astana-view

ЕЭК қазақстандық кәсіпкерлерді өзекті мәселелерін ашық айтуға шақырды

2021 жылғы 10 Маусым
2790 просмотров

Қазақстандық кәсіпкерлер мәжбүрлі қаржылық шығындар мен кедергілерге әкеп соғатын талаптар туралы ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Руслан Бекетаевқа айтып берді.

Мұндай мәселелердің қатарында көмір тасымалы, жүк тасымалы, туристік мәселелер, ЭЦҚ және банк кепілдіктерін өзара тану, кәсіпкерлікті жүргізуде мемлекеттік шекарадан кедергісіз өту және басқа проблемалар бар.

Руслан Бекетаев екі күн қатарынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында елдегі кәсіпкерлердің уәжін тыңдады. Ол мұндай кездесудің маңызын атап, кәсіпкерлерді проблемаларын ашық айтуға шақырды. Себебі бұл мәселелер тек қазақстандық бизнесті емес, Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерін де толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететінін жеткізді.

Кәсіпкерлер мәселелерін баяндады. СҚО Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Владимир Богданов кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін ЕАЭО елдері арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өту мәселелері туралы тоқталды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов бұл мәселенің қазір өзекті екенін атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық комиссия аясында біраз сұрақтар туындап жатыр. Мысалы, біздің солтүстіктегі кәсіпкерлер Ресей Федерациясына өту үшін үлкен логистикамен, ұзақ қашықтағы маршрутпен жұмыс істейді. Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге ұшып жету үшін жарты миллион теңге керек, ал Петровалдан Челябинск қаласына – 450 шақырым жерге 100 мың теңгеге жетуге болады. Сол сұрақтарды қарастырдық. Осының бәрін біз хаттамаға түсіріп, бекітіп, кәсіпкерлердің мәселелерін комиссия мүшелеріне жеткіземіз», – деді ол.

Сонымен қатар,  «Қазалкотабақ» ЗТБ атқарушы директоры Темірлан Жақыпбеков ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің алкоголь нарығына қол жеткізу проблемасын көтерді. Оның айтуынша, кедендік одақ құрылған кезден бастап Қазақстан алкоголь өніміне қатысты өзіне жүктелген барлық міндетін орындап келеді. Ресей, Беларусь немесе басқа да елдердің алкоголь өнімдері Қазақстан нарығына саны және сапасы жағынан шектеусіз, кедергісіз кіреді. Өкінішке қарай, РФ Федералды кедендік қызметінің бұйрығына сәйкес, қамтамасыз ету төлемі бар. Оған акциз салығы, ҚҚС, кедендік баж кіреді. Осылайша қазақстандық өнім бұл елге оңайлықпен кіре алмай отыр. Беларуське кіруге де кедергі бар.

«Біздің елдеріміз арасында кедендік баж алынып тасталғанын атап өту керек. Кейін Беларусь арнайы импортер жүйесін енгізді. Содан қазақстандық өнім Беларусь шекарасынан өте алмай қалды. (...) Бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Сондай-ақ ресейлік тарап «акцизді көтеріңіздер, біздің нарыққа келіңіздер» деді. Біз сендік. Сөйтіп 2014-2019 жылдар аралығында Қазақстан акциз ставкасы 5 есе ұлғайды. Өнім қымбаттады. Ал Ресей мен Беларусь  нарығы жабық күйінде қалды. Біз акцизді бірден көтеріп жіберіп, көлеңкелі өнім үлесі артты. Біз 2013 жылы 46 миллион литр өнім шығарсақ, 2019-2020 жылдары 20 миллион литр өндірдік.  Кәсіпорын саны екі есе азайды. Қазір бұл сала қиын жағдайда тұр. Осыны ескере отырып, еркін тауар айналым туралы бірінші келісімге келсек деген ұсыныс айтамыз. ЕЭК аясында қамтамасыз ету төлемін бірыңғай етіп енгізуді сұраймыз», - деген ұсыныс айтты.

Жиын соңында ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Руслан Бекетаев кәсіпкерлер атаған барлық мәселенің назарға алынатынын және ЕЭК аясында міндетті түрде талқыланатынын атап өтті.

«Көп мәселе қаралды. Техникалық регламенттен бастап, сауда қатынасы кезіндегі кедергілер, санитарлық-ветеринарлық нормалар, туризм мәселелері талқыланды. Айтарлықтай нақты және күрделі проблемалар көтерілді. Негізгі сұрақтардың бірі ретінде кәсіпкерлер алкоголь өнімдеріне қатысты кедергілер туралы айтты. Біз бұл мәселелерді комиссия ішінде міндетті түрде талқылаймыз», - деп түйіндеді сөзін Руслан Бекетаев.

Айта кетейік, 2021 жылдың 2 наурызында қазақстандық бизнес өкілдері Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен кездескен болатын. Жиында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі бизнес мәселелерін тұрақты негізде қарауды ұсынды. Ол жүйелілік проблемаларды қадағалауға және кәсіпкерлердің даулы мәселелеріне тез шешім табуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде Михаил Мясникович бұл ұсынысты қолдап, ЕЭК-тің Хаттама департаментінде даулы мәселелер бойынша динамика мен шешімдерді қадағалауға көмектесетін қажетті ресурстардың барын атап өтті.

Анықтама үшін:

Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалық етуі біздің елге биылғы жұмыс бағытын айқындау құқығын берді. Басты назарда өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, ЕАЭС ішкі нарығындағы кедергілерді жою, трансшекаралық көлік күре жолының және логистикалық хаб әлеуетін пайдалану, цифрландыру, сондай-ақ ЕАЭО келісімшартын іске асыру және ЕАЭО мүше мемлекеттердің экономикасына интеграциялық процестердің ықпал етуі болмақ.

 2020 жылы Қазақстанның ЕАЭО-тағы сауда айналымының көлемі 19,7 млрд АҚШ доллары болды, 2019 жылмен салыстырғанда 9%-ға кеміген. Аталған кезеңде экпорт көлемі 14%-ға төмендеген, 2014 жылмен салыстырғанда 23%-ға қысқарғаны байқалады. Сонымен қатар 2020 жылы Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына қол қойған. Онда ЕАЭО дамыту бойынша 11 бағыт пен 330 іс-шара жинақталған,  оған ынтымақтастықтың жаңа бағыттары да енгізілген.

ЕАЭО Іскерлік кеңесі 2015 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен интеграциялық процестерді кеңейту және бизнестің ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастық өзекті мәселелері жөніндегі  бірыңғай ұстанымын әзірлеу  үшін құрылды.

ЕАЭО Кеден одағы мен Ресей, Қазақстан және Беларусьтің Бірыңғай экономикалық аймақ негізінде құрылды. 2014 жылдың 29 мамырда Астанада Ресей, Беларусь және Қазақстан Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қол қойып, ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Кейін ЕАЭО-ға Армения мен Қырғызстан қосылды.

Одақтың негізгі мақсаттары:

- одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру  мақсатында олардың экономикаларын тұрақты дамыту үшін жағдай жасау;

- тауар, көрсетілетін қызмет, капитал мен еңбек ресурсының бірыңғай нарығын қалыптастыру;

- жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономиканы жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және бәсекеге қабілетін арттыру.

Одақ шеңберінде тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің қозғалысы, экономиканың маңызды салаларында келісілген, келісілген немесе бірыңғай саясаттың жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер