astana-view

«Атамекен» ҰКП ұжымы Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне алма бағын отырғызды

2021 жылғы 07 Мамыр
11951 просмотров

Биыл  Ұлы Жеңістің 76 жылдығы атап өтіледі. Соған орай «Атамекен» ҚР ҰКП ұжымы 2021 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне Ботаникалық бақта алма бағын отырғызды.

«Ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, сұрапыл соғыста жеңіске жетіп, мұра еткен Атамекен жеріміз, Отанымыз және Тәуелсіздігіміз бар. Міне, бүгін «Атамекен» ҰКП ұжымы Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың құрметіне алма бағын отырғызды. Тарихқа құрмет қылмай, келешегімізден үміт болмайды. Сондықтан ата-бабамыз жанын қиып аманат еткен кең байтақ жерімізге жыл сайын ағаш отырғызып, табиғатымызды қорғайық. Отан қорғаушылар күні және Ұлы жеңіс күні құтты болсын», - деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Батырдың қызы Әлия Қошқарбаева әкесі жайлы естелігімен бөлісіп, Палата ұжымына әкесіне көрсетілген құрмет үшін алғыс білдірді.

«Әкем Рейхстагқа Жеңіс туын ілу бұйрығын алғаш болып орындағандардың бірі болды. Ол бұл оқиға туралы айтқанда өзінің жолы болды деп санайтын. «Менің орнымда басқа біреу болғанда, тура солай орындайтын еді» дейтін ол. Әкем эмоциясын білдірмейтін, ерлігін мойындау немесе мойындамауға қатысты әкемнің ойын айтсам, кейде оған бәрібір шығар деп ойлайтынмын. Ол ешқашан өзін алға шығармайтын. Ол осы жерде және бүгінгі күнімен өмір сүрді. Жақсы әке, жақсы күйеу, жақсы дос болды. «Атамекен» ҰКП ұжымына әкеме көрсетіп жатқан құрмет үшін алғыс айтамын. Енді алма ағаштарымен бірге әкем туралы естелік те мәңгі болады», - деп еске алады әкесін Халық қаһарманының қызы Әлия Қошқарбаева.

Өткен аптада Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатовтың ерлігі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«1945 жылдың 30 сәуірінде сағат 14:25-те Рейхстаг ғимаратына шабуыл басталды. Оның қасбетіне алғашқы Қызыл туды 674-атқыштар полкі 150-атқыштар дивизиясының жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов орнатты», - делінген РФ СІМ хабарламасында.

Рейхстагты бағындыру кезінде көрсеткен ерлігі үшін Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қошқарбаевқа Отаны – Қазақстанның Ақмола облысында және республиканың астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, ал Булатовқа Ресейдің Киров қаласында ескерткіштер орнатылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер