astana-view

Бизнес-білім беру – кәсіпкерліктің өсу драйвері – сарапшының Президент жолдауына қатысты пікірі

2020 жылғы 01 Қыркүйек
5099 просмотров

Кәсіпкерлік білім беруді дамыту жөніндегі маман Ермек Дүйсенханов мектептер, ЖОО, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына арналған кәсіпкерлік негіздері пәні бойынша бағдарламалар мен оқу материалдарының авторы.

 Сарапшының пікірінше, Қазақстанның оқу орындарында кәсіпкерлік негіздерін оқытуды енгізу елдегі кәсіпкерлік дамуының драйверіне айналады, бұған әлімдік тәжірибе де дәлел.

 Әлемнің көптеген елі осы бағытқа басымдық беруде, бұл үдеріс балабақшалардан әлемдегі ең жақсы бизнес мектептеріне дейін білім беру ұйымдарының бағдарламаларына кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға арналған пәндер мен тәжірибелерді енгізу арқылы расталады.

 Қазақстан нарығында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға деген сұраныс байқалады, осы сұранысты пайдаланып, сәйкес экономикалық білімі жоқ, біліктілігі төмен оқытушылар қажеттілікті толтыруға тырысып, көптеген оқу курстарын, мектеп және тренинг орталығын ашып жатыр.

 Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін айтылған бастамасы бойынша кәсіпкерлік дамуға жүйелі модульдерді енгізу – осы дамуды дұрыс арнаға салуы қажет.

 «Біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілікті қалыптастыруға қайта бағдарлауымыз керек. Басымдық кәсіпкерлердің жаңа легін дайындауға берілмек. Сондықтан «Кәсіпкерліктің негіздері» пәні мектептерден жоғары оқу орындарына дейін білім берудің барлық деңгейінде оқытылуы қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

 Дүйсенханов мырзаның пікірінше, жаңа жүйелі көзқарас пәннің контентті мазмұнын жақсартады және студенттерге қазақстандық бизнес-кейстер және қазақстандық кәсіпкерлерді көрсетуге мүмкіндік береді, бұл жастарды жеке кәсіпкерлік қызметін бастауға итермелейді.

 Сарапшы кәсіпкерлік әлемі – сәнді ІТ-стартаптар ғана емес, «қарапайым заттар экономикасы» сынды дәстүрлік бизнес екенін, оны қашанда есте сақтау қажеттігін атап өтті.

Кәсіпкерлік білім беру – бүтін экожүйе, пәнді оқу бағдарламасына жай ғана енгізе салу жеткіліксіз. Бизнесмендерді оқу процесіне тарту, менторлық сүйемелдеу, кәсіпорындарға бару, байқаулар өткізу, жасөспірімдер бизнес-лагерлердің болуын қамтитын жүйелі тәсілдер қажет. Мұндай бастамалар тестілеуден өтіп, қажеттіліктерін байқатты. Сарапшы осындай экожүйені құруда көмек көрсеткені үшін «Атамекен» ҰКП-ға алғыс білдірді.

 «Біз 10-11 сыныптар, кәсіптік-техникалық білім беру орталықтары мен ЖОО-ларға арналған «Кәсіпкерлік негіздері» оқу бағдарламасын әзірледік. Бұл ұзақ жол болды: пәнді ауыл және қала мектептерінде сынап көрдік, жергілікті ерекшілікті есепке алуды үйрендік. Кәсіпкерлік тез қарқынды дамып жатқан нарықтың түрленуіне қарай үнемі өзгеретін пән. Сондықтан біз жаңа кейстер, әдістер мен оқу формаларын үнемі іздеу үстіндеміз. Оның бірі Қазақстанның кез келген нүктесінен онлайн режимде кәсіпкерлік негіздерін оқуға мүмкіндк беретін Atameken Academy интернет алаңы. Келесі қадамымыз – бағдарламаны бастауыш сыныптарға арнап кеңейту болмақ».

 Осы ретте сарапшының айтуынша, кәсіпкерлік табыс қана емес, мемлекет, экология, клиенттер, серіктестер алдындағы үлкен жауапкершілікті қамтитын қажырлы еңбек. Сондықтан лекторлар, бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдарды жасаушылар, кәсіпкерлікті оқытатын әдіскерлер жастарға өз ісін қалай ашуды ғана емес, сонымен бірге бизнесмендердің өз бизнесінің барлық басқа мүдделі тараптарына жауапкершілікпен қарауын үйретуі керек.

 «Түрлі оқытушылардың оқыту әдісін талдай келе, мұғалімдер нақты өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына баса назар аударатынын анғардым. Бірақ заманауи жас бизнесмендер өз ауылы, қаласы, облысы, елінің нарығымен шектеліп қалған жоқ: оларда шектен, шекарадан шығуда үлкен әлеует бар. Жас кәсіпкерлер осы мүмкіндікті сезініп, Қазақстанды халықаралық нарықтарда абыроймен таныстыра бастауын қалаймын», – деді сарапшы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер