astana-view

Нұр-Сұлтанда қолөнер шеберлері орталығын құру жоспарлануда

2021 жылғы 30 Маусым
6613 просмотров

Бизнес өкілдері жобаны Тәуелсіздік сарайы базасында жүзеге асыруды ұсынды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм комитеті, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктері және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері орталықтың ашылуын талқылады.

 Орталықты ашу идеясын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және Astana Venue Management қолдады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері орталықтың алаңында қолөнер шеберлерін біріктіру дәстүрлі қолөнерді жандандырып, Алматыдағы Qazaq-Oner орталығы үлгісінде туристер баратын тартымды нысанға айналады деп санайды.

 «Қолөнер шеберлерінің орталығы ең аз дегенде бес перспективалы туристік дестинацияда қажет. Орталық құру арқылы шеберлерді шоғырландырып, олардың туындыларын жаңа деңгейге шығаруға, сондай-ақ өңірлерде туризмнің дамуына ықпал етер еді», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.

Алматыда шоу-румы мен шеберханалары бар, жалпы ауданы 700 ш метрді құрайтын кешен 2017 жылы іске қосылған. Пандемияға дейін 2017-2019 жылдар аралығында орталық жыл сайын 10 мыңнан астам туристі қабылдаған.

 «Бұл бізге турфирмалар және қауымдастықтар арқылы келген туристер. Орталығымыз Алматы қаласының туристік картасына енді және қала әкімдігі тарапынан қолдау тапқан. Орталықта 140 шебердің шығармашылықпен айналысу үшін өз алаңы бар», – деді Qazaq-Oner қолөнер шеберлері орталығының жетекшісі Айгүл Жансерікова.

 Аумақта өндірістен басқа, қолөнершілерді оқыту және біліктілігін арттыру сабақтары және мәдени шаралар өтеді.

«Мұндай орталықтың ашылуы көпшіліктің қызығушылығын арттыратын орын болады. Біз оның тартылыс орталығына айналатынын және оны толтыру тұрғысынан қызықты болатынын түсінеміз. Сондықтан ынтымақтастықтың түрлі нұсқаларын қарастыруға дайынбыз», – деді Astana Venue Management  ЖШС Бас директоры Мәлік Хасенов.

 Ұлттық палата мамандары орталық базасында әлеуметтік жобаларды іске асыруға болатынын атап өтті.

 «Мәселен, Лейла Махат атты суретші бар, шеберлер оның еңбектерімен коллаборация жасай алады. Бұйымдар одан сайын жарқырап, тартымды бола түседі. Бұл әлеуметтік жоба болуы мүмкін. Өйткені орталық, бір жағынан эскиз жасалып, тапсырыс қабылдап, дайын өнімді сатумен айналысатын орын болумен қатар, екінші жағынан ауылда тұрып, тігіншілікпен айналысып, киізден бұйым жасайтын әйелге қолдау көрсететін нысан болады. Тігінші әйелге грант, дайын эскиз беріп, кейін дайын өнімді алуға болады. Ол бұл жұмысты қуана орындайды, осылайша біз әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды, ауылдық жерде тұратын адамдарды жұмыспен қамти аламыз», – деп атап өтті Юлия Якупбаева.

Жиын соңында қатысушылар «KazakhTourism» ҰК» АҚ құзыреті шеңберінде елордада қолөнер орталығын ашуда маркетингтік қолдау көрсету туралы уағдаласты.

«Нұр-Сұлтан қаласында осындай орталық ашу өте жақсы идея. Өз тарапымнан KazakhTourism жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өткім келеді. Маркетингтік сүйемелдеу – қолымыздан келетін кішкентай нәрсе», – деп қорытындылады басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер