astana-view

БҚО-да қарапайым заттар экономикасы бойынша 232 жоба іске асырылып жатыр

2020 жылғы 23 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
6723 просмотров

Облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Исқалиевтің төрағалығымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жобалық кеңсенің отырысы өтті. Іс-шараға екінші деңгейлі банктер, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты

 БҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ыбырайымов облыста бағдарлама шеңберінде 232 жоба іске асып жатқанын хабарлады. Жобалардың басым бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі. Осы секторда 9,1 млрд теңгеге 199 жоба мақұлданған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеудегі қаржыландырылатын жобалардың үлесі 70,8%, өңдеу өнеркәсібінде – 15,3%, қызмет көрсету саласында – 12,9%-ды құрайды.

Жобаларды Агро несиелеу корпорациясы, Қазақстан Халық Банкі, Сбербанк, ATФ банкі, және Нұрбанк банк белсенді қаржыландыруда. Бағдарлама бойынша Альфа банк, Еуразия банкі және Форте банкте жоба әзірге жоқ.  Басқа өңірлермен салыстырғанда банктердің белсенділігі төмен, – деді баяндаушы. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша – Орал қаласы, Сырым ауданы, Ақжайық ауданы, Теректі ауданы, Қазталов ауданы және Бәйтерек ауданы көш бастап тұр. Нәтижесінде 258 жаңа жұмыс орны құрылды, 11,5 мыңнан астам бас ірі қара және 28 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Айта кету керек, жыл басынан бері облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің төрағалығымен жобалық кеңсенің 19 отырысы өткізіліп, онда жұмыс мәселелері талқыланып, жұмыс мәселелері шешілді. Екінші деңгейлі банктермен және басқа қаржы институттарымен жұмыс жүргізілді. Қорытынды кездесу барысында бағдарламаны іске асырудың жүйелік проблемалық мәселелері талқыланды.

 Облыс басшысы мемлекеттік қолдауды тиімді қолданып, жобалрды іске асыру үшін кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жаңартуды тапсырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер