astana-view

Микроқаржы ұйымынан несие алу: кімге беріледі және шарттары қандай

2021 жылғы 27 Шілде
23915 просмотров

Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) барлық облыс пен аудан орталығында несие алуға өтінім қабылдауды бастады. Кәсібін енді бастап жатқан азаматтар құжаттарын жинап, бірнеше салада несие ала алады.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар микроқаржы ұйымынан жылдық 6% мөлшерлемемен несие рәсімдей алады.

Алайда МҚҰ мынадай несие бермейді:

- тұтынушылық мақсатқа;

- бұрын алған несиеніі өтеу, несие берешегін қайта қаржыландыру;

- жылжымайтын тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алу.

Шағын несиені 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі дейін рәсімдеуге болады. 2021 жылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы 7,2 млн теңге (2,5 мың АЕК), қалалар мен моноқалалар үшін 18,9 млн теңгеге дейін (6,5 мың АЕК), Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында  23,3 млн теңгеге дейін (8 мың АЕК-ке дейін) беріледі.

«Еңбек» бағдарламасына қатысушының микронесие бойынша міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатын комиссия, жарна немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, МҚҰ «Бастау Бизнес» жобасы түлектерінің микронесиесіне байланысты қандай да бір комиссия, жарна  немесе өзге де төлем алынбайды.

«Жол картасы аясында бөлінген қаражат – «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларына арналған және үлкен артықшылық болып отыр. Өңірлік палаталар мен аумақтық филиалдардың желісі несие алушылар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен бизнес бастамасы бар тұлғалардың уақытын үнемдейді. Кеңесшілер өтінім беруге, құжаттар пакетін дайындауға және микроқаржы ұйымының ақпараттық жүйесінде қарыз алушының сауалнамасын толтыруға көмектеседі. Әлеуетті қарыз алушылардың жайлылығын және күрделі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету үшін Палата кеңесшілерімен байланыс уақыты азайтылды және негізгі жұмыс арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүргізілетін болады», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов.

Қаржыландыруға өтініш беру үшін мына құжаттар қажет:

1. Белгіленген нысандағы микронесие беруге өтініш және клиенттің анкетасы.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы кеңесшілер барлық қажетті құралмен қамтамасыз етеді және құжаттарды толтыруға көмектеседі. Өтініш беру процесі барынша автоматтандырылған. Бұл кейбір деректі жинауды жеңілдетеді.

2. Жеке кәсіпкерлікті/заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, elicence.kz интернет порталында жүргізіледі. Ол үшін:

- жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу;

- жеке кабинетте тіркеу туралы талон алу керек.

Сондай-ақ, өңірдегі Мемлекеттік кірістер департаментінде тіркеуге болады. Ол үшін тек жеке куәлік керек.

Жеке кәсіпкерлікті тіркеу қызметі – тегін және тіркеу 1 күнде жүргізіледі.

3. Өтінім берушінің жеке куәлігі.

4. Қарыз алушыға кредиттік бюроның есебі (несие тарихы).

Несиелік өтінімді мақұлдау үшін МҚҰ қызметкері несиелік есепті қарауы керек.

Несиелік есеп – заңды немесе жеке тұлғаның аяқталған және қолданыстағы міндеттемелері туралы ақпаратты қамтитын, сондай-ақ олардың міндеттемелерінің орындауын көрсететін құжат.

Несие есебін egov.kz порталынан мына сілтеме арқылы алуға болады.

5. Банктердің және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің берешек жоқтығы туралы анықтамалары.

Мемлекеттік органдардың анықтамалары қарыз алушының электрондық-цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ), оның ішінде БКБ (Бірінші кредиттік бюро) пайдалана отырып, өтінім берілген жерде онлайн режимде ресімделеді. 
Екінші деңгейдегі банктерден анықтамаларды банктердің кез келген бөлімшесінен алу керек.

6. Кепілмен қамтамасыз етуге арналған құжаттар.

Несиені ресімдеу үшін кепіл мүлкіне құқық белгілейтін құжаттармен, мысалы, мүлікті сатып алу-сату шарты, техникалық паспорт,  жер акті, бағалау туралы тәуелсіз есеп және т.б. ұсыну қажет.

Ескерте кетейік, бизнес түріне байланысты МҚҰ талаптарына сәйкес қосымша құжаттар сұралуы мүмкін.

Егер сіз микроқаржы ұйымы жоқ ауылдық жерде тұрсаңыз, Өңірлік кәсіпкерлер палатасына барып, сол жерде өтінім қалдыруға болады. МҚҰ кеңсесіне барудың қажеті жоқ.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының құралдарын қайта қарау және микроқаржыландыруды дамыту қажеттігі туралы берген тапсырмаларын іске асыру аясында мемлекеттік органдар, ұйымдар және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлескен жұмыс жүргізді.

Бүгінде «Еңбек»  жұмыспен қамту жол картасына сәйкес несиелеу шарттары анықталып, шағын кәсіпкерлікті дамытуға 22,5 млрд теңге бөлінді. Жақын арада бұл қаражат өңірлерге түседі. Сонымен қатар, осы жылдың шілдесінен бастап жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен Микроқаржы ұйымдары несие алуғы өтінімдерді қабылдап жатыр.

Анықтама ретінде:

2021 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» қатысушыларының жобаларын қаржыландыру үшін 22,5 млрд теңге бөлінді.

2016 жылы микроқаржы ұйымдары Маңғыстау, Тараз, Қостанай, 2018 жылы Павлодар және Қарағанды қалаларында жұмыс істеді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын қоспағанда, барлығы 15 МҚҰ ашылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер