astana-view

«Ashyq» қосымшасы – карантинде шектеусіз жұмыс істеу мүмкіндігі!

2021 жылғы 21 Сәуір
- Шымкент қаласы
27937 просмотров

Қазіргі кезде Шымкент «қызыл аймаққа» түскен. Осыған байланысты, өткен күні қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің бизнес жұмысын шектейтін жаңа қаулысы шықты. Алайда, қызметіне тыйым салынған кейбір кәсіпкерлік субъектілері, егер Ashyq пилоттық жобасының қатысушылары болса, жұмыс істей алады.

Бұл туралы Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте журналистерге мәлімдеді.

Еске салсақ, «Ashyq» мобильді қосымшасы ҚР Цифрлық даму министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен  отандық ІТ-компания әзірлеген. «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-кодты қолдану және Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы келушінің статусын: ол вирус жұқтырған ба жоқ па анықтауға мүмкіндік береді.   

 «Ashyq» мобильді қосымшасы қолданыста оңай, еш қиындығы жоқ. Нысанға кіреберісте клиент қосымшада QR-кодты енгізген кезде, оның қай топқа жататынын бірден білуге болады. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады», – деді Палата директоры.

 «Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.

 «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі.  Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.

 «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.

 «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.

  «Ashyq» карантинге тыйым салынған кәсіпкерлік нысандарға жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге кәсіпкерлер қазақстандықтардың хал-жағдайын бақылайтын болады. Коронавирус туралы мәліметтерді беруден бас тартқан жағдайда, нысан иелері келушілерді өздерінің нысандарына кіргізбеуге құқылы.

 Палата жетекшісі qr-кодтарды қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыс тапқанқанын айтты. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда. Сондықтан біздің елге де осы елдер үлгісімен осы жүйені қауіпсіздігіміз үшін енгізу қажет. Әзірге Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларынан бөлек, жобаға Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған қалалары қосылды. Шымкентте жобаға қатысуға 80 кәсіпкерлік субъектісі ынта танытқан.

 «Ashyq» бағдарламасына қатысушы кәсіпкерлер үшін қосымшамен жұмыс істеуде QR-кодты алу ережесі өзгереді. Бизнес иелеріне QR-кодты алу үшін infokazakhstan.kz сайтында өтініш беру керек. Жоба талаптарына (Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) сәйкестікті тексерген соң жеке кабинетте код пайда болады, аталған код арқылы қосымшаны қолдануды үйрену және сынақ режимінде 1 апта бойы жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі. Қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелеріне өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейін infokazakhstan.kz сайтынан qr-кодты алу қажет.

 Қазіргі кезде жұмысты жеңілдету үшін телеграмда @support_ashyq_bot техникалық қолдау көрсету қызметі іске қосылған.  

 Қазіргі таңда Шымкент ӨКП жобаға қатысуға ынта білдірген кәсіпкерлердің тізімін жасақтап жатыр. Қосымшаға қатысты сұрақтармен Өңірлік палатаға немесе «Атамекен» ҰКП 1432 байланыс нөміріне хабарласуға болады.

 Еске салсақ, Мемлекет басшысы 1 сәуірде Үкіметке «Ashyq» ел ауқымында тарату туралы тапсырма берді. Жобаны іске асыру туралы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысы қабылданды. 26 сәуірде Ashyq пилоттық жобасы өз жұмысын аяқтап, содан кейін ол барлық аймақтарға таратылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер