astana-view

ЖОО рейтингі: қазақстандық түлектер қайда жұмыс істейді және қанша табыс табады?

2021 жылғы 21 Мамыр
11031 просмотров

Отандық жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа тұрған кездегі алғашқы орташа еңбекақысы 118 мың теңгеден асты.

Мұндай деректерді Ұлттық палата және ҚР Білім министрлігінің Қазақстанның жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингін қорытындылауға орай өткізген бірлескен баспасөз-конференциясында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев айтты.

 «Атамекен» рейтингі республика бойынша түлектердің жұмысқа тұру деңгейі 71%-ды құрайтынын көрсетті. Соның ішінде 58%-ында тұрақты зейнетақы төлемдері бар, ал түлектердің орташа айлық еңбекақысы 118 893,76  теңгені құрады», – деп атап өтті  Олжас Ордабаев.

 Спикердің айтуынша, Ұлттық палата және ҚР БҒМ рейтингті дайындаған кезде ата-аналар мен талапкерге ыңғайлы болуын көздеген. Рейтинг түлектің жұмысқа орналасу деңгейі, жұмысқа тұрған алғашқы жылындағы орташа еңбекақысы және білім сапасы сияқты параметрлерге сүйеніп жасалған. Сонда талапкерлер мен ата-аналар рейтингке қарап, елдің жоғары оқу орындарының ішінен ең жақсы оқу орнын таңдай алады.

 2020 жылы еңбек нарығындағы жағдай күрделеніп, соның ішінде енді ғана диплом алған жас мамандар үшін де қиындау болды. «Атамекен» жүргізген талдау деректеріне сәйкес, түлектердің жұмысқа тұру деңгейі 50%-дан  (2729 адамның 1585-і жұмысқа тұрмаған) төмен 61 жоғары оқу орны анықталған.

«Алайда, карантин шаралары кезінде еңбекпен қамтуға талдау жүргізгенде мынадай нәтиже шықты: ІТ-саласындағы мамандық түлектерінің еңбекке тұруы 24%, сонымен қатар кеден ісі және қоғаммен байланыс мамандықтарындағы түлектердің жұмысқа тұру деңгейі 20% артқан», – деді Олжас Ордабаев.

Сондай-ақ ТЖ режимі кезінде түлектердің жұмысқа тұру деңгейі жеңіл өнеркәсібінде 13%-ға, мал шаруашылығында 9%-ға және туризм саласы, мейрамхана және қонақүй бизнесінде 4%-ға төмендеген.

 Екінші жыл қатарынан аграрлық бағыттағы түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа тұру көрсеткіші төмендегені байқалады. Жолдама бойынша 1045 түлек бітіріп, соның 4%-ы ғана мамандығына сәйкес жұмысқа орналасқан. Өткен жылы бұл көрсеткіш 11%-ды құрады. Медициналық бағытта грант бойынша білім алған түлектермен салыстырып қарасақ, медицинаны бітіргендердің 83%-ы мамандық бойынша жұмыс істейді.

 Биыл Рейтингке талапкерлер мен ата-аналар ғана емес, сонымен қатар іскер басылымдар да назар аударды. «Курсив» іскерлік басылымы Рейтинг негізінде GUIDE әзірледі, онда сұраныстағы негізгі мамандықтар, сонымен қатар осы мамандықтарға оқытатын отандық жоғары оқу орындарына талдау жасалған.

 Еске салайық, ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Атамекен» ҚР ҰКП төртінші жыл қатарынан жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының рейтингін жүргізіп келеді.  Рейтинг аясында  білім беру бағдарламаларының 68 тобы қамтылды, 2000 бағдарлама бағаланды, 68 000 түлектің маңсаптық перспективасы талданды. Зерттеуге 600 сарапшы қатысты,   нәтижесінде 108 жоғары оқу орны бойынша 6000 сараптамалық қорытынды алынды. Рейтинг 17 критерий бойынша жүргізілді, оның ішінде: жұмысқа орналасқан түлектердің пайызы және олардың орташа жалақысы, бітіргеннен кейін жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ бағдарламалардың өзектілігін бағалау бар.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер