astana-view

Бизнес не үшін жауапқа тартылатынын білуі керек

2020 жылғы 14 Желтоқсан
8450 просмотров

7 желтоқсанда Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мониторингтік топтың жұмысын реттеуге бағытталған жаңа тексеру қағидаларын қабылдады. «Атамекен» ҚР ҰКП мамандары жаңа нормалар жүйесіздік пен жемқорлық мәселесін шешпейді деп санайды

 «Біз мониторингтік топтар жұмысты нақты істеуіне арналған нақты критерийлерді ұсындық. Сол кезде бизнес оған тексерумен қандай жағдайда келетінін білер еді. Бірақ жаңа алгоритм жүйесіз тексерулер мәселесін мүлде шешпейді, критерийлер жоқ. Іс жүзінде Президент сөккен: «қашан тексерем, кімді тексерем, өзім білем» принципі сақталып қалды, ал тапсырма шешілмеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір.

 Тексеру кезінде мониторингтік топтар нысандарды бұзушылықтарға тексереді, атап айтқанда, тазартқыштардың немесе дезинфекциялау құралдарының жетіспеушілігі, жаппай іс-шараларды өткізу, белгіленбеген уақытта жұмыс істеу назарға алынады. Бірақ алгоритмде мониторингтік тобының мүшесінде тексеру кезінде қандай құжаттар тізімі және кәсіпкермен өзара әрекеттесу жөніндегі нұсқаулықтың болуы қарастырылмаған.

 «Біз топ мүшесінде кері нәтижелі ПТР-тесті болуы керек пе, жоқ па, білмейміз.  Клиенттер арасындағы жауапкершілікті бөлу көрсетілмеген, ал осыған дейін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсізідігін бақылау комитеті мұндай жіктеу керек екенін растаған болатын», – деді Басқарма төрағасының орынбасары.

 Сонымен қатар тексеруге нысандарды іріктеу, сондай-ақ тексеру жүргізу жиелігі де түсініксіз. Осы ретте тексерілген кәсіпкерлердің есебі жүргізілмейді және ешқайда жарияланбайды, демек сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалып отыр. Бұзушылықтары жоқ нысандар да белгіленіп жатқан жоқ.

 Еске салсақ, әкімшілік құқық бұзушылыққа – құқық қорғау және мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, бұқаралық ақпарат құралдарынан келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы материалдар, сондай-ақ жеке тұлғалардың шағымдары мен арыздары негіз бола алады. Айыппұлдар көлемі шағын бизнес субъектілері үшін 230 АЕК-тен басталып, ірі бизнеске 1600 АЕК-ке дейін салынады.

 «Егер бұзушылықтар анықталса, мониторинг тобы материалдарды СЭҚ-қа немесе үйлестіру орталығына жібереді. Сол жерде кәсіпкерлік кодекс шеңберінде толыққанды тексеріс жүргізу туралы жедел хабарламалар жіберіледі. Нұсқамалар СЭҚ тексеру нәтижесінде шығарылады. Демек, мониторингтік топ бұзушының жұмысын тоқтатуға ықпал етпейді. Ал жаңа құжаттың ұтымды тұсы жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес тексеру парағымен қарастырылған бұзушылықтар бойынша ғана орын алатыны. Мониторингтік топтар кәсіпкерлерге өз бетінше айыппұл сала алмайды», – деді Шыңғыс Темір.

 Механимзді барынша түсінікті етіп, ретсіз тексерулерді доғару үшін «Атамекен» мамандары бизнесті Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде тексеруді ұсынады. Мұндай тексеру қатаң регламенттелген және прокуратурада тіркеледі, оның тиімділігін оңай талдауға болады. Ұялы байланыс операторларының көп адамдар туралы және өрескел бұзушылықтар туралы деректері негізінде тексеруге арналған объектілерді таңдау:

-келушілер санын шамадан тыс асыру;

-тыйым салынған нысандардың жұмысы;

-маска режимін сақтамау;

-нысан жұмыс кестесін бұзу.

 «Біз Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігімен бірнеше рет кездесу өткізіп, тексерулерді өрескел бұзушылықтар негізінде жүргізуді ұсындық», – деп қорытындылады Шыңғыс Темір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер