызы бар қалалық маршруттар тізімін анықтау;
  • қалалық маршруттарды толыққанды субсидиялауды қамтамасыз ету;
  • жолаушылар тасымалы саласында заңнаманы жетілдіру;
  • электронды билеттеу және диспетчерлікті ензігу.

Сонымен қатар Ұлттық палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық климатты жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасына әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жолаушылар тасымалын ҚҚС төлеуден босату туралы ұсынысты бастамалады, бұл шара тасымалдаушыларға түсетін салықтық ауыртпалықты жеңілдетеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер