astana-view

Абылай Мырзахметов: Санитарлық нормаларды жауапкершілікпен орындау бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік береді

2020 жылғы 03 Тамыз
6365 просмотров

Мемлекеттік комииссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин мерзімін тағы 2 аптаға ұзарту туралы тапсырма берді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов өзінің Facebook парақшасында бизнес өкілдеріне бұл шараға түсінікпен қарауға шақырды.

«Статистикалық мәліметтерге қарасақ, елімізде індетті еңсеруде жақсы үдеріс бар. Осы тенденцияны сақтау үшін санитарлық нормаларды барынша қатаң ұстанғанымыз абзал. Сондықтан Мелекет басшысы карантиндік шараларды тағы екі аптаға ұзартуы орынды шешім. Біз де қоғам, бизнес болып, осыған жауапкершілікпен қарайық», – деп үндеу салды Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палата жүргізген сауалнамаға сәйкес карантиннің соңғы 4 аптасында анағұрлым зардап шеккен салалар: сауда саласы,  қызмет көрсету, соның ішінде туризм, қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтануда 840  мыңға жуық кәсіпкер қиыншылықта қалып, жұмыскерлерін қысқарттуға мәжбүр болған. Бұл салаларда 1,3 млн адам жұмыс істейді. Сауалнамаға қатысқан 40 мыңға жуық кәсіпкердің 35%-ы жұмыскерлерін қысқартып, ақысыз мәжбүрлі демалысқа жібергенін көрсеткен. 

«Мемлекеттік комиссия отырысында бұл көрсеткіштер туралы ақпараттандырдым. Бизнесте жұмысқа шығуға дайындалу үшін екі апта уақыты бар. Әрине қазір мемлекет алдында диллема тұр – не экономиканы тұрақтандыру, не азаматтардың денсаулығын сақтау, басымдық халық денсаулығына берілген. Соңғы үш аптада санитарлық дәрігерлермен, тоқтап тұрған салалардағы кәсіпкерлер, қауымдастықтармен бірігіп, осы санитарлық нормаларын егжей-тегжейлі қарадық, нақты алгоритмдер сараланды. Оларды InfoKazakhstan алаңында таныстыруға дайынбыз», – деді Абылай Мырзахметов.

ҰКП Басқарма Төрағасының хабарлауынша, 4 тамызда Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұйрығы шығады. Оған сәйкес 5 тамызда  бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік беретін санитарлық нормалар бекітіледі.

InfoKazakhstan – бизнеске арналған цифрлық шешім. Осыған дейін аталған платформаны алматылық кәсіпкерлер (InfoAlmaty) төтенше жағдайда қалада көлікпен қозғалуға рұқсат алу үшін пайдаланды. Платформаның тиімділігі жоғары болды. Спикердің айтуынша, енді алматылық кәсіпкерлер платформаны жетілдірді.

Цифрлық мүмкіндік арқылы алгоритмдермен танысып, жұмысқа дайындық туралы чек-листі растауға болады. Сондай-ақ сайтта санитарлық дәрігерлерден құралған мониторингтік топ жұмыс істейді.

«Санитарлық талаптардың бұзылғаны үшін үлкен айыппұлдар салынады, жүйе қатаң түрде жұмыс істейді. Міндеттемелерді орындауда бизнес келушілерді қорғаныш заттармен қамтамасыз етуге міндеттеледі, бұл кәсіпкерлерге ауыр, өйткені олардың осы жылы табысы болмады. Біз қолдаудың жолын таптық, әкімдіктердің субсидиялар арқылы шағын және орта бизнесті қолдап, санитайзерлер, дезинфекциялық құралдар мен маскалар шығындарын өтеуі туралы айтып отырмыз. Санитарлық нормаларды қатаң ұстанумен көптеген объектіні іске қосуға болады деп санаймыз», – деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

«Атамекен» ҰКП бастамсымен жуық арада кәсіпкерлерге арналған несие демалысы бойынша нормативтік бұйрық шығады, салықтық ұсыныстар бойынша топтама дайындалып жатыр.

«Шағын және орта кәсіпкерлікті төлемдерден босату мүмкіндігі, сондай-ақ жалға берушілерге өтемақы төлеу механизмі қаралады. Бизнеске қалпына келу процесі оңай болмайды, көбі банкротқа ұшырауы мүмкін, біздің мақсат – бизнеске қайта жұмыс істеуге барынша көмек беру», – деді спикер.

Оның айтуынша, төлемдерді кейінге шегеру – уақытша шаралар, індетке қарсы иммунитет пен вакцина табылмағанша көп кәсіпкер қиындыққа  төтеп бере алмайды. Сұраныс жоқ. Ал төлемдерді қайтару керек болады.

«Қазіргі таңда бизнеспен бірге үлкен жұмысты бастаймыз, осылайша кәсіпкерліктің басым бөлігін сақтауға мүмкіндік жасалады. Сұранысқа ие секторлар бар, бізге экспорттық шешімдерді тауып, нарыққа қайта бейімделу жолдарын түсіну қажет», – деп атап өтті Басқарма Төрағасы.

Сөз соңында Абылай Мырзахметов санитарлық нормаларды барынша сақтауға шақырды.

«Коронавирус өзінің қауіптілігін көрсетті. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылардың айтуынша, небәрі 30% ғана медицинаның дайындығына байланысты. Қалған профилактиканың 70%-ы азаматтардың өз қолында, бұл дегеніміз қауіпсіздік шараларды ұстану – маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қол жуу. Осыдан он күн бұрын #3zhanaádet, #3новые привычки жалпыұлттық челленджін іске қостық. Әріптестеріміз, кәсіпкерлердің бәрінде әлеуметтік желілерде аккаунттары бар. Өз аккаунттарыңыз бен шығарылып жатқан өнім арқылы жаңа әдеттерді бойға сіңіруге үндейтін стикерлерді орналастыруға шақырамыз. Барлық кеңселерде, дүкендер, дәріханаларға барар жолда стикерлер көрінсін. Осы үш жаңа әдетке үндейтін парақшаларды көзіміз шалсын. Науқанға қоғам белсенділері, танымал тұлғалар, еріктілер қатысады деген ойдамын. Қара індетке жауабымыз үш жаңа әдет болсын. Жұмылған жұдырықтай болайық», – дейді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер