astana-view

Ақтөбелік кәсіпкерлерді қала әкімі қабылдады 

2020 жылғы 25 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
4757 просмотров

"Бизнеске арналған үкімет" фронт-кеңсесінің алаңында қала әкімі Асхат Шахаров ақтөбелік кәсіпкерлер үшін жеке қабылдау өткізді. Кәсіптеріне қатысты туындаған мәселелерін шешу мақсатында қала басшысына  15 кәсіпкер жолықты. Бұл негізінен жер қатынастары және абаттандыру салаларындағы бизнесті дамыту бойынша өзекті,әрі жүйелі мәселелер болды.

Мәселен,«Дәмді торттар мекені «Happy cake» дүкенін ашқан кәсіпкер Венера Әділшина Ақтөбеде бірнеше орында кондитерлік өнімдер сататын павильон ашпақ жоспарын айтты.

"Биыл маусым айында мен  "Ақтөбе" ӘКК-нен қаланың  11,12 шағын аудандарынан,Нұр Ақтөбеден,Заречный елдімекенінен және қаланың ескі бөлігінен жер сұрадым. Әзірге өтінішіме жауап ала алмадым. Маған менің өтінішім қалалық әкімдікке бағытталғанын айтты",- деген кәсіпкер әкімге павильон сызбасын көрсетті. 

Венера Әділшинаға мұндай сату орындарын аялдамалық павильондардан ашуға болады деген ұсыныс берілді. 

"Үш ай бұрын Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп біз аялдамаларда павильон орнату бойынша бизнесмендер арасында байқау жарияладық. Конкурс талабы бойынша жеңімпаз бір жыл ішінде бекітілген жобадағыдай аялдамалық павильон салып,оның аумағын абаттандыруы тиіс. Аялдама тұрған павильонды кәсіпкер  20 жыл пайдалана алады және оған сол павильонда дүкен,гүлдер салонын,дәріхана,шағын дәмхана немесе аяқ киім жөндейтін шеберхана аша алады. Ол үшін кәсіпкер жер қатынастары бөліміне келіп,әртүрлі нұсқаларды бірге қараймыз. Дегенмен,барлығы конкурстық негізде болатынын ескеру керек",- деді жер қатынастары бөлімінің басшысы Әлібек Серікбаев. 

Қала басшысының қабылдауына жазылған тағы бір кәсіпкер  24 жастағы Евгений Мерц. Оның жеке кәсіпкерлігі  5 жылдан бері кілем жуып,химиялық  тазалау қызметін көрсетумен айналысады. Жалға алынған ғимаратта жұмыс істеп отыр. Ол екі қатарлы,заманауи ғимарат тұрғызып,бұйымдарды жуу және химиялық тазалау қызметін еуропалық стандартқа сәйкес келетін деңгейге жеткізуді армандайды. 

"Идеямды жүзеге асыру үшін  ғимарат құрылысына арналған  0,3 га жер учаскесі керек. Осы кәсіпке  80 миллион теңге қаражат салуға дайынмын. Жаңадан дамып келе жатқан Батыс-2 ауданы біз үшін қолайлы болар еді",- деді бизнеске арналған дайын жобасын жайып көрсеткен  Евгений. 

Бұл мәселеге қатысты қала әкімі жер қатынастары бөлімінің басшысына тапсырма берді. "Егер өндіріс  инновациялық-инвестициялық маңызға ие болса,жоба аукцион арқылы немесе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы ұсынылады",- деп атап өтті қала әкімі.

"АСК - Project" жобалық компаниясының директоры Айгүл Сейтжапарова да бизнесін дамыту үшін жер телімін сұрады. Кәсіпкер өз серіктестігінің базасында оқу орталығын салуға дайын. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту курстарын ұйымдастыруды жоспарлайды. Әлеуметтік жоба қала әкімінің назарынан тыс қалмады,қаперге алынды. 

Ал Ақжар ауылынан келген Светлана Романюк жолдасы екеуі ұсақ жандық және үй құстарын өсірумен айналысады. Жұмыстың қиындығына мойымайды. Кәсіпті кеңейтіп,мал басын көбейтуді ойлайды. Өздері тұратын аумақтан кәсіп үшін жер телімін сұрады. 

"Бүгінгідей  жобалар таңданыс тудырады және оларды жүзеге асырмақ болып отырған кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге тырысамыз. Әсіресе жұмыстан қорықпайтын еңбек адамдарын қолдау керек",- деді қала әкімі Асхат Шахаров. 

Кәсіпкерлерге мәселелерін шешу бойынша заң аясында түсіндірілді және жауапты тұлғаларға сәйкесінше тапсырма берілді. 

"Мұндай алаң билік өкілдерімен бірге бизнес мәселелерін ашық талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Және де мұның нәтижелі бола бастағанын көріп отырмыз. Біз қала әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Кәсіпкерлер тарапынан айтылған барлық ұсыныстар қолдау табады деген үміттемін.  Кәсіпкерлердің кейбір жобаларын  "Қарапайым заттар экономикасы" жобасы аясында жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қосуға болады. Біз кәсіпкерлерге өз тарапымыздан да қолдау көрсететін боламыз. Айта кету керек,осыған дейін біздің алаңымызда қала әкімінің орынбасары Сергей Ли кәсіпкерлерге арналған қабылдау өткізді",- деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова. 

Мұндай қабылдаулар тұрақты негізде өткізілетін болады. Бұл туралы БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарлап отыратын боламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер