astana-view

Бизнесті қолдау жаңа ережелер негізінде цифрландырылуы тиіс – Тимур Құлыбаев

2021 жылғы 04 Маусым
2996 просмотров

Қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электрон форматқа көшірілді. Бірақ әртүрлі ведомство арасындағы интеграцияның әлсіз болуы салдарынан талап етілетін қызметтердің 10%-ы еленбей қалды.

Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет пен бизнесті қолдау шаралары «таза парақтан бастап реттеу» мен жаңа ережелер негізінде цифрландырылуы тиіс деп санаймыз. Мұндай ұсынысты «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша V республикалық кәсіпкерлер форумында айтты.

«Біз бизнеске қойылатын барлық талапты есептеп көрдік және 30 мыңға жеткенде тоқтадық. Бір бизнестің өзіне қатысты 200-ге жуық заң бар (алдын ала деректер бойынша 182). Мұндай жағдайда кәсіпкер, әсіресе шағын бизнес қалай жұмыс істеуі керек? Дамыған елдердің тәжірибесі негізінде жаңа реттеуші саясатта «ойын ережелері» өзгереді, бизнеске қатысты өзекті емес, артық, қайталанатын талаптар алынып тасталады», – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасының айтуынша, осылайша барлық қалған және жаңа талап бірыңғай тізілімге жинақталады және цифрландырылады. Ол бизнес үшін талаптар мен шарттардың толық жиынтығы бар бірыңғай құқықтық базаға айналады.

«Мұндай жұмыс бір реттік акция емес. Біз тиімді реттеудің тұрақты жұмыс істейтін тетігін құрғымыз келеді. (...) Таза парақтан бастап реттеу –  «Бизнеске арналған үкімет» құрудың бастапқы нүктесі. Қазір 20-ға жуық ұйым (Даму, Бәйтерек, Е-гов және т.б.) бизнеске 570-тен аса мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қолдау шарасын ұсынады. Олардың арасында бірізділік, ортақ және жүйелі кооперация жоқ. Ол үшін біз бар қызметтерді цифрландырып қана қоймай, барлық мемлекеттік қызмет пен қолдау шараларына толық ревизия, оңтайландыру және реинжиниринг (қайта құру) жасағымыз келеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың үйреншікті нысанын өзгерту керек, ол кезде электрон форматқа тек өтінім беру ғана ауыстырылады, ал бүкіл процесс «қолма-қол» орындалатын болып қалады», – деп ұсынды Тимур Құлыбаев.

Ол цифрландыру өтінімнен бастап дайын құжаттарды беруге дейінгі бүкіл процеске қатысты болуы және адами фактор әсері барлық сатыда жойылуы тиіс екенін атап өтті.

«Сондықтан жаңа реттеуді негізге ала отырып, алдымен бизнес-процестерді құрып, содан кейін цифрландырумен айналысу керек. Мемлекет басшысы атап өткен мемлекет пен халықтың өзара іс-қимылының сервистік моделін құру үшін заңнама мен бизнес-процестерді талдау бойынша осындай жұмыс «Азаматтарға арналған үкімет» аясында жүргізілуі мүмкін деп сенеміз», – деді Тимур Құлыбаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер