astana-view

Қызылордада құбыр шығаратын өндіріс ашылды

2020 жылғы 25 Маусым
- Қызылорда облысы
5683 просмотров

Жаңа өндіріс Кәсіпкерлер палатасы мамандарының сүйемелдеуімен жұмысын бастады.

Исмаил Тунжер мен Индира Жамалова бес баланы тәрбиелеп отырған ата-ана. Кәсіппен айналысып жүргендеріне он жылдан астам уақыт болған. Кәсібін тауарларды алып-сатумен бастап, 2011 жылдан бері «Galaksi Group» компаниясының Қызылорда облысындағы диллері қызметін атқарып келеді. Бүгінде Исмаил Тунжер аймақта пластик терезелеріне қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп беруші ірі кәсіпкерлердің бірі. 

Үнемі ізденісте жүретін кәсіпкер отбасымен бірге өндірісті қолға алуды ойластырып, мамандардан кеңес ала бастайды. Алғашында кәсібін Шымкент қаласында ашпақшы болған ол кейін Қызылордада болғаны тиімді деген шешім қабылдайды. Осылайша осы жылдың қаңтар айында Кәсіпкерлер палатасының мамандарымен кеңесіп, жеңілдетілген несие алуға талаптанады.

«Исмаил Тунжер мырзамен жұмысты қаңтар айынан бастадық. Жобасының құны 200 млн.теңге. Құжаттарын әзірлеп жүргенімізде елімізде төтенше жағдай енгізілді. Кәсіпкер қиындыққа мойымай, табандылық танытып, карантин кезінде жаңа өндірісін іске қосты. Бұл жерде мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыны берген «Halyk Bank»-тің облыстық филиалы мамандарына айтар алғысымыз шексіз. Жобаның маңыздылығын ескере отырып, кәсіпкерге барлық жағдайды жасады, сапалы қызмет көрсетті», - дейді жобаны сүйемелдеген Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Жасұлан Серіков.

Жеке кәсіпкер «Жамалова»-ның «Құбырлар өндіру» жобасының құны 200 млн.теңгені құрайды. Өндіріс сәуір айының аяғында іске қосылды. Жобаға қажетті қаржының төрттен бір бөлігі, яғни айналым қаражаты, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 пайызбен берілді. Кәсіпкер «Даму» Қорының облыстық филиалы арқылы алған несиесіне субсидия да ала алды.

Кәсіпкер жеңілдетілген несиеге алған қаржыны шикізат алуға пайдаланбақ. Шикізатты Қытай, Турция елдерінен, Қазақстанда Алматыдан алмақ. Жоба аясында сантехникалық және кәріздік, сондай-ақ өзге де құбырлар шығаруда. Аталмыш тауарға сұраныс қазірдің өзінде бар. Дайын өнім облыстың аудандарынан өзге Шымкент қаласына да жеткізілуде. Бүгіннің өзінде Жамбыл облысы мен Алматы қаласынан, Бішкектен хабарласып, тапсырыс беруде.

«Кәсіпкердің жобасында ерекше ұнаған бір жері бар. Өнімдерін бұрын қолданыста болған тауарлардан да, сондай-ақ таза шикізаттан да жасай алады. Мәселен, қажетсіз қалдық ретінде тасталған пластик терезелерді қайтадан өңдеп, дайын өнім етіп те шығаруда. Бұл жоба өңіріміздің экологиялық қауіпсіздігіне де үлес қосатын өндіріс болмақ», - дейді Жасұлан Серіков.

Кәсіпкер Исмаил Тунжер жаңа жобасы аясында әзірге күніне 3,5 тонна өнім шығарылыа жатқандығын айтуда. Жоба толық іске қосылғанда күніне 10 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндігін бар екен. Әзірге 12 адамды жұмыспен қамтуда. Алдағы уақытта жұмысшыларының санын жиырмаға жеткізуді көздеуде.

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы іскер азаматқа жаңа бастамасында сәттілік тілейді және жобасын алдағы уақытта да сүйемелдеуге дайын екендігін жеткізеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер