astana-view

Мемлекет басшысы «Атамекен» ұсынған бизнеске арналған вакциналау мерзімін ұзартуды қолдады

2021 жылғы 10 Шілде
11251 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес қызметкерлері үшін вакциналаудың белгіленген міндетті мерзімін ұзарту мәселесін бірнеше рет көтерді.

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге назар аударып, Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлердің карантин шектеуі жағдайында жұмыс істеуге құқығының басым екенін атап өтті.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай қиын болып тұр, коронавирус жұқтырғандар саны артып жатыр. Өңірлерде санитар дәрігерлер бизнес субъектілерінің жұмыс режиміне шектеу қойып, жұмыс уақыты қысқарып жатыр, сондай-ақ демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынады.

Мысалы, ШҚО, СҚО-дан басқа өңірлерде бизнес субъектілеріне қатаң шектеу шаралары енгізілді: жұмыс күндері сауда ойын-сауық орталықтары және сауда үйлерінің жұмыс режимі қысқартылды және демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынды. Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасына қатысатын кинотеатрлардың жұмысы толығымен тоқтатылды. Бүгінгі таңда COVID-19 жұқтырғандарды емдеу хаттамалары белгілі, модульдік ауруханалар салынды, дәрі-дәрмек сатып алынды, алайда санитар дәрігерлер бұрынғы тәжірибеге сүйеніп,  короновирус инфекциясын таратпаудың негізгі әдістерінің бірі ретінде бизнестің жұмысын шектейді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес жұмыс істеуінің бір мүмкіндігі ретінде Ashyq жобасына қатысушылар мен вакциналауды белсенді қолдайтын кәсіпкерлерді ынталандыруға қатысты шараларды қарастыруды ұсынады.

Ұлттық палата елдегі коронавирусқа байланысты жағдайға алаңдаушылық білдіре отырып,  Денсаулық сақтау министрлігіне вакциналау мерзімін қайта қарауды және әртүрлі қызмет түрлері мен бизнес санаты үшін кесте жасауды тағы ұсынады. Өйткені 2 миллионнан астам қазақстандық бір уақытта вакцина алуға міндетті болады.

2021 жылғы 16 шілдеден бастап мониторинг топтар кәсіпкерлік нысандағы қызметкерлердің вакцинаның бірінші компонентін салдырғанын тексере бастайды. Ресми тұлғалардың мәліметінше, егер қызметкерлер екпе салдырмаған болса, кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабына сәйкес, 500 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады.

Мониторинг топтардың вакцина салдырған қызметкерлерді тексеру механизмі әлі бекітілмегенін еске саламыз. Қолданыстағы алгоритмге сәйкес, мониторинг топтар нысандарды тек 5 критерий: жұмыс режимі, әлеуметтік қашықтық, маска режимі, келушілер санының лимиті және банкет өткізуге рұқсат бойынша тексере алады.

Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастық тарапынан вакциналауға және күндізгі форматтағы жұмысқа тыйым салуға байланысты көптеген сұрақ туындап отыр:

Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері және базарлардың қызметкерлері мен персоналын қалай тексеруге болады? Бұл нысандарда жалға алушылар жұмыс істейді.

Егер еңбек заңнамасында көзделмеген болса, жұмыс істеуге шектеуді қалай ресімдеуге болады? Қызметкер вакцинадан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші қандай шара қолдануы керек? Жұмыс беруші қызметкерді вакциналауға мәжбүрлей алмайды.

Бизнеске осы сұрақтарға жауап керек және жаңа «белгіленген» міндеттерді орындау үшін уақыт қажет. Санитар дәрігерлер бүкіл вакциналау науқанын бизнеске ысырып тастады. Мемлекеттік органдар енгізілетін нормаларға заң тұрғысынан негіздеме беруі керек, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жүргізуі қажет.

Ashyq жобасына келетін болсақ, Ұлттық палата Ashyq жобасы іске қосылғалы бері кәсіпкерлерге «қызыл» статуспен 5,9 мың адамды және «сары» статуспен 5,7 мың адамды анықтауға көмектескенін атап өтеді. Бұл шара COVID-19 таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек кәсіпкерлер Ұлттық палатаға жүгініп, жобаға ерікті қатысушы ретінде, яғни жоба қатысушыларына арналған жеңілдіктерді қолданбай қосуды сұрайды. 

«Атамекен» Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлер, сондай-ақ вакциналауды белсенді қолдайтын бизнес субъектілері үшін міндетті вакциналаудың орнына олардың қызметін ынталандыру бойынша ұсыныстарды қарауды ұсынады:

- міндетті вакцина мерзімін қайта қарау және кейінге шегеру;

- вакцина салдырған клиенттерге арнап көтермелеу шараларын енгізген кәсіпкерлерді ынталандыру;

- қызметкерлердің (персоналдың) 90%-ына екпе салдырған, Ashyq жобасына қатысатын жұмыс берушілер үшін барлық өңірде жұмыс режимін 3 сағатқа ұзарту, нысанның толымдығын 20%-ға арттыру және демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беруге мүмкіндік беретін «Вакциналаудың көшбасшысы» мәртебесін беруді қарастыру.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер