astana-view

Креативті экономиканы дамытуда дұрыс регламентация керек – «Атамекен»

2021 жылғы 25 Маусым
2441 просмотров

Қазақстанда креативті кәсіпкерлік мәселесі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Адами капиталды дамыту комитетінің отырысында қаралды.

Кездесудің күн тәртібінде бірнеше негізгі мәселелер, соның ішінде Қазақстандағы креативті саланы қолдау шаралары көтерілді. Отырысқа қатысушылардың барлығы креативті экономиканың ерекшелігін ескере отырып, бұл бағытты мүлдем ерекше әдістермен дамыту қажет деген ортақ пікірге келді. Осыған байланысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылып, оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов жетекші болып белгіленді.

Стратегиялық мақсаттар шығармашыл жастардың өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасау, сондай-ақ мемлекеттік қолдау көрсету арқылы креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесу сияқты міндеттерді айқындады.

 Бүгінде Кеңсе жұмысына халықаралық ұйымдар, креативті кәсіпкерлер мен сарапшылардың  (UNESCO, British Council, Қазақстанның креативті кәсіпкерлер қауымдастығы, Түркітілдес елдердің креативті индустриялар қауымдастығы, JUZ Entertainment және т.б.)  50 өкілі қосылды.

 Экономиканың креативті секторын дамытудың 4 бағытында бірінші кезектегі 18 міндет айқындалды, 100-ден астам нақты ұсыныс пысықталды.

 «Жобалық кеңсе құрылды, оның алдында мемлекетімізде экономиканың креативті индустриясын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу міндеті тұр. Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз, біріншісі – «креативті экономика» дегеніміз не және ол нені қамтиды деген ұғымды анықтаймыз. Қазір 55-тен астам ЭҚЖЖ (экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші), соның ішінде дизайн, кино, анимация барын түсінеміз, яғни бұл 17 мыңнан астам кәсіпорын», – деп атап өтті Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі, креативті индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Данат Жұмин.

Қолдау шараларына келетін болсақ, әзірге жобалық кеңсе бұл мәселені басқа елдердің тәжірибесін зерделей отырып пысықтауда. Шамамен шілде айында қоғам, Ұлттық палата мен мемлекеттік органдардың талқылауына арналған тұжырымдама ұсынылады.

 Бұл ретте, Данат Жұминнің айтуынша креативті экономиканың дамуында елдегі креативті білім беру сапасын дамытуға басымдық беріледі: осы бағытта қолданыстағы білім беру бағдарламаларына мониторинг жүргізіліп, олардың өзектілігі мен өмірдегі қолданысына бағалау жүргізілетін болады.

Айта кетейік, комитет отырысы барысында саланы реттеу мәселесі жеке көтерілді. Кездесуге қатысушылар бірауыздан басқа секторларда жұмыс істейтін әдеттегі әдістер бұл жерге сәйкес келмейді деген қорытындыға келді.

 «Дұрыс регламентация керек, бірақ реттеуге салады, еркін шығармашыл суретшілерді қыспаққа алады деген қорқыныш қашанда бар, қандай қолдау қажеттігін түсіну керек. Креативті индустрия – бұл қабырға емес, темір емес, индустрия емес, бұл селекциялық бағдарламалар, шығармашылықпен айналысып, даму мүмкіндігі. Бағдарламалар жазылып жатқан шақта осыны естен шығармау керек», – деп атап өтті «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер