astana-view

Абылай Мырзахметов: бизнеске қаражат айналымы жетіспейді

2020 жылғы 25 Шілде
3714 просмотров

«Қарапайым заттар экономикасы»: банктер жалпы сомасы 491 млрд теңгеге 2064 жобаны мақұлдады

Өткен жылдың наурыз айыныда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту жөнінде жобалық кеңсе құрылғаны белгілі. Бұл мемлекеттік органдар, даму институттары, әкімдіктер мен бизнес өкілдері кездесіп, түйткілді мәселелерді талқылауға арналған алаң. Бастапқыда Жобалық кеңсенің міндеті «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын сүйемелдеу және жетілдіру болатын. Ары қарай талдау нәтижесі өткізу мәселесі өзекті екенін көрсетті, сондықтан уақыт өте келе Жобалық кеңсенің қызметі – алдымен жергілікті қамтуды дамыту мәселелерімен, кейін импортты алмтастыруды дамытумен толыға түсті.

Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша пандемияның бизнеске келтірген зардабын бағалау мақсатында 23 маусымда Жобалық кеңсенің мандаты кеңейтілді, оның базасында бизнестің анағұрлым зардап шеккен салаларындағы ахуалға мониторинг жүргізу жөнінде жедел штаб құрылды. Мәселелер жиынтығының артуына байланысты кеңсенің атауын Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

Жыл басынан Жобалық кеңсенің 30 отырысы өтті.

Қандай жұмыс атқарылды?

1. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру

Жобалық кеңсені құру кезеңінде өткен жылдың наурыз айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асырудың 3 айы ішінде банктер небәрі 5 жобаны мақұлдаған. Бүгінде – 491 млрд теңге сомасына 2064 жоба мақұлданды. Банктердің қарауында – 131 млрд теңгеге тағы 301 жоба бар. Осы ретте банктер мақұлдаған жобалардың 86%-ы – қолданыстағы бизнесті жаңартуды кеңейту бойынша жобалар.

Жобаны іске асыру уақыты ішінде «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы, Жобалық кеңсе төрағасының орынбасары Абылай Мырзахметов келесі ұйғарымдарды келтірді:

Бірінші. Көптеген теріс дәйектерге қарамастан, Қазақстанда бизнес-белсенділік бар, бірақ оларға қаражат айналымы мен өндірістік жүктеуге қажетті сату көлемі жетіспей жатыр.

Ресми статистика деректері бойынша, 2019 жылы Қарапайым заттар экономикасы салалры бойынша  кәсіпорындардың орташа жүктелуі 50%-дан төмен болған: жеңіл өнеркәсібі – 21%, тамақ өнеркәсібі – 40%, машина жасау – 23%, химиялық өнеркәсібі – 48%-ды құраған.   

Бұл көрсеткіштер бизнесте айналым капиталына қаражаттың болмауын дәлелдейді. Бір жарым жыл ішінде «Атамекен» ҰКП аталмыш проблеманы Ұлттық банкке айтып, Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы шеңберінде бизнестің кері міндеттемелері есебінен айналым қаражатын 100%-ға толықтыру мүмкіндігін енгізуді сұрады, алайда аталған мәселе бойынша шешім әзірге жоқ.

Екінші. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Qoldau» ақпараттық жүйесінің 15 шілдеге сәйкес деректері бойынша 225,9 млрд теңге сомасында 1457 жоба субсидияланған. Осылайша, мақұлданған және субсидияланған жобалар арасындағы айырмашылық 265,6 млрд теңгеге 607 жобаны құрайды. Банктерден басқа осы 607 жоба тағдыры туралы мәліметтер ешкімде жоқ. Бұл жобалар ішінде банктер тарапынан қосымша мәліметтер, кепілдіктер беру бойынша кідіртпелі шарттарды қолданумен мақұлданған жобалар да болуы мүмкін. Банктер жобаларды қандай да бір үдеріссіз айлар бойы қарауда ұстауы мүмкін. Бұған қоса олар қарыз алушыларға кепілзат бойынша жоғары талаптар қояды. Ал мемлекет екінші деңгейлі банктер ісіне араласа алмайды.

Бағдарламаның жекелеген бағыттары бойынша, атап айтқанда АӨК-тегі өндіріс бойынша банктермен қатар мемлекеттік институт – Аграрлық несие корпорациясы оператор ретінде қатыса алады. Банктермен жұмыс істеуде объективті қиындықтарды және импортты алмастыру мен кең тұтынудағы тауарларды өндіруді игерудегі мақсатты мемлекеттік міндетті ескере отырып, Ұлттық палата Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасында мемлекеттік даму институттары рөлін күшейту мұмкіндігін қарастыруды ұсынады.

2. Жергілікті қамтуды дамыту.

2020 жылы мемлекеттік, квазимемлекеттік сатып алулар, сондай-ақ ірі жүйе құрушы және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларын қоса алғанда барлық реттелетін сатып алулуардың жоспар көлемі 18 трлн теңгеге жеткен. Өткен жылдары сатып алулардың нақты көлемі орташа есеппен жыл сайын 13-14 трлн теңгені құраған.

Үкіметтің Жобалық кеңсе және әкімдіктермен жүргізген белсенді жұмысының бір жылы ішінде «қарапайым заттар экономикасы» салалары бойынша сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін 2%-дан 23%-ға дейін өсіруге мүмкіндік жасалды. Ары қарайғы өсуге әлеует бар.

Осы мақсаттарға «Атамекен» қоғамдық бақылауды күшейтуді ұсынады. Ол үшін барлық әкімдіктер алаңында Жергілікті қамтуды бақылау жөнінде комиссиялар құрылды, аталған комиссиялар отандық өнімді қолдануда нақты бақылауды іске асыруы керек.  

Бұл жұмыс әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысты, онда сатып алулардың көлемі биылдың өзінде 2,5 трлн теңгені құрап отыр. Мәселелер қатарында «Атамекен» мамандары отандық материалдардың импорттық тауармен алмастырылуы, дұрыс емес есептілік және жергілікті қамту үшін тапсырыс берушілердің жауапкершілігінің болмауын атап өтуде.

Осы ретте отандық өндірістің дамуында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары айтарлықтай серпін көрсетіп отыр.

Бір жыл ішінде атқарылған бірлескен жұмыс арқылы жергілікті қамту үлесінің 51%-дан 69%-ға дейін жоғары көрсеткішіне қол жеткізілді.

Жаңа өндірістерді құруда айтарықтай тиімді құралдардың бірі – оффтейк-шарттар. Бүгінде 23 млрд теңгеге 37 оффтейк-шарт жасалды. Мұндай практиканы, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылар сатып алуларында кең қолдану қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер