astana-view

Нариман Әбілшайықов: Қоғамдық тамақтану орындарының 40%-ға жуығы әлі ашылмады

2021 жылғы 04 Наурыз
1412 просмотров

Қазақстанда қоғамдық тамақтану орындарының 40%-ға жуығы әлі жұмысын жалғастыра алмай отыр

 «Атамекен» ҰКП мен ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығы 17 өңірді аралап, кәсіпкерлердің ұсыныстары мен уәжін тыңдады. Бизнесмендердің өтініші Үкіметке жолданды. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов ұйымның Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн-брифингте айтты

«Қоғамдық тамақтану орындарының ішінде банкет залдары, фудкорттар, караоке, билярд және боулинг орталықтары әлі де толық жұмыс істемей тұрғаны белгілі. Біз олар жұмысын қайта бастауы үшін тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл сигменттің 40 пайызға жуығы әлі жабық. «Атамекен» ҰКП мен Қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілдері 17 өңірдегі кәсіпкерлердің ұсынысы мен уәжін тыңдады. Кәсіпкерлер палатасы барлық ұсынысты жинап, ҚР Үкіметіне кешенді шара қабылдау үшін жолдайды», – деді Нариман Әбілшайықов.

Сондай-ақ ҚР Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрайымы Вероника Нұрпейісова  коронавирус пандемиясына дейін елімізде жұмыс істеген 95 мыңға жуық қоғамдық тамақтану орнының 27-30 мыңы ғана қалғанын атап өтті.

«Пандемияға дейін Қазақстанда 95 мыңға жуық қоғамдық тамақтану орны болды. Қазір елімізде мұндай 27-30 мың мекеме қалды. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерден түскен өтініш-шағымдарды  «Атамекен» ҰКП-ға жолдадық. Соңғы екі айда көп жұмыс атқарылғанын көруге болады. Жұмыс істеу режимі барынша жеңілдетілді. Қолға алынған шаралар  – Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Әрбір өңірдің өзіндік мәселелері бар. Одан бөлек бәрімізге ортақ проблемалар да кездеседі», – деді ол «Атамекен» ҰКП-ның Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн-брифингте.

Вероника Нұрпейісова  нарықтағы кәсіпкерлердің 80 пайызы ғимаратты жалға алғанын және жеке тұлға ретінде несие қарызы барын айтып, банктер бизнесмендердің жағдайын түсінбей отырғанын жеткізді.

«Статистика мынадай: қазір еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бильярдтар мен боулинг орталықтары ашылды. Сондай-ақ  ас беруге рұқсат етілді, тек залға жиналатын адам саны 50-ден аспау керек. Бірақ мұның бәрі «жасыл» аймақтағы өңірлерге қатысты болып отыр.  Қазір банктердің көбі кәсіпкерлердің жағдайына қарайласпай отырған жағдайлар бар. Нарықтағы кәсіпкерлердің 80 пайызы ғимаратты жалға алған және жеке тұлға ретінде несие алған. Сондықтан біз «Атамекен» ҰКП-ға хат жаздық. Қазіргі таңда мамандар заңнамаға «жеке тұлғаның банкроты» деген түсінік енгізу үшін жұмыс атқарып жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар, қоғамдастық төрайымы «Ashyq» жобасы арқылы көптеген кәсіп жұмысын жалғастарып жатқанын айтты және осы жоба аясында Үкіметке бірқатар ұсынысын жеткізді.

«Біз жұмыс уақытын ұзартуды сұраймыз. Мегаполистегі тамақтану орындарының қарызы 10-11 млн теңгеден, ал кіші қалаларда 5 млн теңгеден басталады. Оның ішінде коммуналдық қызмет, жалға алу ақысы және тауарды жеткізушілер алдындағы қарыз бар. Сондықтан біз «жасыл» аймақтағы өңірлердегі тамақтану орындарының жұмысын лимитсіз жалғастыруға рұқсат беруді сұраймыз. Мұны «Ashyq» жобасы аясында жүзеге асыруды және тамақтану орнына келетін адамдардың санын есептемей, ғамираттың шаршы метрін есепке алуды сұраймыз. Кәсіпкерлер палатасы ұсынып отырған «Ashyq» жобасы арқылы біз  «сары» және «жасыл» аймақта да жұмысымызды жалғыстыра аламыз. Бұл бізге өте тиімді. Жоба ғимаратқа вирус жұқтырған адамдардың келуіне төтеп береді», – деді спикер

Айта кетейік, жақында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Цифрлық даму министрлігі және «Атамекен» ҚР ҰКП бірлесіп, елдегі кәсіпкерлердің жұмысы біртіндеп ашылуы үшін «Ashyq» қосымшасын пайдалану туралы ұсыныс жасады.

Қазіргі кезде бизнес коронавирустың қайта өршу қаупіне байланысты айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеп жатыр. Бір жағынан халық та осы режимге бейімделіп, әдеткі белсенділіктен бас тартуға мәжбүр. Ashyq  қосымшасы  QR-код және ПТР базасымен интеграция арқылы қоғамдық орынға келушінің ковид-статусын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бизнес субъектісі – жобаға қатысушы санитарлық нормалармен қатар қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.

Нысанға келушілер мен персоналдың індетті жұқтыру тәуекелдері азайғандықтан пилоттық жоба карантиндік шектеулер кезеңінде кәсіпкерлік қызметті жалғастыру (қайта бастау) алгоритмдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

QR-код бизнес субъектісіне беріледі. Кәсіпкерлер пилоттық жобаға қатысу үшін жеке QR-кодты InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер