astana-view

Рустам Жүрсінов: Соңғы 5 жылда әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің саны екі есе өсті

2021 жылғы 11 Наурыз
2072 просмотров

Бұл туралы «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау жөніндегі V форумда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов айтты.

«Осы жылдар ішінде тексерулер мен бизнеске қойылатын талаптарды қысқарту, кәсіпкерлердің шығындарын төмендету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Мұны халықаралық институттар да бағалады, Дүниежүзілік Банктің Doing business рейтингінде Қазақстан 5 жыл ішінде 50 позицияға, 76-дан 25-орынға көтерілді. Бірақ, өкінішке қарай, проблемалар мен шағымдар саны азаяр емес», - деді кәсіпкерлердің қықығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсінов соңғы 5 жылда әкімшілік жауапкершілікке тартылған кәсіпкерлердің саны екі есе өсіп, 2015 жылы 235 мың кәсіпкер жазаланса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 502 мыңға жеткенін айтты.

«Сонда әрбір үшінші кәсіпкер «құқықбұзушы» болғаны ма? Мемлекеттік органдардың шешімдері мен іс-әрекеттеріне қатысты түсетін шағым саны 4 есе, 2015 жылғы 17 мыңнан 2019 жылы 73 мыңға дейін өсті», - деді Жүрсінов форумда.

Ол бизнес үшін жағдайды жақсарту реформалары көбіне реттеудің жалпы белгілерін анықтамай, механикалық түрде жүргізілгенін мойындау керегін атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік машина жыл сайын бизнеске қойылатын жаңа талаптарды енгізеді. Бүгінде олардың нақты санын ешкім білмейді. 2019 жылы ҰКП Үкіметпен бірлесіп талаптарды санап, қысқартуға тырысты.

«Біз 30,5 мың талапты анықтадық, 13 мыңға дейін қысқарттық. Шындығына келгенде, бизнес барлық талаптарды білмейді, нәтижесінде жазаланғандардың саны артып келеді. Бірнеше жыл қатарынан біз тексерулерді автоматтандыруға тырысып келеміз. Мемлекеттік органдардың қоятын талаптарын толық пысықтап алмай, цифрландыруды бастап кеттік. Нәтижесінде не болды? Хаосты цифрландырамыз деп, Цифрлық хаосты туындаттық. Жылда белгілі бір кәсіпкерлер тобы тексеріледі, құқық бұзушыларға баса назар аударылмайды, есеп беру және тексеру жүйелері біріктірілмеген», - деді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер