astana-view

Қазақстанда боулинг, бильярд және банкет залдары қайтадан іске қосылады

2021 жылғы 01 Мамыр
11285 просмотров

Қазақстанның бас санитар дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №18 қаулысына сәйкес, «Ashyq» жобасы еліміздің барлық өңірінде іске асырылады.

Сондай-ақ облыстың статусына байланысты кейбір бизнес нысанының жұмысын шектеу талаптары өзгертіледі.

Осы жылдың 3 мамырынан бастап қазақстандықтар «Аshyq» қосымшасы арқылы банкет залдары, асхана, фаст-фуд, стрит-фуд - жалпы 18 бизнес нысанынан басқа, фитнес-орталықтарға, SPA-орталықтарға, компьютер клубтарына, кинотеатрларға, қоғамдық тамақтану орындарына бара алады. Кәсіпкерлік нысандардың толық тізімін мына жерден қарауға болады.

Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитар дәрігерлері осы қаулының 4-қосымшасына сәйкес «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандардың қызметін шектеу критерийлерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.

«Осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес тыйым салынған қызмет түрлеріне және рұқсат беру құжаттары жоқ нысандарға қатысуға жол бермеу мақсатында «Ashyq» жобасына ерікті қатысушылардың өтінімдерін келісу өңірлік кәсіпкерлік палаталарында қарау сатысында тұр», - делінген қаулыда.

«Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандар осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жобасын енгізуге және оған қатысуға қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2021 жылғы 31 сәуірдегі №18 қаулысына 4-қосымшаға сәйкес «Ashyq» жүйесінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін шектеу критерийлері өзгерді.

Мейрамханалар, дәмханалар және кофейня түріндегі қоғамдық тамақтану нысандары «жасыл» аймақта адам толымдылығы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан аспайтындай сағат 7-ден 2.00-ге дейін, «сары» аймақта адам толымдылығы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан аспайтындай сағат 7-ден 02.00-ге дейін және «қызыл» аймақта адам толымдылығы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан аспайтындай сағат 7-ден 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Жазғы алаңдар облыстың қай аймақта болғанына қарамастан, сағат 7.00-ден 02.00-ге дейін жұмыс істей алады, толымдылығы бойынша ішінара шектеулер тек «қызыл» аймақ үшін көзделген.

Сауналар, моншалар, SPA-бассейндер, сондай-ақ спорт орталықтары бизнес нысанының орналасқан аймағына қарамастан жұмыс істейді.

Бильярд, компьютер клубтары және боулингтер «қызыл» аймақта адам толымдылығы 30%-дан аспайтындай, жұмыс режимі 12.00-ден 00.00-ге дейін, «сары» аймақта адам толымдылығы 50%-дан аспайтындай, жұмыс режимі 12.00-ден 00.00-ге дейін, «жасыл» аймақта адам толымдылығы 50%-дан аспайтындай етіп жұмыс істейді.

«Ashyq» жобасына қатысатын караоке залдары 5 мамырдан бастап «қызыл» аймақта 7.00-ден 02.00-ге дейін адам толымдылығы 50%-дан аспай, бірақ 30 адамнан көп емес, «сары» және «жасыл» аймақта толымдылығы 50%-дан аспайтын, бірақ 50 адамнан көп болмайтындай 7.00-ден 02.00-ге дейін жұмыс істейді.

Толық тізіммен мына жерден танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер