astana-view

ЕАЭО нарығында кедергілермен күрес жүйеленбек

2021 жылғы 18 Ақпан
8295 просмотров

2-3 наурыз аралығында ЕЭК басшысының Нұр-Сұлтанға сапары мен қазақстандық кәсіпкерлермен кездесуі жоспарланған. «Атамекен» отандық кәсіпкерлерге ЕАЭО шеңберінде жүргізілген шектеулерді талқыламақ. Еуразиялық экономикалық алқа Төрағасы Михаил Мясниковичтің бизнеспен кездесуі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен екі күндік кездесуі шеңберінде өтеді. Келіссөздер мақсаты – Комиссия және ЕАЭО елдеріндегі бизнестің байланысын нығайту.

 Қазақстан 2021 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді, бұл елімізе ағымдағы жылы жұмыс бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Өнеркәсіп кооперациясын дамыту, ЕАЭО ішкі нарығында кедергілерді алып тастау, трансшекаралық көлік күре жолдары мен логистикалық хабтар, цифрландыру әлеуметтік пайдалану, сондай-ақ ЕАЭО туралы келісімшартты іске асыру және  Одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына интегарциялық процестердің әсер ету мәселелеріне басымдық берілмек.

 «Атамекен» ҰКП өз кезегінде ЕАЭО Іскерлік кеңесінде жетекшілік позицияны алды. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Талғат Темірхановтың пікірінше,  Қазақстанның алға қойылған міндеттерді іске асыруда әлеуеті бар.

«Өзара сауда процедураларын оңтайландырып, ұлттық ақпараттық жүйелердің толық интегарциясын жүргізу қажет. Қазақстан бұл бағытқа қызығушылық танытуда әрі интеграциялық процеске көптеген шағын және орта кәсіпорындарды тарту, өндіріс тізбектерін құруда әлеуеті бар», – деді Талғат Темірханов.

 Интеграция және цифрландыру мәселелерінен бөлек елімізге Одаққа мүше мемлекеттеріне экспорт деңгейін өсіру қажет.

 «Өкінішке қарай, біз экспортта шикізаттық бағытты әлі де сақтап келеміз, ал сауда айналымының өсуі Одақ елдерінен импорт үлесінің жоғары үлесі есебінен сақталып отыр. Сондықтан отандық бизнес үшін сауда саласындағы интеграциялау және шикізаттық емес экспортты ілгерілету басым бағыт. Мәселе қазақстандық тауарлардың ЕАЭО нарығына, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдері, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын ұлғайту, мемлекеттік сатып алу нарықтарына қол жетімділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттілігі туралы болып отыр», – деп атап өтті Талғат Темірханов.

 2020 жыл ішінде ҚР-дың ЕАЭО-мен тауар айналымының көлемі 19,7 млрд АҚШ долларын құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 9 пайызға қысқарған. Сәйкес кезеңдегі экспорт 14 пайызға құлдырады, бұл ретте 2017 жылмен салыстырғанда 23 пайызға қысқару байқалады.

 «Атамекен» ҚР ҰКП жұмысын кедергілерді алып тастауға бағыттайды. 2020 жылдың соңына қарай ЕАЭО нормаларын тікелей бұзатын 11 кедергі әлі де өзекті. Техникалық реттеу, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңеске шараларына бағынатын өнімдердің қозғалысын шектеу, ЕАЭО ішінде транзит мәселесі, мемлекеттік сатып алулар нарығына қолжетімділік түйткілді салалар болып отыр. 2019 жылдан бастап Қазақстан отандық көмірдің Украинаға экспортын шектеу мәселесін шеше алмай келеді.

 «Кедергілер мәселесін көптен бері көтеріп келеміз. 2020 жылы бизнесіміз үшін түйткілді 8 кедергі алынып тасталғанына қарамастан, іс жүзінде оларды жою баяу жүргізілуде. Мәселен, Ресей ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауға жататын өнімдерге үнемі шектеу қойып келеді. Соңғы жағдайда Алматы және Ақтөбе облыстарынан қызанақ жеткізілімі. Иә, ситуация шешілді әрі өнімі қауіпсіз саналған бірқатар кәсіпкерге шектеу қойылмайды, бірақ бастапқыда тыйым облыстағы барлық жеткізушілерге бірдей қойылды. Сондықтан бізге жасанды және заңсыз кедергілерді, сондай-ақ ЕАЭО ішкі нарығындағы шектеулерді алып тастау және жою маңызды», – деп атап өтті Талғат Темірханов.

 2020 жылы Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына қол қойды. ЕАЭО-ны дамытудың 11 бағыты бар, оның ішінде ынтымақтастықтың жаңа бағыттары қамтылған, оны жүзеге асыруға «Атамекен» және Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы белсенді қатысып жатыр. Іскерлік кеңес аясында Одақтың бизнес-қоғамдастығы арасындағы интеграцияны және салалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған.

2015 жылы интеграциялық үдерістерді кеңейту және ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ортақ іскерлік позицияны дамыту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен Одақ шеңберінде ЕАЭО Іскерлік кеңесі құрылды.

Анықтама үшін: ЕАЭО Кедендік одақ және Ресей, Қазақстан мен Беларусьтың бірыңғай экономикалық кеңістігінің базасында құрылған. Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа 2014 жыл 29 мамырда Астана қаласында Ресей, Беларусь және Қазақстанның президенттері қол қойып, құжат 2015 жыл 1 қаңтарда күшіне енді. Кейін ЕАЭО-ға Армения және Қырғызстан мүше болды.

 Одақтың негізгі мақсаттары:

 -мүше мемлекеттер тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында экономикаларының тұрақты дамуына жағдай жасау;

- тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек ресурстарының бірыңғай нарығын қалыптастыру;

- жан-жақты модернизация, ынтымақтастық және ұлттық экономиканың әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Одақ шеңберінде тауар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің жүру еркіндігі,  экономиканың маңызды салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер