astana-view

Инклюзивті бизнес: мүмкіндіктері мен келешегі

2020 жылғы 01 Қазан
6746 просмотров

30 қыркүйекте «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Atameken Business телеарнасының арнайы жобасы аясында әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелеріне арналған тікелей эфир өтті

 «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы халықты кәсіпкерлік дағдыларға оқыту және олардық бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған «Бастау Бизнес» жобасын іске асыруда. Жобада үш негізгі құрал: оқыту, микронесиелеу және гранттық қаржыландыру, іске асырылған жобаларды сүйемелдеу біріктірілген. 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасына еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі 1 134 адам, биыл – 880 адам қатысты.

Жасұлан Меңдіқұлов, «Бизнес Бастау» жобасының жетекшісі, бизнес-тренер:

«Бастау Бизнес» әлеуметтік жоба емес, ол шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасының аясында жүзеге асырылады. «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысушылардың ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға жобаларын жетелеу барысында, кәсіптерін ашарда, мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге көмектесуде басымдық береміз».

Мүмкіндіктері шектеулі жандардан келіп түскен өтініштерінің басым бөлігі: ғимаратты жалға алу, бизнес-идеяларын іске асыру барысында, келіссөздер жүргізген кезде жаңа технологияларын қалай қолдануды меңгеру және мемлекеттік қолдау шараларын қолдана білуге қатысты.

Статистика бойынша АҚШ-та әлеуметтік кәсіпкерлер саны – 168 000, Ұлыбританияда – 70 000, салыстыру үшін Қазақстанда 300 кәсіпкер осы бағытта жұмыс істейді. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 700 мыңға жуық адам бар.

«ELAMAN» әлеуметтік инновациялық жобалар қорының төрағасы, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының штаттан тыс кеңесшісі Ержан Алмаз өз тарапынан мүгедектердің қазіргі таңдағы жағдайын былай сипаттап берді:

«Бізде әлі де мүгедек жандарды кемсіту, дискриминация жайттары бар. Жұмысқа талпынысы бар адамдарды кемсітпеуді қамтамасыз ететін елімізде заң жоқ. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін, мүгедектерге белгілі бір кәсіппен айналысуға мүмкіндік беру қажет. Мүгедектерді жұмысқа алу кезінде 2,4% квотамыз бар, дегенмен іс жүзінде бұл іс-шара жүзеге аспай отыр. Бірақ «Атамекен» ҰКП ішінде тауар шығараушы, жұмыс атқарушы кеңесін құрдық. Бұл кеңесті құрудың мақсаты үкіметке кәсіпкерлердің шешілмей жүрген өзекті мәселелерін жеткізіп шешу. Осы сәтте біз кәсіпкерлерді мүгедектігі бар, мүгедектігі жоқ деп бөлмейміз, оларды әлеуметтік кәсіпкерлер деп кеңінен аламыз. Себебі ол бір адамның мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамның мәселесі!»

Әлеуметтік кәсіпкерлікті сәтті жүргізу үшін тиісті заң (заңгерліік терминді бекіту), несиелеу және субсидиялау бойынша жеңілдіктер, орынжай және сату нүктесін жеңілдікпен беру қажет. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң әзірлену үстінде. Кәсіпкерлер осы заң арқылы жаңа бағытты дамытуға ықпал жасалады деген үмітте.

 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп,  мемлекеттік сатып алуларға қатысуде әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі жұмыс тобын құру ұсынылды. Осылайша өткізу нүктелердің тапшылығы мәселесі шешілер еді.

Туғаннан екі қолы жоқ болса да, қолөнерді дамытып, жеке бизнесті ашқан Тараз қаласының тұрғыны Анар Бексұлтанова «Атамекен» алаңында өз тәжірибесімен бөлісті:

«Мен кәсіпкерлікпен айналысуды осыдан жеті жыл бұрын бастадым, негізі биология пәнінің мұғалімімін. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіпкерлікпен айналысу үшін біршама көмек көрсетіп жатыр. Мысалға, мен кеше «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 2,5 млн грантты жеңіп алдым. Карантинді сезінген жоқпыз, пандемия кезінде де жұмысты жасай бердік».

Меруерт Құлахметова, бухгалтерлік қызмет көрсету бойынша шағын кәсібі бар кәсіпкер:

«Менің бухгалтерлік қызмет көрсету бойынша шағын кәсібім бар: онда қызмет атқаратын бес адамның ішінде үшеуі — мүгедектігі бар адамдар. Мүгедектігі бар адамдарға екі-ақ жол бар: мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс істеу немесе өзіңнің кәсібінді ашып дамыту. Өйткені жұмыс беруші бізге толыққанды жұмысшы ретінде қарай алмайды, біліміміз, біліктілігіміз бар болса да, тек қана мүгедектігімізді назарға алады… Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау бағыты бойынша үлкен жұмыс жасалуда. Мен 2018, 2019 жылдары «Бизнестің жолкартасы-2020» бағдарламаның аясында берілген екі грантты ұтып алдым. Соның арқасында керек құрал-жабдық, компьютерлерімізді алып, жұмысымызды дөңгелетіп отырмыз. Кәсіпкерліктің дұрыс дамымаудың негізгі себебі — сауаттылықтың жоқтығы. «Атамекен» ҰКП қаншалықты көп жұмыс жүргізгілсе де, үгіт-насихат аз. Көп адамдар ондай мүмкіндіктердің бар екендігі туралы білмейді».

Тікелей эфирге қатысушылар инклюзивті бизнесті дамытудың алдында инклюзивті қоғамды қалыптастыру керек екенімен келісті. Мүгедек жандардың қоғамда әлеуметті өнуіне барынша көңіл аудару қажет. Содан кейін инклюзивті қоғам, бизнестің мәселесін шешуге болады.

«Инклюзивті бизнес: мүмкіндіктері мен келешегі» «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Atameken Business телеарнасының «Бизнес және мемлекет» арнайы жобасы аясында әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелеріне арналған шығарылымды мына сілтемеден көруге болады: https://youtu.be/kAQf7tXRUOk

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер