astana-view

ЕАЭО Іскерлік Кеңесі Төралқасының 16-шы отырысында бизнестің өзекті мәселелері талқыланды

2021 жылғы 12 Сәуір
2665 просмотров

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов Еуразиялық экономикалық одақ Іскерлік кеңесі Төралқасының 16-шы отырысында қазір ЕАЭО аясындағы бизнес үшін өзекті және маңызды мәселелердің бірі ішкі нарықтағы кедергілер екенін айтты

«Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ Іскерлік кеңесі мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылын жетілдіру, оның ішінде Одақтағы кедергілерді жою мәселесін талқылағым келеді. Бүгінгі таңда ЕАЭО аясындағы бизнес үшін өзекті және маңызды мәселелердің бірі ішкі нарықтағы кедергілер болып отыр. Комиссия Одаққа мүше елдермен бірлесіп, тосқауылдарды жою құралдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Таяуда 2021 жылғы 2 ақпанда ЕЭК Алқасы ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілерге тосқауыл қою, алып тастау және шектеудің жаңа әдіснамасын бекітті. Бұл - кедергілерді жоюдың  жаңа тәсілі, оның ішінде кедергілерді саралау мерзімі 70 күнге дейін қысқартылды», - деді ол.

Оның айтуынша, кедергілерді жою рәсімін оңтайландыру және регламенттеу жөніндегі комиссияның жүргізіп жатқан жұмысына қарамастан, ЕАЭО ішкі нарығында, оның ішінде ЕАЭО кедендік аумағы бойынша тауарларды тасымалдауға, транзитпен жеткізуге қатысты және Одақ елдері мемлекеттік органдарының іс-қимылдарына байланысты туындайтын жүйелі проблемалар әлі бар. Аталған мәселелер бірнеше жыл бойы жойылмай келеді. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-дағы өзара саудаға теріс әсер етеді.

«Бұл жағдайда ЕЭК пен Одақ елдерінің уәкілетті органдары тарапынан бизнестің жүйелік проблемаларының кейіннен туындауын болғызбау мақсатында оларды жою үшін кешенді шешімдер қабылдау талап етіледі деп санаймын. Қабылданған жаңа әдіснаманы ескере отырып, бизнестің ЕЭК-тің ішкі нарықтарының жұмыс істеуі жөніндегі блокқа кедергілеріне байланысты жүгінуі Одақ елдерінің уәкілетті органдарының өтініштерінен кем емес, маңызды болуы тиіс екеніне назар аударғым келеді. Кәсіпкерлер ЕЭК-тен олардың проблемалары бойынша кері байланысты: комиссия қандай жұмыс жүргізеді, консультациялар жүргізілді ме, қандай шешімдер қабылданады дегенді көруі үшін комиссия тарапынан бизнес проблемаларын шешудің айқын тетігін қамтамасыз ету маңызды», - деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Талғат Темірханов «Атамекен» ҰКП бұл мәселені ЕЭК Алқасының төрағасы Михаил Владимирович Мясниковичтің 2021 жылғы 2 наурыздағы Қазақстан кәсіпкерлерімен кездесуінде көтергенін атап өтті. Жалпы ЕЭК Алқасының төрағасы Палатаның ұсыныстарын қолдаған болатын.

«Біз өз ұсыныстарымызды егжей-тегжейлі пысықтауға уағдаластық. Атап айтқанда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен комиссиясының өзара іс-қимылын жетілдіру мақсатында:

1. Іскерлік кеңес пен ЕЭК қатысушыларының ақпараттық өзара іс-қимылын жолға қою жөнінде Комиссиямен бірлесіп жұмыс жүргізу.

2. ЕАЭО Іскерлік кеңесінің, өнеркәсіп және кәсіпкерлер одақтарының, сауда палаталарының, ЕАЭО елдері бизнес өкілдерінің бұрын жіберген сауалдары мен өтініштерін Комиссияның орындағанын және пысықтағанын анықтау, оның ішінде ақпарат алмасу жолымен айқындау керек.

3. Ақпараттық өзара іс-қимылды жолға қою арқылы ЕЭК шешімдері жобаларының Реттеушілік әсерін талдау (РӘТ) бойынша бірлескен жұмыс жүргізу. Іскерлік кеңестің қатысушылары РӘТ өткізілетін шешімдердің жобалары бойынша өздерінің бизнес-қоғамдастығын хабардар ете алады.

4. ЕЭК базасында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпкерлерінен келіп түсетін жүйелі проблемалардың шешілуін қадағалау мақсатында олардың электрондық (онлайн) тізілімін құру. Бұл кәсіпкерлер өз проблемаларын шешу статусын: кеңес беру хаттамалары, қабылданған шешімдерді онлайн режимінде көруі үшін қажет», - деді ҰКП өкілі.

Талғат Темірханов атаған ұсыныстарды Іскерлік кеңеске қатысушылар қолдады.

«Егер тараптардың қарсылығы болмаса, хаттамада осы мәселе бойынша іскерлік кеңестен бірлескен өтінішті дайындау және ЕЭК-ке жіберу қажеттігін көрсетуді ұсынамын. Сондай-ақ Іскерлік кеңестің тараптарына өздерінде ЕЭК-пен ақпараттық өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау ұсынылады», - деп түйіндеді сөзін «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, ЕАЭО Іскерлік Кеңесі Төралқасының 16-шы отырысында ЕАЭО Іскерлік кеңесі мен Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылын жетілдіру, ЕАЭО туралы шарт аясында ЕАЭО-ның ортақ электр энергетикалық нарығын құру, ЕАЭО-ның құрылыс материалдарының қауіпсіздігі туралы дербес техникалық регламентін әзірлеу қажеттігі және басқа мәселелер талқыланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер