astana-view

«Атамекен» ҰКП ақылы автомобиль жолдары үшін тарифтерді қайта қарауды ұсынды

2021 жылғы 03 Маусым
11270 просмотров

2021 жылдың 30 мамырында жүк көліктерінің жүргізушілері машиналардың қозғалысын тоқтатты. Олар барлық санаттағы ақылы жолдарды 18 учаскеге енгізуге наразылық білдіріп, 1 километрге 25 теңге төлеуден бас тартты – мұндай соманы оператор ІІ және ІІІ санаттағы жолдың 1 километріне белгілеуді ұсынды.

 «Біз І санаттағы жолдарға төлем енгізуді қолдаймыз, және көлік компанияларына жеңілдіктер жүйесін қарастыру қажет деп санаймыз. Алайда, Қазақстанның аумағы бойынша ішкі тасымалдау ғана емес, сонымен қатар Қытайдан Орта Азияға жүк транзиті жүретінін ұмытпаған жөн, мұндай жолдар машиналар ағынының тығыздығы салдарынан тез тозады. Ал ІІ және ІІІ санаттағы жолдарға келер болсақ, тарифтерді қайта қарастырып, төмендету коэффициенттерін енгізу қажет деп санаймыз. Қазіргі таңда тасымалдаушылар ІІ және ІІІ санаттағы жолдардың 1 километріне 25 теңгеден төлеуге дайын емес, мұндай жолдар сапалы жабын, жол бойындағы сервистің болуы сынды талаптарға сай емес», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов.

 30 мамырда жүргізушілермен кездесуден кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері салалық қауымдастықтармен бірге орын алған жағдайды шешу үшін бірнеше ұсыныстарды пысықтады. ҰКП мамандары бірінші кезекте бизнестің ұсыныстарын қарастырып, тарифті қайта санау қажет деп санайды. Мәселен, ресейлік «Платон» жүйесінің баламасы бойынша. Жүйе федералды трассаларды қамтиды және І санаттағы жолдарға балама саналады. Мұндай жолдың құны 12 тоннадан жоғары жүк көліктері үшін 1 километріне 2,34 рубльді немесе 13,6 теңгені құрайды.

Сонымен қатар балама ретінде «KAZLOGISTICS» қауымдастығы тарифті 1 килметріне 9 теңгеге дейін төмендетуді, кезең-кезеңмен 4 теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

Осы жағдайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол ақысын жөндеуден өткен жолдарға ғана енгізе алады. Тағы бір нұсқа ретінде тарифті 15 теңгеге дейін төмендетіп, оны жолдың барлық бөлігі пайдалануға берілген кезде ғана енгізу ұсынылды. Мәселен, әзірге Қостанай-Нұр-Сұлтан тас жолын жасау толығымен бітпегендіктен, тас жолмен жүру тегін болады.

  20 мамырда «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдері Қазақстанда маусым айынан бастап жалпы ұзындығы 5,8 мың км республикалық жолдардың 20 учаскесі ақылы болатынын мәлімдеді. Олар: Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Орал-РФ шекарасы (Саратов), Орал-РФ шекарасы (Самара), РФ шекарасы (Орынбор) -Ақтөбе, Щучинск-Петропавлов, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қапшагай-Талдықорган, Қарабутақ-Қызылорда, Ақтобе-Орал, Атырау-Бейнеу-Өзбекстан шекарасы, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-РФ шекарсы (Троицк), Нұр-Султан-Қостанай, Павлодар-РФ шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау.

 Бүгінде Қазақстанда 682 км ақылы жол жұмыс істейді. Екі ай бұрын «Атамекен» ҰКП ұсынылған тарифтер халық үшін тасымалданатын өнімдер мен тауарлардың қымбаттауына алып келеді, сондай-ақ кәсіпкерлер мен қазақстандықтарға жүктеме болады деп мәлімдеген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер