astana-view

Вакциналау мерзімі асығыс болмауы тиіс – «Атамекен»

2021 жылғы 01 Шілде
13293 просмотров

2021 жылғы 2 шілдеде ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы күшіне енеді. Бұл құжатқа сәйкес COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлерді жұмысқа жіберуге шектеу қойылады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы коронавирустың жаңа штамының таралу қаупіне алаңдаушылықты түсінеді. Сондай-ақ, «Атамекенге» кәсіпкерлер тарапынан вакциналаудың міндетті мерзімі мен қызметкерлерді аз уақыт ішінде вакциналауға қатысты мәселені көтеріп, жүгініп жатқандар көбейді.

Қызмет көрсету саласында 5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. 15 шілдеге дейін осы сегменттің барлық қызметкері вакцинаның алғашқы компонентін салдырып үлгеруі екіталай. Қазақстанның басқа азаматтары да екпе салдырып жатыр. Сондай-ақ, қазақстандықтар 2 шілдеге дейін ПТР-тест нәтижесін алып үлгермейді.

Санитарлық нормаларды сақтамағандарға 87510 теңгеден 4,6 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Мұның бәрі «заңсыз» еңбек нарығын жандандыру, жалған тест нәтижесін жасату және вакциналау төлқұжатын сату қаупін тудырады.

Осыған байланысты, «Атамекен» Денсаулық сақтау министрлігінен вакциналау мерзімін қайта қарауды сұрайды. Бизнеске түсінікті кесте жасай отырып, кезең-кезеңмен вакциналау тетігін қарастыру  керек деп санайды.

Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, вакцинаны бірінші кезекте «алдыңғы шептегі» - педагог, дәрігер, әскери қызметкерлер және т.б., сондай-ақ халықтың декреттелген санаттары алуы тиіс. Осы азаматтарды вакциналау үшін осы жылдың 15 тамызына дейінгі мерзімді белгілеуді ұсынамыз.

Басқа қызмет салаларына (боулингтер, банктер, ХҚКО, театрлар, мұражайлар, филармониялар және т.б.) тартылған азаматтарды ерікті түрде, қаулыда көрсетілген мерзімнен сәл кешірек, мысалы, 2021 жылғы 15 қыркүйекке дейін вакциналауды ұсынамыз.

Бүгінде екпе егу процесінің халық тарапынан жанданғанын көріп отырмыз. Бұған тиімді түсіндіру жұмыстары және түрлі акция, ұтыс ойындары ықпал етеді. Біз мұндай форматты қолдаймыз.

Сондай-ақ бұған қосымша Цифрлық даму, инновациялар және агроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, өңірлер мен салалар бөлінісінде вакцина салдырған қызметкерлердің мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «вакциналаудың цифрлық картасын» әзірлеп жатыр. Бұл құрал санитарлық паспорттың негізі болып қана қоймай, сонымен қатар түсіндіру шараларын мақсатты түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

Сондықтан біз вакциналау тетіктерін тағы бір рет нақтылау керек деп санаймыз. Ұжымда вакциналау, қызметкерлердің ПТР-тестінің бар-жоғын тексеретін қызметті кім қабылдауы тиіс екенін анықтау керек. Мысалы, шағын бизнес сегментінде штатта тек бизнес иесі мен бухгалтер бар, ал ірі компанияларда тексеру үшін бірнеше жұмыс бірлігін жұмыстан босату қажет болады.

Анықтама: заңнамаға сәйкес халықтың декреттелген санатына 8 топ жатады:

  1. Тамақ өнімдерін өндіру, сақтау, өткізу, кәдеге жарату, жою процесінде және оларды көліктің барлық түрінде тасымалдау кезінде тамақ өнімдерімен байланысы бар жұмыскерлер және (немесе) адамдар, оның ішінде санитарлық тазалау және жабдық жөндеу кезіндегі жұмыскерлер қатыса алады.
  2. Білім беру объектілерінің қызметкерлері (жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері; бастауыш сынып мұғалімдері, білім беру және балалар мен жасөспірімде тұратын объектілердің тәрбиешілері және олардың көмекшілері; техникалық персонал).
  3. Балаларды сауықтыру (жыл бойы, маусымдық) және санаториялық объектілердің қызметкерлері.
  4. Мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрі (типтері) мен балалар үйлерінің қызметкерлері.
  5. Денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік оңалту объектілерінің қызметкерлері (кіші мейіргерлер; кір жуу орындарының қызметкерлері; тамақ өнімдерін әзірлейтін қызметкерлер).
  6. Жолаушыларға қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер (жолаушылар поездарының жолсеріктері, өзен, теңіз көлігінің және әуе көлігінің бортсеріктері).
  7. Ауыз суды дайындаумен, су құбыры құрылыстары мен желілеріне қызмет көрсетумен тікелей байланысты су құбыры құрылыстары мен желілерінің жұмыскерлері.
  8. Тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы қызметкерлер (моншалар, сауналар, бассейндер, спорттық-сауықтыру ұйымдары, шаштараздар, косметологиялық салондар, кір жуатын орындар, химиялық тазалау орындары, қонақ үйлер, хостелдер).

Еншілес ұйымдар

Серіктестер