astana-view

Кәсіпкерлер назарына: айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының аяқталуына екі ай қалды

2021 жылғы 01 Ақпан
- Қызылорда облысы
6852 просмотров

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Мұрат Балабаев айтты.

Өткен жылы пандемияның салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерге айналым қаражаты үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп жатқандығын айтқан болатынбыз.

Палата маманы аталмыш бағдарлама бойынша берілетін несиелердің мерзімі 2021 жылдың 31 наурызына дейін ұзартылғандығын жеткізді.

Мұрат Балабаевтың айтуынша, бағдарлама кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі күнге аталмыш бағдарлама аясында аймақтың 108 кәсіпкері жалпы 8,3 млрд.теңге несие алған.

Бағдарламаны жалғастыру үшін бюджеттен 200 млрд.теңге бөлінген екен. Оның 100 млрд.теңгесі ауыл шаруашылығы саласына өңдеу мен қайта өндіруге бағытталған. Бағдарламада өзгеріс те бар. Ендігі жерде жеңілдетілген несиені шағын және орта кәсіпкерліктерден өзге ірі кәсіпкерліктер де, сондай-ақ төтенше жағдайдан зардап шеккен ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері де ала алатын болды.

Несие 8 %-бен 12 айға беріледі. Кәсіпкерлерге берілетін қаржының лимиті бар. Жеке кәсіпкерлерге берілетін қаржы - 50 млн.теңгеге дейін, шағын және орта бизнес өкілдеріне - 3 млрд.теңгеге дейін, ірі кәсіпкерліктерге - 6 млрд.теңгеге дейін несие. 2020 жылдың 16 наурызына дейін банктегі мерзімі өткен қарызы 90 күнтізбелік күннен асқан кәсіпкерлерге несие берілмейді.

Несиені Қызылорда облысында филиалдары бар 8 қаржы институтынан алуға болады. Олар: Қазақстан Халық Банкі, АТФБанк, ForteBank, Jysan Bank, ЦентрКредит Банкі, Сбербанк, Еуразиялық банк, ВТБ банк, Аграрлы несие корпорациясы.

Осы бағдарлама аясында Аграрлық несие корпорациясына агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс пен қайта өңдеу саласындағы жобаларды несиелендіру үшін 30 миллиард теңге бөлінді.

Несие алу барысында кепіл мүлікке қатысты мәселе болған жағдайда «Даму» қоры арқылы 50 пайызға дейін кепілдендіруге болады.

Мұрат Балабаев айналым капиталын толықтыруға арналған несиенің кәсіпкердің банктік шотына аударылатындығын жеткізді. Кәсіпкер төлемдерді келесі бағыттар бойынша қолма-қол ақшасыз жүзеге асырады: тауарлар мен басқа да материалдар, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу; қорларды, шығын материалдары мен шикізатты толықтыру; ассортиментті кеңейту; шарттық міндеттемелерді орындау; ағымдағы шығыстарды, оның ішінде әкімшілік шығыстарды жүзеге асыру (қызметкерлерге жалақы төлеу, салықтарды төлеу және т.б.).

Кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін келесі құжаттардың кез келгенін банкке ұсынуы керек: басқарушылық шоттар; тауарларды өткізуді есепке алу; дебиторлық берешек туралы есептер; қызметкерлердің ақысыз еңбек демалысы туралы өтініштері; төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты қарыз алушының қызметін тоқтата тұруды растайтын құжат; басқа құжаттар. Сондай-ақ, қаржы институттары өздерінің ішкі несиелік саясатына сәйкес қосымша құжаттар талап ете алады.

«Егер кәсіпкер жоғарыда айтылған жеңілдетілген несие бағдарламасына қатыса алмаған жағдайда өзге де «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2025», «Еңбек», «Даму-Өндіріс» бағдарламаларының әлеуетін қолдана алады», - дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Мұрат Балабаев.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. Мекен-жайы: Қызылорда қаласы 123, «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер